ТӘЖИН ОРАЛДЫ. САЯСИ РЕФОРМА БАСТАЛА МА?
2017 ж. 12 қаңтар
3648
3
Астанада тағы да ауыс-түйіс. Осы уақытқа дейін Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі болып қызмет еткен Марат Тәжин Президент жарлығымен қайтып оралды.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Марат Мұханбетқазыұлы ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған.
Ал бұл қызметті атқарып келген Бағлан Майлыбаев Мемлекет басшысының жарлығымен қызметінен босатылған.
«Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылсын», — делінген Мемлекет басшысының Жарлығында.
Марат Тәжин - әлеуметтану ғылымдарының докторы. Бір жылдары Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарды. Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Президенттің көмекшісі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы болды. 2007 жылы қантардың 11-інде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. 2013 жылдың 16 қаңтар күні Президент өкімімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы лауазымын иеленді. 2014 жылдан бері бүгінге дейін Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып қызмет етті.
Марат Тәжиннің елге оралуына қатысты саясаткерлер түрлі болжамдар айтуда. Тіпті, Марат Мұханбетқазыұлының Қазақстанға оралуы елдегі болатын саяси реформаның бастамасы деген пікірлер де бар.
Әміржан Қосанов, саясаткер:
- Тәжин мен Майлыбаевты салыстыруға болмас: екеуі - екі бөлек болмыс. Бұл кадрлық өзгерістің бір оң тұсы бар: Елбасы мемлекеттің ішкі саясатының дағдарысқа ұшырағанын түсінген сияқты. Сондықтан да осындай маңызды қадамға барып отыр. Тәжин, сөзсіз, досы да, дұшпаны да мойындаған интеллектуал, саяси технолог, тереңнен ойлайтын, алысты болжай алатын стратег. Нақты, практикалық саясаттағы тәжірибесі де баршылық. Ондай адамдар билік ішінде саусақпен санарлықтай. Елбасы билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу туралы айтып жатыр, тиісті жұмыс тобын құрды. Тәжиннің басты миссиясы сол жұмысты ұйымдастыру болар. Бірақ бір үлкен сұрақ бар. Тәжиннің таланты мен тегеуріні шынайы, елді алға жетелейтін, транзиттік кезеңде мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ете алатын саяси реформа жасауға жұмсала ма, әлде тағы да, саяси жүйені сылап-сипап қана қоятын көзбояушылыққа пайдаланыла ма? Оны уақыт, Елбасы, Тәжин... өздері көрсете жатар...
Abai.kz