«Адамға табынбаймын!». Атақты ақын әуежайға Президент есімін беруге қарсы шықты
2017 ж. 07 наурыз
4067
4
Өзбекстанның халық ақыны Жамол Камол (Камолов) ел президенті Шавкат Мирзияевтен Ташкенттегі халықаралық әуежайға бірінші президент Ислам Кәрімовтің есімін беру туралы жарлықтың күшін жоюын сұрады. Бұл туралы dalanews.kz порталы хабарлады.
«Менің пікірімше, Ислам Кәрімовтің есімін ұлықтау туралы құжат асығыс қабылданған», — деп жазды 77 жастағы ақын. Кәрімовтің есімі берілетін нысандар саны өте көп — «мұражайлар, саябақтар, жоғарғы оқу орындары, ескерткіштер, ұйымдар мен көшелер».
«Осы орынды ма? Оның есімін Ташкент халықаралық әуежайына беру — артық кеткендік болар», — деді ол Eltuz.com сайтына.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 25 қаңтарда республиканың алғашқы президенті Ислам Кәрімовтің есімін ұлықтау туралы жарлыққа қол қойды. Құжат бойынша, елдегі бірқатар нысан мен мекемеге соның аты беріледі. Олардың арасында Ташкент техникалық университеті, Асактағы автомобиль зауыты, Ферғанадағы Өнер сарайы, Ташкенттегі халықаралық әуежай бар.
Оның үстіне, президент жарлығына сәйкес, Өзбекстанда жыл сайын Кәрімовтің туған күні (30 қаңтар) атап өтіледі, ал 2 қыркүйек — Бірінші президентті еске алу күні деп жарияланды.
Өзбекстанды 26 жыл билеген Ислам Кәрімов 2016 жылы 2 қыркүйекте 78 жасында қайтыс болды.
Еске сала кетейік, ҚР Сенат депутаты Дархан Кәлетаев та жауырда Астанадағы Халықаралық әуежайға Елбасы Н. Назарбаевтың есімін беру туралы ұсыныс тастаған болатын. Сонымен қатар, бір топ депутат Назарбаевтың есімімен еліміздің бас қаласын атау туралы ұсыныс айтып, алайда бұл мәселе өз шешімін тапты. Астана қаласының атауы өзгермейтіндігі Конституциялық реформа аясында қамтылған.