Жампозовтың жанкештілікке баруы – сот пен прокуратурадағы бассыздықтың айқын көрінісі - Гүлбаxрам Жүніс
2017 ж. 22 шілде
3526
10
Прокуратура мен ІІБ қызметкерлеріне оқ атқан Өмірбек Жампозовтың әрекеті қоғамда қызу талқылануда. "Желтоқсан қарлығаштары" ұйымының төрайымы, қоғам белсендісі Гүлбахрам Жүніс бұл жантүршігерлік әрекетке прокуратура кінәлі деп санайды.
Бұл туралы ол abai.kz порталына берген сұхбатында айтты.
- Түсінген адамға бұл үлкен сабақ. Өмірбек Жампозов дейтін азамат бекерден-бекер өзін өлтірмейді. Жын соққандай барып, полицей мен прокуратура қызметкерін атып тастамайды. Оған себеп болды. Тергеу әділетсіз жүргізілген болуы мүмкін.
Өкінішке орай біздің елде бұл бірінші рет орын алып отырған жоқ. Тараздағы жап-жас бала өзін өртеп жібергені әлі есімізде. Сондағы іздегені әділет. Ал сол әділет біздің билік жүйесінде бар ма? Жоқ. Болса, бұлай адам өлмес еді, оқ атылмас еді.
Біздің құқық қорғау органдары ақтан қара, қарадан ақ жасайтындай құзыретті. Прокуратураның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, қазір. Өтірік деңізші. Дей алмайсыз. Бұл бассыздықтың шегіне жете қабыл болғанымыздың тағы бір көрінісі.
Мен Желтоқсан оқиғасы кезінде сотталдым. Сізге айтайын, ол кездің өзінде тәртіп болған. Қазір ғой, қысым күшейіп, бас бермей кеткені.
Мен Тәуелсіздік алғаннан кейін де 23 рет қамалдым. Теңге мәселесі, тіл мәселесі, жастар мәселесі т.б. Бізде тергеудің қалай жүргізілетінін жақсы білемін.
Өмірбек Жампозовтың жанкештілікке баруы – басқа басқа емес, Сот жүйесіндегі, прокуратурадағы бассыздықтың айқын көрінісі. Енді, Жампозовтан кейін, арандары ашылғандар шамалы тыйылса ғой. Бұл синдром. Шара қолданылмаса, әрі қарай асқына береді.