Билікті күшпен басып алмақ болған депутат ұсталды
2017 ж. 01 қазан
3699
1
Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Жогорку Кенеш депутаты Қанатбек Исаев пен бірнеше адамды бас прокуратура қозғаған қылмыстық іс аясында ұстады деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі. Депутат Исаевты 30 қыркүйекте ұстаған.
"Қылмыстық іс материалдары бойынша, президенттікке кандидат Өмірбек Бабановтың белсенді жақтасы Қанатбек Исаев ұйымдасқан қылмыстық топтардың өкілдерімен сөз байласып, Қырғызстан президенті сайлауы кезінде және одан кейін жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және кейін билікті күшпен басып алу мақсатымен жастарды, соған қоса ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін іріктеп, ақша беріп, дайындаған, оларды дауыс беру нәтижесі бұрмаланды дегенді желеу етіп заңсыз акцияларға пайдаланбақшы болған", - деп хабарлаған Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Бұған дейін Қырғызстан бас прокуратурасы Қанатбек Исаевтың үстінен "қылмысқа дайындалу", "жаппай тәртіпсіздік" және "билікті заңсыз күшпен басып алу немесе билікті күшпен ұстап тұру" деген баптар бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлаған.
Шілде айында Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті депутаттың үстінен коррупция айыбы бойынша қозғалған басқа бір істі тергеуді аяқтап, материалдарын Бішкектің Бірінші май аудандық сотына тапсырған. Тергеу болжамы бойынша, Токмак қаласының әкімі болып тұрғанда Исаев жалпы пайдаланудағы муниципалдық жер телімін сауда орталығын салу үшін жеке компанияға заңсыз берген.
Мамыр айының соңында депутат Исаевқа тағы бір айып тағылған – ол Токмоктағы мемлекеттік кітапхананың ғимаратын жер телімімен қоса арзан бағаға жеке меншікке заңсыз сатып жіберген деген күдікке іліккен. Тергеу орындары екі істі бір қылмыстық іс өндірісіне біріктірген.
Жогорку Кенештегі "Қырғызстан" фракциясы биыл шілде айында өз жетекшісі Қанатбек Исаевты ел президенттігіне кандидаттыққа ұсынған. Бірақ депутат Орталық сайлау комиссиясы оны кандидат ретінде ресми тіркеуі үшін қажетті 30 мың қолды жинай алмаған.
Қыркүйектің ортасында "Қырғызстан" фракциясы президент сайлауында Қырғызстан социал-демократиялық партиясынан ұсынылған кандидат Сооронбай Жээнбековтің кандидатурасына қолдау білдіретіні туралы мәлімдеген. Алайда фракция мүшесі Қанатбек Исаев президенттікке "Республика-Ата Жұрт" партиясынан ұсынылған кандидат Өмірбек Бабановты қолдау шараларына бірнеше рет қатысқан.