ҚАЗАҚСТАН СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ЖӨНІНЕН СОМАЛИМЕН ДӘРЕЖЕЛЕС
2016 ж. 23 қыркүйек
3626
0
Жақында Халықаралық «Freedom House» ұйымы әлем елдеріндегі адам құқығы әм сөз бостандығының көрсеткіштері туралы тізімді түзіп шығыпты. Бұл туралы abai.kz хабарлайды.
Ол тізімде Қазақстан азаматтардың бостандығы, баспасөз бостандығы мен адам құқығы шектелген елдер тізіміне енген екен.
Халықаралық ұйымның хаттамасына көз жүгіртсек, әлгі құжатта «саяси құқық» өлшемі бойынша Қазақстанға 6 балл берілген. Хаттаманың реттік тізіміне сәйкес шектік 7 балл адам еркіндігінің, сөз бостандығының ең төменгі көрсеткіші болып табылады. Ал тиісінше 1 балл аталған елде демократиялық еркіндіктің ең жоғарғы көрсеткішін білдіреді екен.
Сонымен қатар, Халықаралық «Freedom House» ұйымының деректерінде «Азаматтар бостандығы» критерийі бойынша еліміз әлгі жетіліктен 5 балл еншілеген.
Сондай-ақ, Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдары және интернеттегі сөз бостандығы шектелген елдер сапына сырғыған.
Бұл қатарда Қазақстанмен бірге Әзірбайжан, Беларусия, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан да бар.
Ал сөз бостандығы, адам еркіндігі әм құқықтары аз сақталатын елдер қатарында Армения, Грузия, Молдова және Украина тұр.
Посткеңестік елдер ішінде жоғарыдағы аталымдар бойынша азаматтардың құқықтарын еш шектемеген елдер – Балтық елдері екен (Эстония, Латвия және Литва).
Аталған ұйымның биылғы жылғы баяндамасында 195 мемлекет және мемлекеттік статусқа ие емес территорияларды қамтыған. 1973 жылдан бері қарай жыл сайын жүргізіліп отыратын зерттеу бойынша, елдердің өз азаматтарына көрсетіп отырған саяси-азаматтық бостандықтарына сәйкес үш топқа бөлген. Бұл зерттеуде «азаматтар бостандығы қамтамасыз етілген», «аз қамтамасыз етілген» және «бостандық шектелген» деген категорияларға сәйкес, 7 ден 1 баллға дейінгі шкаламен бағаланған.
Сөйтіп Егемендік алған ширек ғасыр шегінде Қазақстан адам құқықтарын шектелген елдер қатарынан шыға алмапты. АҚШ-тағы «Freedom House» халықаралық құқық қорғау ұйымының зерттеуі осыны көрсетіп отыр. Иланбасаңыз, әлемнің дамыған отыз елінің отыз біріншісі болған еліміз әлгі тізімде Лаос, Сомали елдерімен иық тіресіп тұр. Демек, бізде жағдай сол елдердегідей. Ал сөз бостандығы бойынша әлем елдерінің рейтингісінде Қазақстан КСРО-ның жөргегінен шыққан Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Түркіменстанмен деңгейлес.