Қаринге жауап берген Путин Қазақстанға алғысын айтты
2017 ж. 20 қазан
2469
1
Сочиде өткен «Валдай» халықаралық дискуссиялық клубының отырысы барысында Қазақстанның Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің төрағасы Ерлан Қарин РФ басшысы Владимир Путиннен Сириядағы ахуалды реттеу бойынша Астана процесінің аралық нәтижелері жөнінде сұрақ қойды. Бұдан кейінгі басқа сұрақ қоюшылар да осы сұрақтан туындаған сұраулар төңірегінде жалғасты.
«Сізбен өткен жылғы кездесуіміз Сириядағы ахуал, Алеппо айналасындағы жағдайға қатысты өтті. Биылғы жылдың басында Сириядағы ахуалды реттеу бойынша Астана процесі іске қосылды. Алғаш рет Қазақстан елордасы - Астанада қарсы күресуші әртүрлі тараптардың, сондай-ақ аталмыш процестің кепілгер елдері - Ресей, Түркия және Иранның өкілдері келіссөздер үстеліне отырды. Келіссөздердің бірнеше раунды өтті, құжаттар қабылданды. Астана процесінің аралық нәтижелеріне қандай баға берер едіңіз? Және тағы бір мәселе, қазір Таяу Шығыстағы дағдарыс жаңа реңк алып отырғанын көріп отырмыз. Мен өзіңіз атап өткен Солтүстік Ирактағы күрдтердің референдумы, Керкуктегі әскери операция және жалпы Сириядағы әскери ахуалдың өзгеруі турасында айтып отырмын. Сирия дағдарысын реттеу келешегі қандай және Таяу Шығыстағы жалпы ахуалды қалай бағалайсыз?», - деді Ерлан Қарин.
«Сириялық реттеу және Астана процесіне қатысты айтар болсам, ең алдымен, Қазақстанға және Президент Назарбаевқа бізге және осы процестің өзге қатысушыларына Астана алаңын ұсынғаны үшін алғысымды білдіремін. Қазақстан жай ғана бас қосатын жер емес. Ол - өте қолайлы алаң. Мен мұнда Қазақстанның бейтарап позициясын, Қазақстанның бұл аймақтың қандай да бір ішкі шиеленістеріне ешқашан араласпағанын, керісінше, беделді бітімгер болып табылатынын айтып отырмын. Айта кетейін, Президент Назарбаев барлық шиеленісуші және бітімге келуші тараптарды келіссөздер үстелінің басында ұстап қалу үшін белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алған кездер де болған. Сол үшін алғысымыз шексіз. Астана процесінің бет алысы оң, әрине, проблемалар да жоқ емес. Бірақ жалпы - позитивті», - деп жауап қайырды Владимир Путин.
Сондай-ақ Ресей басшысы Сирия бойынша ең маңызды мәселеге - қантөгісті тоқтатуға қол жеткізу мүмкін болғанын атап өтті.
«Түркия, Иран және Сирия үкіметінің ұстанымының арқасында өзекті мәселелер бойынша позицияларды жақындастыруға мүмкін болды, бұл - қантөгісті тоқтату. Сондай-ақ деэскалация аймақтарын құру, бұл - Сирия бойынша соңғы екі жылдағы жұмыстардың, соның ішінде Астана процесінің басты жетістігі. Айта кетейін, Астанадағы келіссөздерге қатыспайтын, бірақ қашықтан қатысып отырған және болып жатқан процестерге ықпал ететін өзге елдер де, соның ішінде АҚШ айтарлықтай үлестерін қосуда. Біз америкалық әріптестермен бұл мәселе бойынша өзара қарым-қатынастамыз. Олар тұрақты, бірақ оңай емес, пікірталастар да болып тұрады. Дегенмен, бұл ықпалдастықтың негативтен бұрын, позитивті тұстары көп. Осы уақытқа дейін біз көп мәселе бойынша бір мәмілеге қол жеткізіп келдік, соның ішінде Израиль мен Иордания мемлекеттерінің мүдделері бар деэскалацияның оңтүстік аймағы бойынша. Әрине, бұл процеске Сауд Арабиясы, Мысыр, Иордания, Катар және шағын, бірақ маңызы жоғары көптеген өзге елдердің оң ықпалы тиіп отыр», - деді ол.
Аталмыш мәселе бойынша перспективаларға тоқталған В.Путин, жақын уақытта бұл аймақта лаңкестердің көзі жойылатынын айтты. Сонымен қатар, деэскалация аймақтарын құрудан кейін келесі кезеңге өту көзделіп отырғанын жеткізді.
«Барлық этникалық және діни топтар, үкімет пен оппозиция қатысу үшін Сирия халқының конгресін құру идеясы бар. Бұл саяси реттеудің келесі маңызды қадамы болар еді», - деп түйді РФ Президенті.