Бердібек Сапарбаев биліктің кемшілігі не екенін айтты
2016 ж. 24 мамыр
2340
2
Ақтөбеде митинг болған жоқ. Жер кодексін түсіндіру жөніндегі үшжақты комиссияның шешімімен сенбі күні төрт қоғамдық қабылдау нүктесі жұмыс істеді.
Облыс орталығы мен әр ауданда мемлекеттік орган мен қоғамдық бірлестік өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бір күн ішінде Ақтөбе қаласының тұрғындарынан барлығы 415 сұрақ келіп түскен, деп хабарлайды Bnews.kz.
Сенбі күні мемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлері, облыс, қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері таңнан кешке дейін алдына келген тұрғындардың арызын қабылдап, өтініштерін тыңдады. Ақтөбе қаласындағы төрт қабылдау нүктесіне барлығы 415 сұрақ келіп түскен. Оның 200-ден астамы баспана салуға жер телімін алу, 41-і жер телімін жалға алу мен тағы 40-ы кәсіп ашу туралы ұсынысын жолдаған. Сонымен қатар, 40 адам жұмысқа орналасудың жолдарын білді.
«Биліктің кемшілігі – халықпен сирек кездесуі. Біз неғұрлым халықпен жиі кездессек, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біріншіден, өзіміздің мәселеміз шешіліп, екіншіден, халықты толғандырып жүрген мәселелерді жылдам шешіп, жағдайының жақсаруына көмектесе аламыз. Сондықтан бәрін ескере келе, құрылған топтар жұмыстарын әрі қалай жалғастырады деген шешім шығарылды», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, қоғамдық қабылдау кезінде халық мұндай жұмыстың тұрақты түрде жүргізілуі қажет деген ұсыныс айтты. Бұл ұсыныс қолдау тапты. Енді мемлекеттік қызметкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері алдағы 2-3 айда Қазақстан халқы ассамблеясы ғимараты, облыстық филармония мен драма театрда қабылдау өткізеді. Қабылдау нүктелеріне арнайы телефон қондырылып, жауапты қызметкер бекітіледі.
«Бір күнде әлеуметтік желілерде 67 мәлімет болды. Оның 56-сы оң, 11-і қарсы пікір. Әлеуметтік желілердегі мәліметтерді зерделеген кезде кейбірі халықты ойландырып жүрген мәселелер екенін білдік. Олардың бәрін бақылауға аламыз», - деді Сапарбаев.
Облыс әкімдігінде өткен жиын кезінде өңір басшысы әлеуметтік желі арқылы халықты сабырға шақырып, митингтен бас тартуға үгіттеген бірқатар қоғам белсенділеріне ризашылығын білдірді.
Дерек көзі: Bnews.kz