Министр Қытайда қысым көрген қазақтардың мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты
2017 ж. 23 қазан
6031
22
Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытайда қиындыққа тап болған қазақтардың мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жуырда өткен қазақтардың құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы істер министрлігіне, басқа тиісті ведомстволарға мәселеле көтерілсе, оны егжей-тегжей екі жақты қарастыру жөнінде нақты тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау барысында бізге ресми түрде мәлімет түссе, міндетті түрде Қытай тарапымен, олардың сыртқы істер министрлігі, басқа да мекемелердегі әріптестерімізбен мәселені көтереміз. Қазақ диаспорасының шетелдегі мүдделері мен құқықтарын қорғау — бұл біздің тікелей міндетіміз", — деді бүгін сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов тілшілердің сұрағына берген жауабында.
Ол Қытаймен ресми үкіметаралық деңгейде қарқынды диалог орнағанын атап өтті. Айтуынша, екі жақты келіссөздер барысында барлық мәселелер талқыланады.
"Құрылтай қорытындысы бойынша Қытайдағы қазақтар, оның ішінде ұйғыр автономдық өңірінде Синьцзяньда ресми құжаттар алу, шекараны кесіп өту үшін төлқұжат алу бойынша қиындықтар көріп отырғанын анықтадық. Қытайда мемлекеттік қызметтегі қазақтар төлқұжат ала алмай қиналып жүр. Осы мәселелердің бәрін егжей-тегжей зерделеп, саралап, қытайлық әріптестерімізбен талқылап жатырмыз", — деп мәлім етті министр.
Министр екі жақты келіссөздердің күн тәртібін толық аша алмайтынын айтты.