Ермұрат Бапи: Ыдырысовты халықшыл, қазақшыл саясаткер деп атамас едім
2017 ж. 02 қаңтар
5433
1
[caption id="" align="alignleft" width="422"] Ермұрат Бапи[/caption]
Бүгін Мемлекет басшысы Жарлық шығарып, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовты қызметінен босатты. Ұзақ жылдар бойы министрлікте жүрген кеңестік класстың кадры не үшін қызметінен айырылды? Оның ендігі лауазымы қандай болмақ? Осы мәселелер төңірегінде тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи мырзамен аз-кем әңгіме өрбіткен едік.
- Ер аға, бүгін ғана Ерлан Ыдырысов министр лауазымынан босатылды. Ол 1999 жылдан 2002 жылға дейін, содан кейін 2012 жылдан күні бүгінге дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрі болды. Жақсылы-жаманды осы саланың алдына жорға түсірмес, әккі саясаткеріне айналды ғой...
- Ерлан Ыдырысов сонау Кеңестік жүйенің кадрларының бірі. Кеңес кезінде МГИМО-да оқып келді. Африка елдерінде қызметте болды. Сыртқы істер министрлігінде де біраз уақыт отырды. Негізінен мен Ыдырысовты халықшыл, қазақшыл саясаткер деп атамас едім. Себебі тағы белгілі.
- Ақордадағы ауыс-түйіс аяқ-асты жасалды ма? Әлде алдын-ала жоспарланған ба? Ыдырысовтың қызметінен босатылуына не себеп болды? Ол Назарбаев командасындағы сенімді кадр емес пе еді?
- Меніңше Ыдырысовтың қызметінен қуылуына оның осыдан бірнеше күн бұрын Қырымға қатысты айтқан мәлімдемесі себеп болса керек. Ол қазақстандық бизнесмендерді Қырыммен қарым-қатынас жасауға сақ болуға шақырған еді.
- Иә, Қырымның статусы әлі анықталмағанын айтып, қазақстандықтарды ескерткен еді...
- Шынтуайтына келгенде Қырымның кімге тиесілі екені әлі шешілген жоқ. Сондықтан ол жерде қазір азаматтық наразылық күшейген. Сондықтан Путин Қырымға инвестиция тарту арқылы, жергілікті халықтың толқуын басуды көздеген еді. Сөйтіп, Қырымға қыруар қаржы төгіп жатыр. Кәсіпкерлікте жүргендер жақсы біледі, қай жерде ақша көп, сол жерде пайда бар. Сондықтан, қазақстандықтарды өз ақшаларын Қырымға салуға асықпауға шақыруы Кремльге жақпай қалуы әбден мүмкін. ЕАЭО аясында өтіп жатқан саммитте Владимир Путин мұны Нұрсұлтан Назарбаевқа ымыралап жеткізген болуы керек. Сондықтан, Ыдырысовтың осы жолғы мәлімдемесін мен құптарлық дер едім.
- Осынша уақыт Сыртқы саясатты басқарып келген Ыдырысовтың аяқ-асты ақсауы қаншалықты нанымды?
- Дұрыс айтасың, Ыдырысов мұндай тетіктерді жақсы біледі. Ол Сыртқы саясаттың жілігін шағып, майын ішкен азамат. Аяғын шалыс баспаған саясаткер. Мен ойлаймын, оның уақыты әлі келген жоқ. Бұл орайда екі пікір айтуға болады. Біріншіден, Ыдырысовқа осылай айт деп, Елбасының өзі ишара білдіріп, анау-мынау боп кетсе, министрді құрбан етудің жоспары жасалуы мүмкін. Путиннің тамырын басып көру үшін. Осы жағдайда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің министрі арқылы халықаралық имиджін жақсартып алғысы келуі мүмкін. Екіншіден, елдегі саяси жүйе әбден былығып кеткен кезде, Ерлан Ыдырысовтың өз бастамасынан туған пікір болуы да мүмкін.
Бірақ бұл жағдайда биліктегі әлдебір ағымдардың ықпалымен ел президентінің ЕАЭО-ға қатысты саясатына торпедалық шабуыл жамауы мүмкін. Бірақ бұл өте сенімсіз жорамал.
