Моңғол президентінің кеңесшісі – қазақ жігіті
2017 ж. 13 қыркүйек
2955
1
Моңғолиялық Жандос Шәріпұлы көппартиялы жүйенің арқасында сол елдегі саясатқа араласқанын айтады. "Бұл қызметке қарым-қабілетіме байланысты ие болдым" дейді ол Азаттыққа берген сұхбатында.
Моңғолияда тұратын этникалық қазақ Жандос Шәріпұлы жуықта сол ел президенті Халтмаагийн Баттулганың кеңесшісі болып тағайындалды. 1984 жылы Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген Жандос Моңғолияның мемлекеттік жоғарғы оқу орнын әлеуметтанушы мамандығы бойынша бітірген.
- Қандай да бір жетістікке жету сол адамның саяси белсенділігі мен жұмысқа деген қабілетіне байланысты ғой. Біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мұнда барлық нәрсе бәсеке. Мәселен, кім артық біледі, кім тәжірибелі, кім жақсы істей алады – сол адам озатын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сонымен қатар біз – Моңғолия мемлекетінде ұсақ ұлттардың біріміз. Бірақ ұсақ ұлттың да қоғамдық белсенділігі болу керек. Қоғамның әрбір саласында ерекше қызмет ету арқылы өзімізді көрсетіп, мойындатуымыз керек. Менің өсуіме бұдан басқа осындағы аз ғана қазақтың қолдауы, ыстық ықыласы [сеп] болды. Оның үстіне өзімнің жеке басымның мүмкіндіктері де жетістікке жетуіме себеп болды, - дейді Ж. Шәріпұлы.