А. Сәрсенбайұлы: Қазақтың көнбістігі оның проблемасына айналып отыр...
2016 ж. 14 қыркүйек
2190
0
"Дала мен қала" редакциясынан: Қайраткер, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіргеннен бері 10 жыл өтіпті. Біз Алтекеңнің әр жылдары баспасөз бетінде айтқан ой-пікірлерін жинақтап бердік.
Партия туралы
– Соңғы уақытта Президентті қолдайтын партиялардың қатары көбейді. Бұған қалай қарайсыз?
– Мұндай партиялардың көбейіп келе жатқаны рас. Құдай ақырын берсін. М.Горбачев басшылыққа келгенде мынадай анекдот шығып кеткен. Американдық дипломаттар өздерінің кеңестік әріптестерінен: «Горбачевті кім қолдап жүреді?» – деп сұрапты. Сонда кеңестік дипломаттар: «Ешкімнің қолдауынсыз, өзі жүреді», – деп жауап беріпті.
Сол сияқты біздің президенттің де дені сау. Ал, әлгіндей партиялар мемлекет басшысын қолдау үшін құрылмаған, керісінше, мемлекет басшысы оларға қолдау көрсетіп отыр. Егер президент қолдамаса, олар осы уақытқа дейін жай әншейінгі бір клубтарға айналып кетер еді. Сондықтан, оларды салмақты саяси күш деуге әлі ерте.
– Олар соншалық дәрменсіз бе, сонда?
– Бюрократиялық конгломераттан салиқали саяси партияға айналуы мүмкіндігі «Отанда» (қазіргі «Нұр Отан») болған, бірақ Марат Оспановтың қазаға ұшырауы ойға алған жоспарды жолда қалдырды.
Демократия туралы
Бізде, үлкен өкінішке қарай, демократия дегенді оппозицияның қолындағы жалау деп түсіну өріс алып барады. Бұл – өте қауіпті жағдай.
Билік туралы
Бізде бір әкім ауысса, оның бүкіл командасы ауысады, орынбасарларынан бастап базар бастығына дейін.
Позиция жайында
Ақпарат саласын басқарғанда, бірде-бір үкімет басшысымен тату болу мүмкін емес еді. Себебі, олардың түсінігінде, мен Үкімет басшысын баспасөзден «қорғауым» қажет болатын. Олардың қай-қайсысы да осыны талап ететін. Егер мен Үкімет басшыларын, Үкімет мүшелерін қорғауға жол берсем, онда олардың орынбасарларын, орынбасарлардың орынбасарларын, қысқасы, барлығын қорғауға тура келер еді.
Тағы да партия туралы
Бүгінгі жағдайдан келіп туатын бір міндет – біздің қоғамда тым болмағанда, бір демократиялық партияның тамырын тереңге жіберіп, орнықтыру.
Тағы да позиция жайында
Президенттің жақын айналасындағылар жүргізіп отырған бағытпен менің көзқарасым да, ұстанымым да мүлде сәйкес келмейтіндігіне көзім жетті. Олар мемлекет басшысын ақпаратпен қамтамасыз етуде монополия қалыптастырды және өз идеяларын мемлекет басшысының атымен өткізу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Тіл туралы
Бүгінгі күні мемлекеттік тіл саясатын жүргізу Мәдениет министрлігіне жүктеліпті. Қазақ тілін үйрену өнердің қай түріне – операға ма, балетке ме, айтысқа ма, қайсысына керек болды екен, жұмбақты шешіп көріңіз…
Шындық жайлы
Меніңше, мінезді қалыптастыратын – мәдениет. Ішкі мәдениет. Ішкі мәдениеті кемшін адам – ешуақытта шындықты айта алмайды. Үлкен мәдениетті игерген адам – әманда шындықтың жанында болады. Өйткені, шындықты айтпау – үлкен мәдениетсіздік.
Идея туралы
Саяси партияның құрылуы бір адамның немесе бір топ адамның «игілігі» болуға тиіс емес. Саяси партиялар қоғамның ішкі қажеттілігінен пайда болады және пайда болуға тиіс. Белгілі бір идеялар, құндылықтар, принциптер қоғамның өз қайнауынан өтіп барып, соның төңірегінде азаматтар саяси партияға немесе қозғалысқа бірігуі мүмкін. Тек осындай жағдайда ғана саяси партия өмір сүруге құқылы болады.
ҚДТ қалай құрылды?
Биліктің сандуғаштары кеше және бүгін қалай сұңқылдап сайраса да айтайын, Қазақстанның Демократиялық Таңдауы қозғалысының (ҚДТ) құрылуы элита ішіндегі елеулі дүниетаным қақтығыс еді.
Жалпақбайлар жайында
Таң азаннан қара кешке дейін президентті сұңқылдап мақтай беру – адалдықтың және дәйектіліктің белгісі емес. Бұл – жағымпаздар мен жалпақбайлардың ісі.
Бұл кім үшін?
Үкіметтің басылымдардағы «халықтың жағдайы жақсарды», «шырайы кірді» деген мазмұндағы мақалалар – билік басында отырған бес-алты адамды жұбату үшін жарияланып жатқан мақалалар.
Мағауин жайында
Мен айтар едім, егер Қазақстанда әдебиет, мәдениет қайраткерлеріне ең жоғары атақ беру керек болса, оны Мұхтар Мағауинге беру керек. Себебі, тоталитаризмнің тұсында «өткеніңді ұмыт, кеңестік дәуірге қызмет ет» деп жан-жақтан күштеп жатқанда, бұл кісі өзінің басын қауіп-қатерге тігіп жүріп, халқымыздың әдебиет тарихын үш ғасырға әрі жылжытты. Бұл – үлкен ерлік. Сол үшін жеке басында көп қиындықтар болды. Мағауиннің осы ерлігі тәуелсіздік алған он төрт жылдың ішінде де аса еленбей келе жатыр.
Қонаев туралы
Билік басындағы адамның қарапайымдылығы, дегдарлығы, тектілігі – халқына мақтаныш, тарихқа үлгі өнеге. Сондай адамның бірі де бірегейі – Димекең, Дінмұхамед Қонаев. Парасатты байлықтан, халықты биліктен артық қою дәстүрі де сол кісінің кезінде қалыптасқан еді.
Қазақ қандай?
Жалпы, бізде көп нәрсенің сұрауы жоқ. Халық үндемейді, оны билік те әбден біліп алған. Басқаша айтсақ, қазақтың көнбістігі, оның проблемасына айналып отыр.
Өзгесі…
Авторитаризм күшейген сайын оның қирауы да, күйреуі де қорқынышты.
…
Ой-пікір айтуға мүмкіндік бар. Рас, шектеулі. Ол сол шектеулілігімен де құнды.
…
Бізде қызметтен кеткендер не күңкілдеп кетеді, не есікті тарс жауып кетеді.
…
Министр аз сөйлеп, көп істейтін адам болуы керек.
…
Бізде бір адам мен екінші адамның арасында түсініспеушілік бола қалса, сол екі ортаға киліге кететіндер көп қой. Тұп-тура жаздыгүні иіс-қоңысқа үймелейтін көк шыбын сияқты.
…
Саясаттануда «қоғамдағы үлкен өзгерістер мен төңкерістер халық құлдырауға кетіп бара жатқан кезде емес, сол қиын жағдайдан шыға бастағанда басталады» деген қағида бар.
Мақаланы дайындауда Алтынбек Сәрсенбайұлының сұхбаттары мен ой-пікірлері топтастырылған «Тәуелсіз елде тәуменді тұлғалар болмауы керек» жинағы пайдаланылды.