Ресей салафизмді насихаттаған екі қырғыз азаматын елден қуып жіберді
2016 ж. 04 тамыз
1921
0
Ресейде Қырғызстанның екі азаматына радикалды ислам идеологиясын насихаттады деген айыппен айыппұл салынып, олар елден депортацияланды деп хабарлайды Азаттық.
Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің мәлімдеуінше, қырғызстандық екі ер адамның Ресейге кіруіне бес жылға дейін тыйым салынған. Қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, екі қырғыз азаматы Челябинск облысы тұрғындарының арасында салафизм идеясын таратқан. Айып салынғандардың аты-жөні жарияланбады.
Посткеңестік бірнеше елде исламның салафилік бағыты экстремистік ағым деп саналады. Салафиттер сүнниттік исламның қатаң формасын ұстанады және исламның басқа бағыттары, мәселен шииттік пен сопылықты мойындамайды.
Биыл бұдан бұрын Ресейдің Башқұртстан республикасымен және Қазақстанмен шекаралас Челябинск облысында радикалды ислам идеяларын насихаттады деген айыппен бірнеше адам ұсталып, сотталған.