Не десек те, Ыдырысовтың осы жолғы мәлімдемесі Қазақстан дипломатиясы тарихында сақталатыны сөзсіз.
[caption id="" align="alignright" width="360"] Ерлан Ыдырысов[/caption]
- Расында, Ыдырысовтың Қырым мәселесіне келгенде проресейлік позицияны қолдамауы әм оның статусының әлі анықталмағанын айтуы, өз кезегінде Қырымның Ресей территориясына кіретіндігін мойындамағаны. Әрі батыл мәлімдеме болды.
- Расында Қырымның келешегі әлі бұлыңғыр. Батыс пен АҚШ-тың экономикалық санкциялары Ресей экономикасын айтарлықтай әлсіретіп жіберді. Сондықтан Путин қазір жан-жақтан инвестиция іздеп отыр. Тіпті, келешекте Қырым Украинаға қайта қосылуы да әбден мүмкін. Оған ресми статистикалар дәлел. Осыны ескергендіктен, Ыдырысов осындай мәлімдеме жасады.
- Ал бүгін қызметінен босатылған тағы бір министр Қуандық Бишімбаевты ЕЭК (Еуразиялық экономикалық комиссия) мүшесі болған Тимур Сүлейменовтің алмастыруы сәйкестік пе?
- Ол да жаңағы айтқанымыздай, ЕАЭО саммиті кезінде қабылданған өзгеріс болуы мүмкін. Оның үстіне ресейлік БАҚ Қазақстан, Белоруссия басшыларын ЕАЭО жұмыстарына құлықсыз қарап отыр деп айыптап жатыр ғой. Ал жаңа тағайындалған Ұлттық экономика министрі сол ЕЭК-те жұмыс жасаған адам. Бұл әрине, сәйкестік болуы да ықтимал.
- Ыдырысовтың сонша жыл Сыртқы істер министрі болғанын жаңа айттық. Ол осы күнге дейін қазақ тіліне қырын қарап келген министрлердің бірі еді...
- Иә, ол аса бір халықшыл азамат емес. Тіпті керек десеңіз, бір жылдары «менің миымды шағып, ауыстырсаңдар да мен қазақша сөйлемеймін» деген кездері де болған.
- Ерлан Ыдырысов сенімді кадрлардың бірі деп айттық, оның жұмыссыз қалмайтыны белгілі. Десе де, сіз ұсынған екі нұсқаға сәйкестендіріп болжам жасасақ, Ол қайда ауысуы мүмкін?
- Ыдырысов жерде қалмайды. Және Ақорда төңірегінен алысқа ұзамайды да. Егер Кремль жағынан наразылық туындаса, онда Ыдырысов 1-2 жыл аса жоғары лауазымдарға тағайындалмауы мүмкін. Болса вице-министр, немесе одан да төменгі қызметтерге баруы ықтимал.
- Әлеуметтік желіде Ыдырысовтың Түркияға елші болып баруы мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Жансейіт Түймебаевтан кейін ол жақтағы елшілік орын бос қалды ғой.
- Меніңше бұл қисынсыздау болжам. Себебі, Түркияға елші болып бару үшін, кандидатура бірнеше ай бұрын жіберіліп қояды. Агреман деген бар. Түркия жағы мақұлдауы керек. Ыдырысов бұл қызметке барады деген күннің өзінде, бірнеше ай күту керек. Оның үстіне Түркиядағы жағдай шиеленісті тұстары көп. Жақында ғана Ресей елшісін өлтіріп кетті. Терактілер болып жатыр. Агреман алу қиындау болады. Оған қоса Ыдырысов Түркия маманы емес. Ол көбіне АҚШ-пен, Батыспен жұмыс жүргізеді. Сондықтан күту керек.
- Біздің елдің тарихында, министрліктен депутаттыққа түскен кездер болды. Қазір даулы бейне жазбадан кейін өз еркімен мандатын тапсырған Тінікеевтің орны да бос қой...
- (Күлді) Ол да мүмкін... Не десек те жақында көреміз. Біздің билік жүйесінде бір істің маманы деген ұғым жоқ қой. Сатушыны Білім министрі, малшыны басқа министр етіп тағайындай салады.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz