Желтоқсанның жетінші жылдығы немесе тарихи шегініс
2017 ж. 20 қараша
2991
1
«Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылы 12 желтоқсан №540 Жарлығын жандандыру бағытында, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 28.12.1993 жылғы № 591-р Өкімі осылай дүниеге келген болатын.
Тәуелсіздікті базбіреулер бере салды, анау-ақ та, мынау-ақ,- деп зуылдап ала жөнелетіндерге, аспаннан аяғы салбырап ешнәрсенің түспейтінін ескерткім келеді. Өкінішке орай осы Өкім Алматы қаласынан басқа жерлерде орындалмай отыр. Атқарушы биліктегілердің құлақтарына алтын сырға.
Желтоқсанның жетінші жылдығы да жақындап қалған кез. Олжас ағамыздың үлкен көмегінің арқасында Виноградова көшесінде бой көтерген "Демократия үйінің" екінші қабатынан «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігіне де бір бөлме бұйырып, сол жерге көшкенімізге де бірталай уақыт болған. Бас қосып отыратын өзіндік бір шаңырақтың болғаны да жұмыстарымыздың реттеліп, алыстан ат арытып келіп жатқан желтоқсандықтарға өзіндік бір күш жігер бергенін несіне жасырайын. Желтоқсандықтардың ғана емес , Қазақстанды мекендеген ұлттар мен ұлыстардың (диаспоралардың) мәдени орталықтары, әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен партиялардың ортақ үйі болған - «Демократия Үйі» , сол заманның қасиеті ерекше ғимараты болып көрінетін. Екінші қабаттағы жиналыс залында күнделікті әртірлі бас қосулар мен қызу айтыс - тартыстар, құзырлы орындардың «елшілері», БАҚ ( камералары мен микрофондарын арқалаған) журналистері мен тілшілерден үзілмейтін.
Қысқасы, нағыз азаматтық қоғам қалыптастырушылардың мекені ... Жігіттер үлкен бас қосуға шақырғаннан кейін «Демократия Үйіне» кешеуілдетіп болса да жеттім-ау, әйтеуір. Кеңсенің алдындағы жігіттермен амандасып , есіктен кіре бергенім сол еді - Уау жақсы келдің сен қай «тізімге» жазыласың, өртенесің бе, әлде кесілесің бе, - деп бірнешеуінің жамырай кеткені. Бұндай тосын сұрақтың мәнісіне алғашында түсінбей, сәл абдырып қалғаным да рас. Сөйтсем, біздің жігіттер кешке болатын бір үлкен акцияға дайындалып қойған көрінеді. «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің сол кездегі төрағасы, марқұм Аманжол ағамызбен Шора екеуі жалпы тізімді түгендеп, 17 желтоқсан күні Алаңда өзін - өзі өртеуге бел буған жеті жігітпен, бүгінгі күні кешке өз -өздеріне қол жұмсайтын жігіттердің тізімін белгілеп қойған екен. Түрлеріне қарасам ешқандай абыржу , болмаса қобалжу белгілері байқалмайды. Алаңда өртенуге бел буған, кебіндерін де дайындап қойған жетеудің бірі Құрманбай досымды шақырып , темекі шегуге далаға алып шықтым. Жіп-жіңішке бола тұра қолындағы темекісін құшырлана ішіне тартқан Құрманбайдың ойына енуге ықшамдалғаным сол еді, ол бойын бірден тіктеп алып:
- Ау достым, сен сезіме сенбей тұрғаның қалай, жігіттермен бірігіп шешіліп қойылған. Болды, тек Дина мен қызыма көзқырыңды дұрыстап салып жүрсең болғаны, ал" Талдыққа " дәмеленбей - ақ қой,- деп қалжыңға бұрғаны. Иә, расымен де жігіттер шешіп қойса, олардың бетін қайтару мүмкін емес те еді. Жігіттердің ауызбіршілігі керемет болатын, әркім өз сөзінің қожайыны және ол үшін жауап та беретін. Екінші қабаттағы жиналыс залына Президент әкімшілігі мен Алматы әкімшілігінен келген қонақтарымыз төртбұрышты дөңгелей жасалган үстелге шен - шенімен жайғаса бастады, іштерінде біздерден бір елі де қалмайтын «құзырлы» орындардың адамдары, өзіміз жақсы танитын майор ағамыз да осында. Жиналысымыз басталып та кетті. Конституциялық Сотқа байланысты жұмыстардың созылып бара жатқандығын естеріне салып, Шахановтың комиссиясында көтерілген көп мәселердің шешімі табылмай, тұңғиыққа тартып бара жатқаны жайлы сөз қозғалды.Талаптарымыз қойылып, орындалмай жатқан жағдайда , 17 желтоқсан күні басты Алаңда жеті жігітіміз жиналған халықтың алдында өздерін өртейтіндігі жөнінде айтылды. Бір сәт жым - жырт, тыныштық орнаған болатын, есік ашылып төрт-бес жігітіміз кіріп келді. Соңғысы есікті дұрыстап жапқан кезде жанына тағы екеу-үшеуі бара бергені сол болатын, ортаға суырылып шыққан үш-төрт жігітіміз:
- Біз сіздермен ойнап отырғанымыз жоқ, болмаса,- деп бірі білектерін жалаңаштай, бірі қарындарын жалаңаштай «лезвиелерімен» өздерінің білектері мен қарындарын осып - осып жібергені , атқылап, шапқылай жөнелген қандарын көргенде, ондайдың талайын көрген менің өзім орнымнан қалай атып тұрғанымды білмеймін, басқа адамдардың жағдайларын өздеріңіз бағалай жатарсыздар...
Залдың іші әп-сәтте иу - қиу, быт - шыт болып кетті. Біреулері терезеге қарай ұмтылса, кейбіреуі есік жаққа лап қойды. Ешкімді ешқайда шығармай жігіттер тұр. Өре түрегелген көпшілікті сабырға шақырып, шарқ ұрып мен жүрмін, әйтеуір," скорый, скорый шақырыңдар!"- деп айқайлап жүргенім есімде. Үсті бастары қан - қан, едендегі қанға тайғанап жығылып жатқандары да бар, бөлменің іші демесеңіз, тура сол 86 ның Алаңы болып кетті...
Көздері шараларынан шығып кеткен кейбірлерін көзіме елестетсем, әлі күнге езуім тартады. Неше минутқа созылғаны қайдам, бір кездерде тыныштыққа қол жеткіздік. Өздеріне қол жұмсағандардың ішінде ер көңіл Қадыр бауырым мен Құттыбегіміз аямай-ақ кескен екен, оларды жедел жәрдем бірден алып кетті, қалғандарына сол жерде «перевязка» жасалып, «скорыйдан» бас тарты. Президен әкімшілігінен Қайырбек Шошанұлы Слейменов ағамыздың ортамызға түсіп, талаптарың орынды, орындаймыз деген уәдесінен кейін, жігіттер сабырға түсіп, 17 желтоқсан 1993 жылы Алаңда ешқандай ың-жыңсыз іс - шарамызды атқарып, бастарын өлімге байлаған жеті жігітіміз де аман қалған болатын. Берген уәделерінде тұрып, көп кешікпей 28 желтоқсан 1993 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің № 591-Р Өкімі шықты. Осыған байланысты арнаулы коммисия құрылып, өз істерін бастап та кеткен болатын...
Өкінішке орай, комисияға жүктелген жұмыстар толығымен орындалмай қалды. Алматы қаласынан басқа жерлерде тұрып жатқан «желтоқсандықтар» (сотталып, толық ақталған қыз - жігіттеріміз ) әлі күнге дейін Өкімде көрсетілген жеңілдіктер мен артықшылықтарға қол жеткізе алмай келеді. Комиссия төрағасы: қазіргі сенатор - Қуаныш Сұлтанов болатын.
Құрманғазы Рахметов, Фейсбук парақшасынан