УАХХАБИЛЕР ДӘСТҮРЛІ ХАНАФИ МАЗХАБЫНА ҚАРАМА-ҚАЙШЫ КӨЗҚАРАСТАҒЫ АҒЫМ
2010 ж. 28 желтоқсан
4098
1
– Жақында «Zonakz.net» интернет газетінде Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының діни ағарту және насихат бөлімінің меңгерушісі Әбдімүтәліп Дәуренбековтің сопылықты терістеген сұхбаты шықты. Оған «Экстремисты-суфисты» деп ат қойыпты. Шындығында экстремизм мен суфизм бір ұғым ба? Екеуінің ара жігін қалай ажыратуға болады?
– Иә, қазір сопылық туралы терең білмейтіндер теріс пікірлерін қарша боратып жатыр. Олардың сопылыққа қатысты пікірлері судың дәмі туралы мысалға ұқсайды. Бірақ оның ащы, әлде тұщы екенін мүлдем ажыратып бере алмайды. Себебі бұл ілім туралы сол жолда жүргендерден басқалары жарытып ештеңе айтпайды. Шын сопылықтың мәнінде экстремизм түгіл фанатизм (фанатизм яғни, арабша «таассуб») де болмайды. Оның мәні - ар, мақсаты, мұраты - Алла. Ол - өте терең ілім. Білмейтіндер, ең болмаса, білмеймін десе, Құдайдың сүйген құлы болар еді. Бүгінгі таңда «бас басына мүфти болғандар» қоғамды да, дінімізді де құбыжық етіп көрсетуге жарыса атсалысып жатқандықтарын сезінбейді.
– Сопыларды қазір «мүшрик» деушілер де шығып жатыр. Ғаламтордағы «Асыл арна» сайтында «сопылық исламда жоқ» деп жазыпты. Осы пікірдің анығын білмей дал болдық. Бұған не айтасыз?
– Сопылық тариқатқа тақуалар ғана ене алады. Өзі “мүшрик, өзі мүртет” адамның тариқат жолын қалауы – тіптен ақылға сыймайтын абсурд. Өйткені, сопының тариқатқа өз еркімен кіруі шарт. Мүрид болу керек, зорлап ешкім ешкімді сопы қыла алмайды. Тариқаттан бұрын шариғат бар. Осыны терең меңгергендер ғана тариқаттан жоғын іздейді. Қазіргі таңда қоғамымызда сопы, сопылық, дәруіш, зікір және зікіршілер немесе тариқатшыларды исламға жат дүниетанымдағы жеке ағым ретінде көрсету белең алып барады. Сопылықты сынап, оның негізгі ұстанымдары мен идеяларын жоққа шығару әрекеті Құран мен хадис шеңберінде жүріп жатыр. Яғни, сопылық танымдағы әрбір ұғым, категория, символдар мен тұғырлардың Құранда орын алған-алмағандығы негізгі өлшемге айналды. Бұл жерде тек салафилер ғана емес, исламдағы барлық ағымдар, мазхабтар, тариқаттар өздерінің негізгі өлшемі ретінде Құранды таниды. Сонымен «Менің хикметтерім – Құранның мәні» деген Ясауи ілімі, мәдениеті және жолына деген тарихи санаға құрметтің орнына оны қаралау, жоққа шығару белең алып отыр. Ясауи мәдениеті де Құранға негізделген. Өкінішке орай, бүгін оны мақсатты түрде басқаша түсіндіріп, танытуға тырысушылық тенденциясы басым. Міне, осы бетперде, осы қалып, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі тілге тиек етілетін болды. Тарихи құндылық көзіне айналған, дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы болған Ясауи мұрасын аксиологиялық қабылдау аясынан шығаруға ұмтылатын күштер немесе топтардың белсенділігі көзге түседі. Бұған қоғамдағы дін мәселесі, діни таным мен ғылыми таным арасындағы үйлесімділік пен тепе-теңдіктің болмауы себеп болса, екінші жақтағы, яғни, бүгінгі сопылық жолдағылардың өздерін қоғамға тиісті дәрежеде түсіндіре алмауы құбылыстың басты компоненті дер едік. Бұқаралық ақпарат құралдарының дін мен саясат арақатынасына немқұрайлы қарауы және дінді саяси топтардың құралына айналдыруы да негізгі фактор. Әлемдік жаһандық құбылыспен бірге келе жатқан исламофобия, террорлық әрекеттің дінге, исламға негізделуіне көз жұмушылық, түсіне алмаушылық сияқты психологиялық кедергілердің барлығы, жалпы алғанда, діни танымға тіреліп отыр. Қоғамымызда сыртқы және ішкі топтардың әрекеті арқылы тарихи сабақтастыққа, санаға қарсы жұмыс жүргізіп, сопылық туралы теріс пиғыл тудырып жатыр.
