Салафизмге заңмен тыйым салынбайтын болды ма?!
2016 ж. 15 қазан
2361
7
Салафизмді ұстанушылар өз идеялары мен құндылықтарын біздің ұлттық мәдениетімізден, рухани дәстүрлерімізден жоғары қояды. Сондықтан да, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстан халқы салафизмнің тарауына заңмен тыйым салмай-ақ, оған жол бермей, зайырлы қағидаттарды басшылыққа алады деген сенімін білдірді. Бұл туралы ведомство басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайдыBNews.kz.
«Бұл таңдауды Қазақстанның әрбір азаматы қолдауы тиіс. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады. Салафиттердің барлығы ашық айтпаса да қатаң діни қағидаларға құрылған мемлекетті қоғамдық құрылыстың идеалды жүйесі деп есептейді. Осыған байланысты еліміз үшін салафизмді мүлдем жат, теріс ағым деп санаймыз», – деді министр.
Қоғамда салафизмге қарсы әртүрлі пікірлер айтылады. Қазір министрлік тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп осы мәселені мұқият қарастырып жатыр. Осыған дейін Қазақстанда 23 лаңкестік және экстремистік ұйымға, соның ішінде салафиттік бағыттағы экстремистік ұйымға тыйым салынған.
«Cалафизм ұйым емес. Ол – діни ағым, көзқарастар жүйесі», – деді Нұрлан Ермекбаев.
Оның айтуынша, елімізде қолданыстағы заңдар қазірдің өзінде жасырын діни ұйымдармен күресіп, радикалды діни әдебиеттерді таратудың жолын кесуге барлық мүмкіндікті жасап отыр.
Қазақ Үні: Министрдің салафизмге заңмен тыйым салмай-ақ, күресуге болады деген пікірі нені білдіретінін түсінбедік. Сонда осыған дейін халықты қан қақсатқан теріс ағымға билік заң жүзінде тыйым салмайды деген сөзі ме? Қазақстанда салафизмге заңмен тыйым салуды және оны түп-тамырымен жоюды әрбір саналы отандастарымыз қолдайды деп білеміз. Бұл мәселеге келгенде әр азамат кешегі Ақтөбе мен Алматыдағы қанды қырғынды ұмытпау керек. Салафизмге бүгінгі таңда заңмен тыйым салынбаса, ертең мұндай жағдайлардың қайталанбайтынына кім кепіл?!.
qazaquni.kz