Cоловьевті шақырғандар жауапқа тартылуы тиіс! - БАҚ
2017 ж. 03 сәуір
3303
6
Соловьев кеп кетті. "Жесткие переговоры" дейтін тренинг өткізіп, оған қатысқандардың қалтасын қағып кетті.
Кремль ақпараттық саясатының жандайшабы "Жесткие переговоры, или искусство быть лидером!" деген шеберлік курсын өткізгені үшін қыруар ақшаны қалтасына басып кетті. Сөйлегенде сөзден сүріндірем деп екпіндеп келген Соловьевтің семинарына қатысудың құны 54 мың теңгеден басталып, 324 мың теңгеге дейін жетті.
Ұлыдержавалық шовинизмнің аттаншысы Соловьев орыс саясатының шолақбелсендісі екені әмбеге аян. Орыс телеэфирінің төсектегі теоретигі "Мы русские! С нами Бог!" деп кітап жазып, өзін әлемді құтқарушы Пайғамбар етіп көрсеткенін де айттық (өзі еурей кіндігінен тарайды).
Дезинформатор, шовинист, қала берді діни пропогандист Владимир Соловьев қазақ белсенділерін (Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтарын) ашықтан ашық тілдеді. Деліқұлы деді. Психологиялық дертке шалдыққандар, Миларын тарақан тесіп кеткендер деді.
Орыс телеэфирінің ортанқол жүргізушісінің Қазақстан Республикасының азаматтарын мұншалық тілдегеніне ресми органдар "ләм" демеді.
Тіпті, Елбасының саяси қадамдарын диктаторлыққа теліген Соловьевті құзырлы билік неге есіртіп қойды деген ойға қалдық.
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
-Келді, айтты, кетті. Қайтып келемін дейді. Идеологиялық тәуекелдерге, қауіпке қарсы тұратын біздің иммунитетіміз қайда қалды? Соловьев келді. Оның бұл жүрісін жақтағандар да болды, даттағандар да болды. Жақтаушылар Соловьев тренингін саясиландырмауды сұрапты-мыс. Кешіріңіз, егер ол адамның тұла бойы тұнып тұрған шовинист, реваншизвмнің бас идеологы болса, оның өткізген іс-шарасы қалай бейсаяси болмақ? Оның бір ғана өткізген семинары елдің іштен бөлінуіне себепкер болып отыр емес пе?..
Біздің қоғамымызда бір топ бар, әлі күнге ортақ тарихымыз болды, ортақ еліміз болды деген ескі көзқарастан арылмаған.
Соловьев "орыс әлемі" идеясын насихаттаушы. Ал оны аттай қалап, алдыртып отырғандар нені көксеген?
Бізге әуелі постипериялық синдромнан арылу керек. Жуырда Отан қорғаушылар күні болады. Бұл айтулы күн 7 мамырда. Қазақстанның Қарулы күштерінің жасақталғанына 25 жыл толады. Бұл Тәуелсіздігіміздің ең басты жетістігі.
Ал әлеуметтік иммунитетке келер болсақ, ол өзі келмейді. Оны өзіміз қалыптастыруымыз керек. Қайдағы жоқ шовинистерді төрімізде тайраңдатып қоймауымыз керек!
Әміржан Қосанов, саясаткер:
-Кешегі келген Соловьев Мәскеуге барып: "Менің ашықтан-ашық неоимпериялық позициямды біле отырып, өзін тәуелсізбін деп жүрген бұл ел маған ешнәрсе істей алмады! Айтарымды айттым, ақшамды да қапшықтап таптым!", - деп көлгірсиді.
Біз бұдан қорытынды шығаруымыз керек. Қазақстанның қазіргі билігінің тұтқасын, соның ішінде идеология саласына, білікті, ұлтшыл, постсоветтік кеңістіктегі елдердің тәуелсіздігіне шәк келтіретін "пропагандистерге" лайықты, идеялық һәм интеллектуалды тойтарыс бере алатын, ең бастысы, намысшыл кадрлар керек!
Сосын прокремльдік "жесткие переговоры" атты тренингтен кейін, Астана осы тренингті ұйымдастырған ұйымдар мен тұлғалармен "жесткие переговоры" жасау керек деп ойлаймын! Посткеңестік кеңістіктегі тәуелсіз елдердің территориялық тұтастығына шүйліккен саяси пропагандистің қолтығына су бүркіп, ашықтан-ашық неоимпериялық көзқарас танытып жүрген оның сойылын соққандардың көздегені не? Олар қоғамдық ортадағы наразылықты естімеді дейсіз бе? Естіді, көрді, білді. Білсе де істеді. Яғни, қасақан арандатты!
Қуандық Шамахайұлы, Тәуелсіз журналист:
-Ресей елі бүгінде əлемге ешбір жағынан үлгі болудан қалды. Əрине, ел болған соң озық ойлы зиялы қауымнан жұрдай болды деп сөге-жамандауға келмес. Бірақ, путиндік билікке сүйкімді тұлғалардың арасында ілікке жарайтыны жоққа тəн.
Қазіргі орыс режимінде көшбасшы болып көрініп жүргендердің дені ұлтшыл шовнистер. Солардың бірі осы Соловьев болса керек. Оның біздің ел жайында не айтқанын күллі қазақ біліп отырғанда ҰҚК қалай ұмыта қалуы мүмкін. Елбасы өткен аптада Мəсімовті қабылдап ішкі қауіпсіздікті қадағалау жайында тапсырма берді.
Қазақ үшін қымбат дүние - ел тəуелсіздігі мен бейбіт өмір. Ендеше оған қауіп төндіретін белгілі бір субъектіні сырттан əкеліп төрге оздырғандардан жауап сұралуы тиіс.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz