Қытайда XIX құрылтайдан кейін біртұтас «қытайлық ұлт» жасалуы мүмкін
2017 ж. 17 қазан
2644
6
Қазақстанға көршілес елдерде ауқымды саяси өзгерістер рет-ретімен болып жатыр. Жылға жуық уақыт бұрын Өзбекстанда жаңа президент билікке келіп, елде бірқатар реформалардың қадамдарын жасады. Кеше ғана қырғыз елінде бесінші президенттерін сайлау науқаны болып өтті. Каспийдің оңтүстігінде жатқан Иран да президент сайлауы болып өтті. Біршама дипломатиялық келісімге жақын саналатын Хасан Рухани билігін сақтап қалғанымен АҚШ-пен болған қарым-қатынасы қайталай шиеленістерге ұласып барады. Сонымен бірге солтүстік іргеміздегі орыстар да АҚШ және НАТО елдерімен араздығы барған сайын күшейіп келеді.
Міне, осы өзгерістерге қосымша ретінде, енді шығыс көршіміз Қытайда да ауқымды саяси өзгеріс болғалы отыр. Бұл туралы qazaqtimes хабарлайды.
Екі күннен кейін Қытайдың биліктегі партиясы ҚКП-ның (Қытай Коммунистік Партиясы) XIX кезекті құрылтайы өтеді. Бұл құрылтай туралы әлем ақпарат құралдарынан жеткен хабарға және сарапшылар болжамына сүйенер болсақ, қазіргі Қытай басшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин/Xi Jinping) осы жолы партия жарғысына өзгерістер енгізбек. Бұл дегеніміз Ши Жинпиң ҚКП тарихындағы ықпалды тұлға ретінде, тарихи орны бекемделеді дегенді білдіреді. Ал, ол партия жарғысына өзгеріс енгізсе, онда ол жетекшілік еткен ҚКП Қытайдың алдағы саяси бағытында аз болмаған өзгерістерге бастайтыны даусыз.
АҚШ басылымдары жариялаған сарапшылардың пікіріне қарағанда, Ши Жинпиң алдағы құрылтай кезінде партия жетекшісінің өкілетті мерзімін 10 жылдан да көбірек етіп өзгертуі мүмкін екен. Яғни, 2022 жылға дейінгі өкілетті мерзімін тағы бес жылға ұзартуы мүмкін. Демек, Қытайдың қазіргі басшысы тағы он жыл тақта отыруға күш салады.
Осыған дейін Шидің жасаған қадамдарын саралай қарайтын болсақ, ол Қытай билігіне үлкен тазарту жүргізгені шын. Бірақ ол Қытайдың саясатын түбегейлі жаңалаған жоқ. Ол билікке келуден бұрын да шетелдік сарапшылар оның билікте үлкен реформа жасайтынын айтқан еді. Бірақ, қазірге дейін Ши Жинпиң партия мен үкіметтегі жемқорлыққа қарсы күреспен ғана шектеліп келді. Сыртқы саясатта батыл бірнеше қадамдарды жасады. Ал, оның жақындағы қадамдарына қарайтын болсақ, түбегейлі саяси реформаға енді ғана толықтай дайындалып болғанын байқау қиын емес. Ел іші-сыртындағы беделі қалыптасып болған Ши ендігі жерде ел ішіндегі реформаға басымдық беруге толық қабілетті. Олай болса Ши Жинпиң құрылтайдан кейін қандай саяси өзгерістер жасауы мүмкін?
Ең алдымен Қытай территориялық тұтастық пен бекемдікті нығайтады. Бұл жағында алдағы уақытта Тайуан (Тайвань), Гонконг, Тибет, Шынжаң секілді автономияларға қаратқан саясаты біршама қатаңдай түсуі бек мүмкін. Себебі, Қытай қазір АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сынды одақтастардың қысымына белгілі дәрежеде ұшырап отыр. Солтүстік Корея мәселесінде немесе Оңтүстік теңіздегі иелік құқық мәселесінде , АҚШ-пен одақтасқан Жапония және Оңтүстік Корея қатарлы елдер бұл алаңдарда Қытайға оңай бәс бермей келеді. Оған қоса Қытай мен Үндістан арасындағы шекаралық даулар да соңғы жылдары тың деңгейге көтерілді.