– Негізінен сопылыққа сын бүгін ғана айтылып жатқан жоқ қой...
– Рас айтасыз, жалпы алғанда, сопылық туралы айтылып жатқан сын жаңа сын емес. Ол сонау VІІІ-ІX ғасырлардан бастау алатын фикх пен калам, сопылық пен философия немесе шариғат пен ақиқат арасындағы танымдық негіздер арқылы пайда болған, әлі де жалғасып келеді. Сопылықты жеке дін ретінде, яғни исламға жат басқа ағым ретінде көрсету үдерісі тарихта үздіксіз қайталанды. Осы дерт бүгін Қазақстанға ауды. Бүгінгі қоғамымызда сопылықты шиилермен бір ағым ретінде көрсеткісі келетіндер де кездеседі. Жасанды және мақсатты суфизмофобия құбылысы шын мәнінде исламды өркениет, дүниетаным және философиялық дәстүрі бар дін ретінде қабылдағысы келмейтіндердің әрекеті (Қасақана қарсы шығу мен түсінбестен, білместен қарсы шығу екі түрлі мәселе). Сопылыққа, зікірге, әулие түсінігіне қарсы шығу деген Ясауиға, бүкіл тарихымызға, мәдениетімізге, сайып келгенде, қазақ халқына қарсы шығу деген сөз. Өйткені, Ясауиден бастап Мәшһүр Жүсіпке дейінгі қазақ даналары сопылық мәдениет негізінде ой толғады. Бұл қазақтың дәстүрлі мұсылмандық түсінігінің айнасы – сопылық мәдениет деген сөз.
Тарихқа жүгінсек, сопылықты алғаш рет жоққа шығаруға тырысып, дұшпандық жасаған шииттер және харижи, ғұлаттар, имамилер, заидилер болатын. Суннилер сопылықты дәл осы ши’а топтары секілді жоққа шығаруға асыққан емес, ешқандай күпірлік үкімін де берген емес. Дегенмен Ибн Ханбал, сопылық туралы сыртқы ғибадатты (захири ибадат) әлсіретіп, орнына “терең ойлауды” (тафаккур) қойып дамытып, осылайша діни парыздардан (ибаһа) адамды құтқарып, рухын Алламен әрдайым достықта қосақтап (хулул) дін қағидасын бұзады деген пікір таратты. Ибн Ханбалдың шәкірті Әбу Зура сопылық зындықтың, әсіресе рафизилердің ерекше бір ағымы ретінде көрсетті. Мутазила каламшылары сопылықтағы Жаратушы мен жаратылғандар арасындағы екі жақты ортақ махаббат идеясының мағынасыз екендігін айтып, бұл идея теориялық жағынан антропоморфизмге, практикалық жағынан инкорнацияны негіздейді деп тапты.
Әйтсе де суннилер тарапынан сопылық тыйым салынған (харам) ағым ретінде танытылған жоқ. Әбу Талип әл-Маккидің (996 ө.) «Құт-ул-Қулуб» (Жүректің құты), Ғазалидің «Ихиа-ул-Улуми-д-дин» (Дін ғылымдарының жандануы) атты еңбектері бұған мүмкіндік бермеді. Ибн Жаузи, Ибн Таймийа, Ибн Қайым сияқты сопылыққа жаны қас каламшы-ойшылдардың өздері Ғазалидің даналығы, кемелдігі алдында бас иді. Сопылықтың қас дұшпаны Уаххаби ағымының құрушысы, суфи Шақиқтің өзі «Хатим ил-Асамға» түсіндірме жаздырған.
Шын мәнінде «Сөздің сыртқы қырының «арғы жағынан» мән табуды көздеген суфилердің негізгі қайнар бұлағы (исмаили-батинилерден) да терең Құранның мәніне жету еді. Олардың әдісінде батинилердің жолына қарағанда, антропоморфтық, символдық түсіндірмелер аз болатын. Сопылардың исмаилилерге қарағанда, Құранды өте терең оқып, ұғынудың екі әдісі арасында ортақ тұстары көп болатын. Керек десеңіз, ислам философиясы мен суфизм, фикх пен каламдағы Құранның рухына жат көзқарастарға қарсы әдіс қалыптастырған.
– Мына сараптамаңыз қызық екен. Сопылықты жоққа шығарғысы келетін топтарға немесе олардың сынына қысқаша тоқталып өтсеңіз...
– Бірінші сын, ғибадаттың формасы мен мәніне байланысты. Яғни, ғибадаттың формасын анықтайтын да, ғибадат етілетін де тек Бір Алла ғана. Бұған дау жоқ.
Рас, ислам негізі бойынша адамзат және басқа барлық жәндіктер Алланы ұлылау, оған табыну үшін жаратылды. Әр дінде Аллаға табыну формасы әр түрлі. Исламда табыну формасын уақытын ритуалдық негіз ретінде анықтаған Хз.Мұхаммед пайғамбар болатын. Сопылар бұл ғибадат феномені шеңберінің сыртына шыққан емес. Ғибадаттың формасы мен уақытын сол күйінде қабылдайды, шариғатты негізге алады. “Алладан басқа табынар ештеңе жоқ” (Ла мағбуда илла Алла) деп зікір салады. Ғибадаттың мәні мен маңызын, мақсаты мен негізгі идеясын терең түсінеді. Олардың рухани жаттығулары ғибадатқа барар жолдағы рухты әр түрлі кедергілер мен алаңдаушылықтан арылтудың методы ғана. Әрбір зікір, сама, жүректі шынайы ғибадат етуге дайындап, Алла мен адам арасындағы байланыс тірегін күшейтудің құралы, әдістемелік жүйесінің тұғырлары.
Екінші сын, сопылық пайғамбардың сүннетіне, формасына, шариғатқа сәйкестігі немесе қайшылығы: мысалы: зікір салу (Алла, Алла, ху, ху) өлең, ракс, сама, шаң, рубаб – бұларды күнаһарлық деп қарайды. Бұлар бидғат, яғни, дінге кейіннен енген жаңашылдық.
Сопылықтың алғашқы дәуірін дегдарлық (зухд) кезеңі дейміз. Дегдарлық сөздік тұрғыдан көңіл бөлмеу, азырқану, тәрк ету, одан бет бұру деген мағынаға келеді. Ал дегдарлықтың терминдік мәні – ақыретке бет бұру үшін дүниеден безу, қанша бай болса да, көңілінде дүние, мүлікке, нәпсінің құмарлығына бой алдырмау, шынайы діни өмір салтына лайық, нағыз діндар болу деген мағыналарға келеді. Дегдарлық Хз.Пайғамбар кезінде де болған. Осы дегдарлық сопылықтың алғашқы түрі, кезеңі. Дегдарлық тіршілік, өмір сүру формасы исламда уақыт өте келе пайда болған құбылыстармен параллель дамыды. Құран мен хадисте дегдарлық туралы аяттар мен пайғамбар ойлары көптеп кездеседі. Мысалы, “Барлық пенде өледі... Дүние өткінші, алдамшы қызықтан басқа ештеңесі жоқ”. “Бұл дүниенің қызығы өткінші және өте аз (қысқа), ақырет болса (о дүние) Алланы жүрегінде ұялатқандар үшін өте қайырлы. Сізге әлі ақыл кірмеген бе? ”, “Ақыретке қарағанда бұл дүниенің нығметтері өте аз, өткінші әрі алдамшы болса да, олар (мол ырыс берілгендер) дүние нығметтеріне қуанады. Бұл дүние бір ойын, қызық, өткінші, ал ақырет, міне, нағыз өмір. Әттең, (олар мұны) білмейді”, – осы мәндес аяттар көп. Сопылар осы аяттарды өздерінің “дүние-жалған” түсініктеріне арқау етіп алған. Оның үстіне “дүние” сөздік тұрғыдан Алладан ең ұзақ жер деген мағынаға келеді. Сопылардың жаратылыс концепциясында адам, рух әлемінен осы дүниеге сынақ үшін жіберілген. Осылайша, рух әлемінде Алламен бірге “бақыт жұртында” өмір сүріп жатқанда осы дүниеге еріксіз жіберілген.
