Божконың бастамасы ЗАҢҒА ҚАЙШЫ
2017 ж. 18 қыркүйек
3908
31
Мәжілістің вице-төрағасы Владимир Божко «біртүрлі» бастама көтерді. Бастама болғанда да, "ауыл-ауылдан күнкөрістің қамымен қалаға ағылған жұрт көшін тоқтату керек" деп сөйледі.
Бұл былай болды. «Тоз-тозы шыққан ауылдан қалаға қашып келіп, мұнда лайықты деңгейде жағдай жасай алмаған, наразы жастар – Қазақстанның тыныштығына қауіп келтіреді» деді Божко (Озлобленность сельской молодежи, уезжающей в города из депрессивных аулов и не встречающей на новом месте достойных условий, угрожает стабильности в Казахстане).
Сөйтті де, өткенде Астанада болған қазақ-үнді жұмысшыларының арасындағы қақтығысты мысал етті. «Абу-Даби Плазада» болған дауда ауыл жастары әлеуметтік желідегі провокациялық материалдарға еріп, әйдік шаһардың әйнек көшелерінде шеп құрды" деп сөкті. "Бұл істе радикализм мен экстремизмнің, наразылық пен өшпенділіктің исі ақтып тұр" деп айыптады.
Бұған қоса, бірнеше жыл бұрын Астанадағы «Артем» базарында болған төбелесті де тілге тиек етті.
Сонымен, Мәжілістің вице-төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Владимир Карпович Божконың бұл айтқандарынан не ұқтық? Астанадағы жұмысшылар дауына кінәлі – күнкөріс қамымен қалаға келген ауыл жастары екен. Иә, айлығының аздығына, жатар жерінің жоқтығына ашынған ауыл жастары, Божконың тілімен айтсақ, ішкі еңбек мигранттары кінәлі.
Сондықтан, ауылдан жұмыс іздеп келетін жастардың жолын тосып, көшін тоқтату керек деп төтесін айтты. Мұны басқа-басқа емес, депутат айтты. Депутат болғанда да Мәжіліс төрағасының орынбасары айтты.
Владимир Карпович сөзін түйіндей келе, жастарды ауылдан қашырмай ұстап отыру үшін ауылда жағдай жасау керек дегенді қосып қойды.
Қазақстан Тәуелсіздік алып, өз түтінін өзі түтетіп отырғанына 26 жыл толды. Ауылдар мен елді-мекендерді айтпағанда моноқалалардың өзі мегаполситердің көлеңкесінде қаңтарылып тұрғаны жасырын емес.
Божко мырза ауылды абаттандыру, инфрақұрылымдарды жаңарту керек дегенді бейсауат жеткізді деп ақтасақ та, ауылдағы ағайынның көшін, урбанизацияны тоқтатамыз деуі – утопия, дискриминация.
Ал сарапшылар не дейді? Божко неге бұлай айтты? Бұл адам құқығын шектеу емес пе?
Еш қисынға сыймайтын, еш жөнге келмейтін сөз айтып отыр
Айдос Сарым,
саясаттанушы:
- Депутат Владимир Божконың осы сөзін естігенде бірінші кезекте Желтоқсаннан кейін Алматыда пленум өткізген Орталық Комитеттің хатшысы Соломенцевтің сөздері еске түсті. Естеріңізде болса, осы кісі: "Как вы допустили, что казахов стало 12 процентов?" дегендей əңгіме айтқан болатын.
Екіншіден депутаттың бұл сөзі оның кещелігі мен білімінің таяздығын білдіреді. Урбанизация - əлемдік үдеріс. Одан сырт қалу, сол үдерісті ұқпау - барып тұрған кертартпалық, ақымықтық.
Мен Божконың сыралас досы, не болмаса психотерапевті емеспін. Нақты не ойлап, не айтқысы келгенін дөп басып айта алмаймын. Бірақ, еш қисынға сыймайтын, еш жөнге келмейтін сөз айтып отыр. Адам құқы, жастар таңдауы, өмір салты дегенді мүлдем айтпай-ақ қоялық. Бұл категорияны бұл кісі мүлдем ұқпайтын сыңайлы. Өткенде бір айтып едім: Əбу-Даби плаза астаналықтар үшін шок болды деп. Содан əлі айыға алмай отырған сыңайлы бұл көсем.
