Астаналықтар әкімнің түрін де білмейді...
2016 ж. 13 шілде
1523
0
Астанадағы «Бәйтерек» монументі жанында «Astana Motorsports» командасының экипаждарын таныстыруға арналған үлкен мерекелік шара өтті. Оған Астана қаласының жаңа әкімі Әсет Исекешев те қатысып қайтты.
Алайда іс-шараға жиналған халық қаланың жаңа басшысын танымай қалған тәрізді, - деп хабарлайды Baq.kz.
Бәлкім, Әсет Өрентайұлы сол жерде халықтың оны танымағанын өзі де қалаған шығар. Себебі адамдар оның әкім екенін біліп қойса, арыз-шағымдардың көбейетіні белгілі. Содан болар, қаланың жаңа басшысы сахнаның шетінде тұрып, «Astana Motorsports» командасымен бір-екі рет фотоға түскеннен кейін өз «командасымен» серуендеп кетті.
Астана әкімі «Бәйтерек» монументінен «Нұрсаяға» дейін жаяу жүріп, сол жерде біраз уақыт тұрып, өз орынбасарларымен әңгімелесті. Сонда да ол халық көп жүретін су бұрқақтар жақта емес, «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінің бұрышында аялдауды жөн көрді.
Сол жерде жарты сағаттан артық уақыт тұрған қала әкімін ешкім танымады. Біз оның дәл қасынан жаяу жүргіншілер жолағымен өткен бірнеше адамнан: «Анау жерде тұрған адамды танымадыңыз ба?», - деп сұрап едік. Бәрі: «Жоқ, танымадық», - деп жауап берді.