Су мәселесінде үкіметаралық келісімшарт керек
2016 ж. 26 қыркүйек
2518
0
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә.САҒЫНТАЕВҚА Депутаттық сауал
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында 330 мың халық тұрады. Олар, негізінен, мақта өндірумен айналысады. Аудан республикада өндірілетін мақтаның 70 пайызына жуығын береді. Ауданда 136 мың гектар суармалы жерлердің 83 000 га. мақта егіліп, жыл сайын мол өнім алып келген. Алайда, соңғы жылдары аудандағы суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету үлкен проблемаға айналуда. Ағын су Қырғыз, Өзбек, Тәжік елдері арқылы өтетін Сырдария өзенінен алынады. Мақтаарал ауданының 3/2 бөлігін ағын сумен қамтамасыз ететін «Достық» каналы Өзбекстан территориясынан бастау алады және ол сол елдің меншігінде. Биылғы жыл аудан бойынша қажетті 1.116 млрд. м3 ағын судың 980 млн. м3 немесе 87,8 пайызы алынды. Оның өзі де кешігіп, вегетацияның соңына қарай берілді. Ал, ағын судың ең керек кезі шілде айы мен тамыз айының басында «Достық» каналымен қажетті 310 млн. м3 ағын судың 93 млн. м3 немесе 30-32 пайызы ғана беріліп, егілген дақылдар, әсіресе, мақта дақылы жазғы шілдедегі 45-470 аптап ыстықта суарылмай шөлдеп, зардап шекті, 1500 га. жер мүлде суарылмай қалды. Әрине, бұл жағдайда мақтаның өнімділігі, сорты, салмағы төмендейді. Шаруалардың ала жаздай аптап ыстықта еткен еңбектерінің қайтарымы төмен болады. Мұндай жағдайлар Сырдария өзені бассейнінде орналасқан мемлекеттердің үкіметтері арасында Сырдария өзені суын тиімді пайдалану туралы келіспеушіліктің, туындаған мәселелердің министрлік, үкіметаралық деңгейлерде алдын-ала уақтылы шешілмеуінің салдарынан болып отыр. Тамыз айының соңында болған кездесулерде сайлаушылар өздерінің наразылықтарын айта келе, алдағы кезде осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етуді сұрап, маған депутаттық сауал берген болатын. Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! 1. Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарын ағын сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін шекаралық Сырдария өзенінің суын тиімді пайдалану туралы тиісті мемлекеттердің үкіметтерімен алдын-ала жыл басынан нақты шаралар қарастырып, оның орындалуын қатаң бақылауға алуға; 2. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданын ағын сумен қамтамасыз ететін Өзбекстан меншігіндегі «Достық» каналы арқылы берілетін ағын су көлемін нақтылап, алдын-ала үкіметаралық келісім-шарт жасау туралы тапсырма беруіңізді өтінемін. Құрметпен, Қуаныш АЙТАХАНОВ