"Петропавл", "Павлодар" Конституциясының талабына қайшы атау
2017 ж. 19 маусым
3642
8
Патшалық Ресей империясы мен тоталитарлық Кеңес саясаты ғасырлар бойы халқымызды бодандандырып жоюды жүзеге асыру мақсатында елді мекендеріміздің атауларын кең көлемде бөгде тілде белгілеп, атағандары айдан айқын. Әрине, бодандандыру саясатының бізге жағымсыз белгілері мен сарқыншақтары мүлдем жойылса тәуелсіздіктің туы астында шынайы әділеттілік үстем құратын болар еді.
Петропавл, Павлодар қалаларының атын құрап тұрған «Петр мен Павел» христиан дінінің алғашқы уағыздаушы-таратушылары, кейініректе олар әулиелер болып танылған. Бұл қалалардың қазіргі атауы төл халқымызды қорлап қана тұрған жоқ, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Конституциясының талабына қайшы.
Ата Заңымыздың 1-бабының 1-тармағында былай деп атап көрсетілген: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады». «Зайырлы мемлекет» деген түсінік – мемлекеттік ресми діннің жоқтығын, діни мекемелер мен дін ұстау құқығы мемлекеттен бөлек болатындығын, өз тарапынан ешқандай дінді халыққа күштеп таңбайтынын анықтаған. Дүниежүзінде зайырлы, озық, өркениетті мемлекеттер «секуляризм» саясатын – қоғамның және жеке адамның діннің тікелей ықпалынан арылуы саясатын ұстанады.
Сондықтан Қазақстанда христиан дінін уағыздаушыларға ашықтан-ашық мемлекет тізе бүгіп табынып, еліміздегі облыстарымыздың орталықтарының атауын бұрынғыдай қалдыру Ата Заңға қайшы.
Егер мұсылман дінін ұстаушылар қандай да бір қаланы Аллаһшаһар, Мұхаммедқала деп атаса, өзге дінді ұстанатындар қарсы болуы мүмкін. Ата Заңның 20-бабының 3-тармағында (арнайы орысша мәтінін беруді жөн көрдім): «Не допускается пропаганда или агитация… религиозного превосходства…» (…діни…астамшылықты…насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.» ) делінген. Ал енді бұл атаулар Қазақстанның жай қалалары емес, батпандай бір-бір облыс орталықтарының атауы болып тұрса, олар христиан дінінің «астамшылығын» көрсетпей ме?! Сол себепті бұл атаулардың орын алуы – қатардағы заңдарға емес, тәуелсіз мемлекетіміздің басты заңы – Конституциямыздың талаптарын мойындамай тұр деген сөз.
Ал енді Ресей Федерациясының Конституциясы «зайырлы» деген түсінікті былайша анықтаған: «Никакая религия не может устанавливаться в качестве государственной или обязательной. Религиозные объединения отделены от государства и равны перед законом» (қазақша ресми емес аударма нұсқасы: Ешқандай да дін мемлекеттік немесе міндетті болып есептелмейді. Діни ұйымдар мемлекеттен бөлек және заң алдында бәрі тең болып танылады). Сонымен әртүрлі діндердің құқықтары бірдей және заң алдында тең тарапта болса, неліктен христиан дініне қатысты саясат бөлек болуы тиіс?
Сондықтан елімізде заңдалықты шынайы орнықтыру дегеніміз – әділеттілікке жүгіну. Аталған заң бұзушылықты жою үшін беделді қоғамдық не діни ұйым сотқа шағымдану арқылы заңды шешімін табуға болады. Республикамызда 4 мыңнан астам діни ұйымдар тіркелген екен, оның 2337-сі исламдық, 281-і православтық, 82-сі католиктік, 1189-ы протестанттық діни ұйымдар. Қарасаңыз, ислам дінін ұстанғандар басым көпшілігін құрап тұр. Соған қарамай христиан дінін ұстаушылар өздерінің дінін жоғары қоятын тәрізді. Бұл заң талабын бұзушылық деп танылу керек. ҚР Конституциясының 83-бабында «Прокуратура мемлекет атынан …заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады» делінген. Демек, прокуратура органдары бұл орайда заңдылықтың сақталуын қатаң қадағалауға алуы тиіс.
Нақыпбек Сәдуақасов, заңгер, байырғы прокуратура кызметкері
Abai.kz