Қазақстанда ғана арақ ішіп ұсталған шенеуніктердің қызметі жоғарылайды
2017 ж. 19 мамыр
2931
7
Қарағандыда мас күйінде рөлге отырғаны үшін жазаланған шенеунік аудан әкімі болып тағайындалды. Бір қызығы, Әлімжан Қанаев дәл тағайындалардан бірнеше сағат бұрын осы қылығы үшін тәртіптік кеңестен қатаң сөгіс алған.
Бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасап "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
35 жастағы Октябрь ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Қанаев мас күйінде көлік тізгіндегені үшін ұсталса да, медициналық сараптамадан өтуден бас тартқан. Осы үшін бұрынғы аудан әкімі орынбасарын 11-ші сәуірде сот 2 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырды.
Әйтсе де, осы әрекеті үшін тәртіптік кеңестен сөгіс алған Қанаев жарты күн өтпестен Октябрь ауданының әкімі боп шыға келді.
Жас әкімнің Мәжілістің экс-дептутаты Серікжан Қанаевтың ұлы екенін айта кетейік. Қазір үлкен Қанаев осындай қылық көрсеткен шенеуніктерді жазалайтын мемлекеттік қызмет агенттігі қоғамдық кеңесіне төрағалық етіп отыр. Десе де, су жаңа әкімнің енді жеке жүргізушісі мен қызметтік көлігі бар. Сондықтан ол жүргізуші куәлігінен айырылғанына қатты қынжылмаған сыңайлы.
Өзге елде мас күйінде көлік айдағыны үшін, жалпы, қызмет бабында жүріп ішімдікке бой алдырғаны үшін шенеуніктерді жұмыстан қуса, біздің елде олардың қызметі жоғарылайды. Ішімдік - шенеуніктердің қызметін өсіретін сусын ба деп қаласыз. Күлкілі естілгенмен, соңғы кезде мұндай тенденция қалыптасып қалды.
Осыған дейін Әділет вице-министрі Марат Бекетаев мас күйінде көлік тізгіндегені үшін ұсталып, ол да артынша министр бола қалып еді. Енді Қанаевтың ісі.
Бұған дейін Марат Бекетаевтың көлік айдамақ түгілі, мемлекеттік тілді де білмейтінін, Заңға жауапты бола отырып, заңды қалай бұзғанын жазған болатынбыз.
Мәселен, Ресейдің Байкалында мас күйінде көлік тізгіндегені үшін бір күнде 10 милицонердің бірден жұмыстан қуса, Башқұртстанда осындай әрекеті үшін сол елдің бас агрономын қызметінен босатқан еді.
Ал, бізде керісінше. Бұл қалай?..
Жүргізушілік куәлігінен айрылып, көлік жүргізе алмайтындар ауданның, министрліктің жұмысын қалай жүргізеді?
qazaquni.kz