Бердібек Сапарбаев: Егер білім саласында тамыр-таныстық болса, онда біткеніміз
2017 ж. 29 тамыз
3375
21
Бүгін Шығармашылық академиясында білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Жиында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев білім саласындағы тамыр-таныстықты жою керектігін айтты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.
«Физика-математика бағытындағы 100 орындық мектеп-интернатының құрылысы жүріп жатыр. Ол жерде тек қала балалары оқымауы керек, ауылдың балалары да білім алуы керек. Халықтың жартысы ауылда тұрады. Мемлекет басшысының берген тапсырмасы бар. Ауыл мен қала баласының білімдері бірдей болуы керек. Байқау өткізу қажеттігі жөнінде білім басқармасына айтқан едім. Ол жерге балалар тамыр-таныстық арқылы бармау керек. Егер білім саласында тамыр-таныстық болса, онда біткеніміз, болашағымыз болмайды. Білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласында тамыр-таныстық болмау керек», — деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ, облыс әкімі Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебі мен өзге білім ордалары арасында дұрыс байланыс жоқтығын алға тартты.
«Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін, мүмкіндігін дұрыс пайдаланбаймыз. Бұл мектепті құрудың мақсаты да сол — тәжірибесін басқа мектептерге тарату. Тек соны ұйымдастыра білу керек», — деді ол.