ІІМ Тоқмәдидің сенсациялық мәлімдемесіне орай тексеру жұмыстарын жүргізеді
2017 ж. 25 қазан
2551
10
ҚР Ішкі істер министрлігі Мұратхан Тоқмәдидің сенсациялық мәлімдемесіне байланысты арнайы тексеру жұмыстарын жүргізетін болады. Бұл жайында ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұған дейін Мұратхан Тоқмәди аталған факті бойынша Ішкі істер министрлігіне жүгінген емес. Ержан Артықбаев 2010 жылы ІІМ Тергеу комитетінің Әскери-тергеу басқармасы бөлімінің бастығы лауазымында зейнетке шығып, ішкі істер органдарынан босатылды. Ағымдағы жылдың 24 қазанындағы М.Тоқмәдидің БАҚ-тағы мәлімдемесіне орай ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті өзге де құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, сәйкесінше тексеру жүргізетін болады», - деді Алмас Садубаев.
Айта кетсек, «КТК» телеарнасы әзірлеген «Звали его Мурка» деп аталатын фильмнің екінші бөлігінде сотталған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди «Тұранәлем банкінің» бұрынғы басшысы Ержан Тәтішовті қашқын бизнесмен Мұхтар Әбіләзовтің тапсырысы бойынша өлтіргендігін мойындаған еді.
«Қылмыстық істі Ержан Артықбаев басшылық жасаған ҚР ІІМ-нің жедел тергеу тобына берді. Одан маған түзу ниет танытуға, тұтқындау түрінде шара қолданбауға және тергеу барысында көмек көрсетуге көндіруге тырыстым. Ол үшін Артықбаевқа хатқалтаға салынған ақша қаражатын бердім. Меніңше, 20 мың доллар», - деген еді фильм барысында М.Тоқмәди.