КИІМІНЕ ҚАРАП КІСІЛІГІН ТАНЫ
2016 ж. 23 қараша
2435
0
Қазақстанда шенеуніктерге бірдей форма кигізу мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы саясаткерлер мен депутаттар да өз пікірлерін білдірді. Миллиондаған бонустан, смартфоннан, қызметтік қымбат шетелдік көліктен қағылған шенеуніктердің киген киіміне де көз түсті. Енді мемлекеттік қызметкерлердің қымбат италиялық костюмын қазақстандық бірыңғай формаға ауыстыру керек деген ұсыныстар да айтылып қалды. Депутаттар шендіні арзанырақ киіндіруді қолдайды, тіпті, бірыңғай форма шықса, өздері де костюмін ауыстыруға қарсы емес екендіктерін білдірді.
– Дамыған елдерде шенеуніктер баяғыдан бері қарапайым киінеді. Біздің шенеуніктер италиялық қымбат костюм киіп, шіреніп жүргенді жақсы көреді, – дейді коммунист депутат Владислав Косарев.
Мәжілісмен қызметкерлерге ақ жейде мен қара шалбар, әйелдерге қара юбка кигізу керек дейді. Бұл шенеуніктер арасындағы ысырап пен көрсеқызарлыққа тосқауыл болатынын айтады. Ал әділет вице-министрі болған, кейін Мәжілісте комитет басқарған Ирак Елекеев мұндай талқылау тіпті ұят дейді. Шүберек ауыстырғаннан шендінің ақылы артып, ғұлама болып кетпфейді деп отыр.
Джинсыға тыйым салып, солтүстік корей шенділеріне ұқсап бірдей киіну, қытай коммунистері іспетті ерекшеленудің күлкілі екенін айтушылар жетерлік. Мемлекеттік қызметкерлер жаппай отандық киім киетін болса өзіміздің жеңіл өнеркәсіп табысы еселеніп кетер еді дегендер де аз емес.
Қалай десек те, кімге болса да қарапайымдылық жарасары анық. Қолына қымбат швейцариялық алтын сағат тағып, италиялық костюм киіп, қымбат көлік мініп, қос-қостан коттедж салып көзге түскен шенеуніктердің киімін емес, алдымен соған ақшаны қайдан алып жатқанын тексеру керек шығар. Өйткені есепсіз ақшаның арқасында елден ерекше болғысы келетіндер өздеріне өздері пәле тауып отыр. Баяғыда бір шолақ белсенді жаңа етік пен сағат сатып алып бір отырысқа барса ешкім онысына көңіл аудармапты. Болмаған соң үй иесіне «мына етікпен бір тепсем жарты сағатқа жетпей жаның шығар еді» деген екен. Ондайлар қазір де бар. Тіпті кейбір шекпенділеріміз екі аяғына екі түсті шұлық киіп жұртты шулатқаны да естеріңізде болар. Елекеев айтқандай үстіне қырық жамау шапан кигізіп қойсақ та олардың ашылған аранын жаба алмайсыз, миына ми да қосылмайды. Асқан ақылдылығының арқасында ел басқарғанда өткен қайыршылық күнін ұмытпау үшін «Аязби әліңді біл,құмырсқа жолыңды біл» деп шоқпыт шапанын көз алдына іліп қоятын адамды бүгін табу өте қиын. Сондықтан оларды егіздің сыңарындай бірдей киіндіріп, инкубатордың балапандарындай етпей, таңдауды әрбір шенеуніктің өзіне, дәлірек айтсақ ар-ожданы мен санасын сынап көрген дұрыс шығар. Сонда оның киімін ғана емес кісілігін де көреміз. Одан кейін болмай бара жатса қатаң шараларға көшуге болады.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz