ЖАҢА ҚАДАМ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ ТАПТЫ

  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауы қазіргі таңда барлық аймақта жан-жақты талқыланып, қолдау тауып жатқаны белгілі. Осындай шараның бірі еліміздегі іргелі оқу ордасының бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өтті. Экономика және бизнес жоғарғы мектебінің бастамасымен өткізілген арнайы ғылыми семинарда жетекші экономист ғалымдар, оқытушылар мен магистранттар бастаған топ кезекпен баяндама жасап, инновациялық экономиканың қарқынды даму факторлары мен технологиялық жаңарудың маңызды мәселелерін ортаға салды. Әр баяндаманы қорғауға 10 минут уақыт бөліңді. Семинарда Қазақстанның ұлттық экономикасының ғылымды қажет ететін талаптарға ауысуының дайындық жағдайына, жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің маңызды артықшылығы ретінде логистикалық инфрақұрылымның дамуы жайлы пікір білдіріліп, бизнес ортаны жақсарту мен кәсіпкерлікті дамыту жолдары қарастырылды. Қазіргі таңда оқу орнында заманауи университет құруға негізделген «Al-Farabi university - smart city» бірегей ғылыми-инновациялық жобасы жүзеге асырылуда. Аты әлемге әйгілі «Hewlett-Packard», «Microsoft», «Cisco», «Konika Minolta», «Fujitsu», «Samsung», «Касперский зертханасы» және тағы басқа компаниялардың орталықтары мен зертханалары ашылып, жемісті жұмыс істеп келеді. Жоғары технологиялық және өңдеуші саланы озық қарқынмен дамыту үшін ресурс үнемдейтін және инновациялық факторлады күшейту керек. Біртұтас инновациялық жүйедегі тапшылықтарға қарамастан, еліміз бәсекеге қабілетті артықшылықтарға ие. Экономикалық үдерістер бойынша әлем елдері ішінде Қазақстанның алар орны ерекше. ҚазҰУ ұжымы үшін Мемлекет басшысының экономика дамуына бағытталған жаңа Жолдауы ғылым мен білім беру қызметін жүзеге асыруда жетекші рөлге ие. Жаңа білім мен инновацияның, ғылым интеграциясы және өндіріс пен білім берудің ірі орталығы ретінде ҚР Президенті Н.Назарбаев алға қойған «Бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асырудың негізгі тапсырмаларын белсенді орындауда. Адам капиталының сапасын арттыру мақсатында университет білім беру бағдарламаларын халықаралық талаптарға сай жетілдірді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұлттық платформаға жаппай ашық онлайн курстарын енгізу бастамасын көтеріп, оған Қазақстанның 15-тен астам ЖОО-ы қосылды. Оқу орны сандық технологиялар қолданылған жаңа идеяларды ойлап тауып, өмірге әкелуде. ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Иннова­ция­лық кәсіпкерлік Орталығы», «Биржалық трейдер», сертификат­талған бухгалтерлер мен жоба менеджер­лерін дайындайтын орталық­тар тиімді жұмыс істеп жатыр. Семинар қатысушылары мемлекетте инвестиция тарту жұмыста­рын арттыру және іскерлік орта қалыптастыру қажеттілігі жөнінде бірауыздан ортақ пікірге келді. Баяндамалар бойынша сұ­рақтар қойылып, нақты жауаптар берілді. Бір өкініштісі, семинар орыс тілінде өткізілгендіктен баяндамалар да орысша қорғалып, сұрақтар да орыс тілінде қойылды. Тарихы тереңде жатқан еліміздің атаулы маңдайалды жоғары оқу орнының әлі де мемлекеттік тілге толықтай көше алмай жатқаны қынжылтады. Әйгерім АЙТМҰХАМБЕТОВА qazaquni.kz