Бұл «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын ортаға қойып әлемге қанат қаққалы отырған Қытай үшін үлкен қауіп. Ал, осы қауіптерде ұпайы түгел болу үшін ол ішкі тұтастықты барынша бекемдей түседі. Бұдан өзге жетекші партия жарғысының өзгеруіне сай, партия құрылымы да жаңаруы мүмкін. Ши Жинпиң біріңғай сенімді біршама жас буынды билікке тарта отырып, өзінің ұзақ мерзімді реформасын ішкі клан аралық тартыстан қорғауға тырысады. Ішке қатаң, сыртқа салқын позиция ұстануы да ғажап емес. Осы айтылғандардан тыс сыртқы саясатта да қандай да болмасын жаңалықтар алып келетіні шын. Дегенмен, оны нақты болжап айту қиын. Десе де біз оның ішкі тұтастықты бекемдеу үшін жасайтын қадамдарының ондағы ұлттардың теңдігіне үлкен қатер төндіретінін байқай аламыз. Ішкі тұтастықты желеу ете отырып, ендігі жерде Қытай билігі «қытайлық ұлт» жасауға табандап тұрып кіріседі. Бұнысы көп жылғы стратегиялық саясатында да белгілі болып келе жатқан еді.
Бұл «қытайлық ұлт» немесе «қытайластыру» саясаты Ішкі Қытайда оңай жүргізіледі. Себебі, онда көп санды хан ұлтымен араласқан аз ұлттар онсызда бұл процестің жүруіне әзір тұр деуге болады. Алайда, Тибет, Моңғол және Шынжаң сынды автономиялы ұлттық аймақтарда бұл қайшылықтарға ұласады. Онсызда қазір Қытай үкіметінің Шынжаң жерінде жүргізіп отырған саясаты демократия мен халық теңдігін жақтаушы елдерді қатты алаңдатуда. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес желеуімен асыра жүргізілген жаныштау саясаты, алдағы құрылтайдан кейін жалпы сипат алып, барлық ұлттарға бағытталуы да әбден мүмкін.
Бейресми деректерге қарағанда қазір Қытайда аз санды ұлттардың тіліндегі мектеп оқулықтарын басып шығару біртұтас тоқтатылған. Бәріне біртұтас бір тілде білім беру ісі қолға алынғалы отыр. Бұл әсіресе Шынжаңға бағытталған саясаттың салқын райы. «Қытайлық ұлт» жасаудың басты қадамы. Ендігі жерде азаматтық жеке куәліктер де «Қытай азаматы» деп тіркеліп, ұлттарға бөліп қарау да толығымен жойылуы күтіп тұр. Бағамдай қарасақ, бұл қадамға бару Қытай үшін әлі де ерте.
Дегенмен, Қытай билігі күн сайын күшейіп келе жатқан ішкі-сыртқы қайшылықтар мен шиеленістерден алаңдап отыр. Сондықтан, «қауіпті», «күмәнді» тибет, ұйғыр автономияларына барынша жеделдетілген жаныштау қадамын жасауға ниетті. XIX құрылтайдан кейін билікті толықтай өзіне шоғырландырған Ши ішкі-сыртқы саясаттың барлық бағыттарында Орталық үкіметтің пәрменімен реформа жасайтын болса, Қытай топырағында «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» боларында дау жоқ. Әскери, әкімшілік, саяси биліктері нығайған Шидің қаһары ондағы ұлттарға түсіп жатса, әлемдегі аз қазақтың 2 миллионға жуығы көз алдымызда құрдымға кетпек. Қазірде наным-сенім бостандығы мен кісі құқықтары тапталып отырған олар, алдағы құрылтайдан кейін ресми Бейжіңнің түбегейлі реформалауына ұшырайтыны анық.
Ал сыртқы саясатта нақты қандай жаңалықтар болатыны туралы анық болжам айту қиын. Қытай дипломатиялық қатынастарының түрі көп болғандықтан да, оның Орталық Азияға қаратқан сыртқы саясатын бөліп талдауға тура келеді. Мейлі қалай болса да қазіргі жағдайдан алып қарағанда Қытай үшін Орталық Азия елдері маңызды стратегиялық аймақ ретінде қарастырылады.
Бірақ, мүдделігі артқан сайын қуатты қарулы күштерінің айбарымен, экономикасының салмағымен қорқытып, тырнағын батырмасына да кім кепіл?! Ұлт пен ел тұрғысынан шығыс іргедегі бұл өзгерістердің лебіне де сәл қарамай, сақ құлақты тіге жүргеніміз оң болмақ.