Урбанизацияны еш бiр мемлекет жеңген жоқ
Арман Сқабылұлы,
Ақжол Партиясы Орталық Кеңесінің хатшысы, журналист:
- Бұл кiсi ғаламдық үрдiстерді мүлде түсiнбей отыр. "Ауыл жастарын қалаға келтірмеу керек" деген сыңайдағы бұл жолғы айтқаны урбанизацияға ашық қарсы шыққандық. Бұл енді барып тұрған сауатсыздық демеске шарам жоқ. Себебі, одан жеңілдетіп не айтуға болады? Урбанизацияны еш бiр мемлекет жеңген жоқ - Америка болсын, Еуропа болсын, Қытай немесе Ресей де.
Біз заманауи, дамыған экономика құрайық деп отырмыз. Ал кез келген дамыған мемлекетте экономика қалалық өндіріске негізделген. Мысалы, ауылшаруашылық технологиялардың арқасында ауыл тұрғындарының 10% -ы қала тұрғындарының 90%-ын азык-түлiкпен, шикізатпен толық қамтып отыр.
Қала тұрғындарының саны артуы қалыпты құбылыс. Оның екі жолы болады. Бірі - табиғи өсім. Яғни, туу көрсеткіші арқылы. Екіншісі – ішкі миграция. Яғни, Божко айтып отырған ауылдың жұмыссыз жастары сол екінші категория арқылы урбанизацияланып жатыр. Қарапайым ғана осы процессті түсінбеуі, оны қабылдамауы – кертетпалық емей немене?
Және бір айта кететін факт - бiздiң селолық тұрғындардың саны қазіргідей 8 миллион емес, 2 миллионға дейін қысқарады. Яғни, осы 6 миллион жасты біз ауылда емес, қалада баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек.
Естеріңізде болса, «Abai.kz» сайтының редакторы Нұргелді Әбдіғани мен Ақжол Партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мырза дәл осы мәселені, ауылдан ағылған баспанасыз жастардың жанайқайын жатақхана салу арқылы шешуді ұсынған болатын. Орытілді БАҚ бұл бастаманы күлкіге айналдырды. Иә, аш бала тоқ баламен ойнамайды.
Және бір ескере кететін жайт – ауылдан нан тауып жесек деп қалаға ағылған жастардың дені қазақ жастары. Ал, мына Абу-Даби Плазадағы оқиға баршамызға ащы сабақ болды.
Бұл Конституциялық құқықты бұзу
Абзал Құспан,
заңгер:
- Депутат Владимир Божконың "ауыл жастарын қалаға кіргізбей тұру керек, миграцияны тежеу керек" деген сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Мен заңгер ретінде айтарым, Божко мырзаның бұл бастамасы заң қайшы. Керек десеңіз, барып тұрған дискриминация. Яғни, адам құқығын шектеу. Қазақстан азаматтарының, соның ішінде ауылдық жерде тұратын азаматтардың Конституциялық құқығын бұзу болып табылады.
Оған мына баптар дәлел бола алады. 14 бапта: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп анық жазылған. Яғни, ауыл жастарын қалаға кіргізбеу – тұрғылықты жеріне байланысты алалау емес деп кім айта алады? Тіпті, ауыл жастарының дені қазақ ұлтының өкілдері екенін (Абу-Даби Плазадағы дауда көшеге шыққан азаматтар қазақтар еді – реж.) ескерсек, бұл жерде ұлтына қатысты да кемсіту бар. Бұл Конституцияны бұзу екені анық.
Одан қалса, 21-бап бар. Соның 1- тармағында: «Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар» деп жазылған. Сонда Божко мырза неге сүйеніп ауыл жастарын, қазақ жастарын қалаға кіргізбеу керек дейді? Түсініксіз? Анығында сауатсыздық.
Дайындаған Нұргелді Әдіғаниұлы
Abai.kz