– Исламда суфизмнің орны қандай? Ясауи ілімі суфизм бе?
– Ясауи дүниетанымының негізінде сопылық жатыр. Сопылық – басқа танымдардан ерекше исламдық дүниетаным формасы. Сопылық ешқашан исламға сырттай оппозициялық сипатта болған да емес! Сопылық исламның мазмұны, мәні. Ал форма мен мазмұн біртұтас нәрсе ғой. Сопылық исламның, мұсылмандардың ең қиын-қыстау кезінде қорғаушысы бола білген. Суфизмнің ішкі мәнін ашып түсіндіруге бір мақала түгіл, зерттеушінің өмірі де жетпейді. Сондықтан сопылықтың сыртқы қырына қарап-ақ оның мұсылмандық тарихындағы орнын тануға болады. Мысалы, тарихта моңғол шабуылына қарсы, кубраийа, крестшілерге қарсы шазилия, орыстардың отарлауына қарсы Ясауиа, нақшбандиа, қалмақтарға қарсы нақшбандиа, Африкада француз империалистеріне сенусийа, тижанийа ағылшындарға қарсы сухрауардийа тариқаттары үздіксіз соғыс жүргізді. Көрдіңіз бе, сыртқы дұшпандарға қарсы тұру тариқаттар арқылы мүмкін болған еді. Бұл соғыс мәдениетін, еркіндігін, азаттығын, Отанын қорғау үшін жүргізілді. Сонда сопылық – исламға оппозиция ма? Жоқ әлде мұсылмандардың рухани тірегі ме? Оны өзіңіз саралаңыз. Сопылық ислам өркениеті мен мәдениетінің мұсылмандықтың намысы, діннің ішкі мәні, өзегі.
– 01.09.2010 күні «Zonakz.net» интернет газетінде ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек ҚМДБ пәтуәсін жариялапты. Исламда зікір бар ма? Зікір туралы Құран Кәрімде не дейді? Жалпы «зікір» деген не?
– Зікір, зікір салу Құранда бар. Хадисте бар. Зікір туралы аят көп. Құранның жеті атының бірі – зікір. Демек зікір, Алланы еске алу Алланың бұйрығы. Шариғатта бар деген сөз.
– Ясауи зікірінде би, музыка қолданылады, ал уаххабилер үшін музыка харам делінеді. Бұған не дейсіз?
– Ислам тарихында би, музыка харам деушілер болған. Бүгін олардың сындары мен міндері құнсызданған. Себебі бүгін дін ғылым ретінде өткенге қарағанда әлдеқайда дамыды. Экзистенция философиясы, дін феноменологиясы мен психологиясы әр құбылысының танымы, ұстаным мен мұратын анықтай алатын сатыға көтерілді. Әрине, діни таным табиғаты жағынан күрделі әрі уақыт пен кеңістік, дүниетанымдық мәдени көпқабаттылықты да өз ішінде қамтиды. Сондықтан ислам ешқашан музыканы жатсынбаған. Исламда музыка өмірдің өзі. Жаратылыс сол музыкадан басталған. Исламда, әлемде музыканың, теориялық және философиялық теорияларын қамтитын зерттеулерді Әбу Насыр әл-Фараби атамыз жасағаны белгілі, бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Ясауидің музыкалық тұжырымы тікелей әл-Фарабидің саз философиясына негізделген. Ракс – ритуалдық би, сама діни әуен тыңдау – Алланы еске алудың, рухани шабыт шақырудың әдістері ғана. Ал әдіс ешқашан мұрат болмаған.
Салафилердің тағы бір үшінші сыны – «жүннен киім кию Хз.Исаның жолы. Хз.Мұхаммед жолы мақтадан киілген киім», – дейді. Сопылық пен жүн арасындағы байланысқа негіздесе керек Бұлұтай мырза да сопыларды «христиан» деп жүр. Бұл жерде салафилер мен бұлұтайшылардың осы сыны қисынға сыймайтын нағыз софистика. Жүн мәселесі төңірегінде хадистерді саралап қарайтын болсақ, Хз.Мұхаммед пайғамбардың жүннен тоқылған шапаны, өлерінде де үстінде жүннен тігілген киімі болғаны белгілі. Мысалы, Урва бин Муғира өзінің әкесінен естіген хадисте Хз.Мұхаммед пайғамбардың жүн шапаны болғандығын айтады.
Келесі бір сында, суфи сөзі исламға гректің “софия” (даналық) сөзінен енген дейді. Сопылық әр түрлі ағымдар мен философиялық мектептердің идеяларының қосындысы. Осыларды исламмен араластырып, өздерін мұсылманмын деп көрсетеді. Грек пантеизмі сопылық доктриналардың негізі, неоплатондық ілімі осы сопылыққа еніп, тәржіме арқылы қабылданды. Бұған философия кінәлі. Манихейлік пен суфизм Иранның негізгі танымы. Веданта ілімі де сопылықта бар. Исламда алғашқы үш ғасырда “суфи” сөзі, ұғымы болған емес.
Шындығына келсек, суфи ұғымы пайғамбарымыз дәуірі кезінде және одан бұрын да болған. Ал осы ұғымның ішкі мәнін толтырған ислам болды. Суфилік Құранмен көктеп, дамыды, тамырын Құраннан алды. Бұған таласатындар болса, олар белгілі бір мақсатқа қызмет ететін сырттан тапсырма алғандар болуы мүмкін. Өйткені, сопылықтың алғашқы кезеңі зухд туралы жоғарыда жеткілікті дәрежеде тоқталып өттік. Әрбір мәдениет бір жағынан өзінің қасиетті кітабымен тікелей байланысты. Батыс мәдениетінің негізінде Інжіл болғаны сияқты ислам мәдениетінің негізінде Құран бар. Ислам философиясы, мәдениеті мен өркениетінің ең маңызды қыры болып табылатын сопылықтың негізгі іргетасы – Құран. Сопылықты тарихи процесс ішінде сараласақ, ішінара басқа мәдениет, дүниетанымдармен байланыста болған. Бірақ, сопылық жолындағылар үшін ең бастысы әрі маңыздысы Құран Кәрімнің бұйрығы, көрсеткен жолы мен ұсыныстары. Сондықтан Құран мұсылмандар үшін мәні мен маңызы, орны мен рөлі бірінші орында тұратын Алланың каламы, сөзі (логос). Сопылықтағы Құранның әсері де өзге ислам ғылымдары сияқты ең басты және ең маңызды фактор болып қала береді.
– Сопылар, Алла бұл әлемді Мұхаммед үшін жаратты дейді. Бұған қандай негіз бар?
– Алланың өзі Хз.Мұхаммедті адамзаттың тәжі десе, әлемді Алла адам үшін жаратса, адамзат үшін рахмет ретінде жіберілген Мұхаммед пайғамбар болса, бұл сөздің Құранның мәніне сәйкес келмейтін ештеңесі жоқ. Алла, бұл дүние де, о дүние де маған тән (ал-Лайл, 13). (Зариат, 56) – Мен жындарды, адамдарды маған құлшылық етсін деп жараттым. Алла ең бірінші нұр, одан Мұхаммедті жаратты.
Сопылардың әулиелерге сыйынуы, молаларды айналуы, өлікке кесене орнатуы, дұға, зікір жасауы, тұмар тағу – олардың исламға әкелген бидғаттары. Сопылық ең үлкен ширк, яғни, көпқұдайлық негіздегі исламға жат, таухидтен алыс діни таным. Ислами бірлік пен универсалдықты бұзу үшін сопылықты исламның эзотериялық қыры, ислам мистицизмі деп көрсетеді.
Бұлар салафилер мен уаххабилердің өзгермейтін танымынан қағидашыл ұстанымынан туындаған сындар. Ислам өмір философиясы, қоғамның әрбір мүшесінің ең ұлы кісілік, құндылық иесі болып қалыптасуына, адамды сүюге, әділет, адалдық, басқа дінге құрмет пен төзімділік түсінігін егетін дін деп түсінеміз.
– Жалпы уахабилер деген кімдер? Олардың сопылармен байланысы бар ма?
– Бұл ағымның қалыптасуына сол дәуірдің қоғамдық, экономикалық, діни және саяси жағдайлары себеп болды. Ағымды негіздеген Мұхаммед Ибн Абдулуаххаб ХVІІІ ғасырдың орталарында Орталық Арабстанда Нажд және ал-Хаса аймақтарында қозғалыс жетекшісі болды. Бұл ағым негізінен араб ұлтшылдығын, Осман империясынан азат болу идеясын ту етіп көтерді. Бұл аймақта ешқандай империяның ықпалы болмады. Өте аз болды ислам тарихында. Жеке-жеке тайпалардан құралған арабтардың басын қосып, бір идеологияға біріктіру, ұлт жарату, ортақ мүдде, ұлттық мемлекет құруға негізделді. Дегенмен Уаххаби ағымының доктриналық негізі ислам тарихында ертерек басталған болатын. Демек, Абдулуаххаб өз идеясын аспаннан алған жоқ. Бұл идея сунни, ханбали мазхабы негізінде қалыптасып, дамыды. VІІІ-ІХ ғасырларда ислам догматикасына қауіп төнген шақта, Құран мен Суннаның тазалығын жақтап фиқх мектебін құрған Ибн Ханбал тарихта “Исламды бидғаттардан құтқарушы” деген атпен қалды. Осы принцип уаххабилердің басты ұстанымына айналды. Абдулуаххаб Ханбали ұстанымы негізінде діни, саяси ағымын құрды. Абдулуаххаб “дінді тазалау”, яғни, пайғамбар заманына оралу мақсатымен өз ағымын, қозғалысын ұйымдастырды. Оның ойынша, тек бәдәуи арабтар емес, барлық мұсылмандар таза ислам доктринасынан алыстаған болып есептеледі. Таухид жүйесіне қауіп төнді. Таухидті дұрыс түсінбеуімізден, ұмытуымыздан саяси, экономикалық, этикалық бодандықтамыз деп ұйымдастырды. Пайғамбар қабірін зияраттың өзі таухид теориясына қарама-қайшы келеді. Діндегі мәселесіне басқаша мән береді. Бұлар әрине өз сенімдік ұстанымдары тұрғысынан әулие, әнбиелерге, олардың қабіріне зиярат етуді әдетке айналдырған. Әсіресе, шийлер пайғамбар әулетінен шыққан уәкіл-имамдарға деген құрметі терең болатын. Тек пайғамбардың ғана емес, Кербала шөліндегі Хасан мен Хусайн, Меккеде Әбу Талип пен Бибі Хадиша қабірлеріне ағылып келіп жататын. Абдулуаххаб осы құбылысқа соғыс ашты. Олардың әрекетін Аллаға серік қосу (ширк), дінге жаңалық қосу (бидғат), діннен безушілік (куфр) деп бағалады. Олар үшін пайғамбардың, әулиелердің қабірлерін зиярат ету, Аллаға жеткізуші құрал (тауассул) Аллаға серік қосу болып есептеледі (ширк). Олар өте қағидашыл. Мысалы, “бас ауруға анальгин ем” десеңіз, бұл сөз Аллаға серік қосу (ширк). “Ясауидей әулиенің құрметі үшін мына дұғамды қабыл қыл” десең діннен безгенсің (мүшриксің). Бұлар өз дінінен жат, алыс қалғандарды тез баурап алатын доктрина. Абдулуаххаб “Құран мен Сунна” басқа да негіздерді қабылдайтын мазхабтарды дінге жаңалық қосу деп (бидғатшылықпен) күстаналайды. Ал, өздерін түсінгісі келмегендерді надан (жахил), олардың сеніміне кірмегендерді “дінсіз” деп қарайды. Абдулуаххаб “біздің ханафи мазхабын кафирлердің мазхабы” деп қарайды. Шындықта олардың қас дұшпаны – нағыз мұсылмандар. Өйткені, таухид ұстанымы христиан, йахудилерге сәйкес келмеді. Сонда да оларға мұсылманға қылған әрекеттерін қыла алмайды. Олардың иман мәселесі бойынша айтқан идеялары, жолдары мұсылмандар арасында түрлі түсініспеушілікке апарып соғуда. Сонымен уаххабилер Қазақстанда ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан дәстүрлі ханафи мазхабына қарама-қайшы көзқарастағы ағым. Мысалы, біз өмірден өткендерге, рухына Құран бағыштаймыз, тариқат, қабірді зиярат ету, оларға белгітас орнату исламға жат деп уағыз айтушылар көбейді. Бұл қоғамды қайшылықтар мен келеңсіз жайларға апарып соғуда. Музыка, театр, өнер, туылған күн тойлауды харам, күнә деп есептейді. Бұлар, уаххаби ағымындағылар үшін Аллаға серік қосу (ширк) және дінге жаңалық қосу (бидғат).
– Осы Таймииа деген кім? Қазір жастар «ұлы ұстаз Таймииа» деп шулап жүр...
– Тақиуддин Ибн Таймийа ХІV ғасырда өмір сүрген Ахмад Ибн Ханбалдың доктринасының жайылуына көп еңбек еткен адам. Оның көзқарасы бойынша әулиелер, әнбие, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) қабірін зиярат етуге қарсы шықты. Ибн Таймийа Ханбали мазхабының реформаторы ретінде, кейбір мәселелерде ханбали ағымына үйлеспейтін идеялар таратты. Құран мен Хадистен басқа негіздерді мойындамады. Сол себепті қазылар тарапынан қуғындалды, қапасқа жабылды. 1328 жылы түрмеде қайтыс болды. Ибн Таймийа ағымы өз дәуірінде радикалды есептелгендіктен онша оған ерушілер болмады. Ибн Таймийа идеясын Ибн Қайим ал-Жаузийа сияқты шәкірттері әрі қарай жалғастырды. Осы тұғырлар Мұхаммед Абдулуаххаб тарапынан уаххаби ағымының теориялық негізіне айналды. Уаххаби қоғамдағы құбылыстар мен діни, философиялық мәселелерді терең талдамайды, бір жақты тұжырым, үкім береді. Олар үшін Құран мен Суннадан кейін Ибн Таймийа мен Ибн Жаузийа еңбектері кодекс ретінде қабылданады. Бірақ, бұл ғалымдарды да дұрыс түсініп, меңгере алмағандары белгілі.
– «Бидғат» деген не?
– “Бидғат” сөзі араб тілінде сөздік мағынада “жаңалық енгізу” ретінде, шариғат тұрғысынан пайғамбарымыз үйреткен ислам дінінде кездеспейтін ешқандай шариғаттың қағидаға негізделмейтін амалды, іс-әрекетті айтады. Ислам ғұламалары бидғатты түгелдей жоққа шығармайды. Дінге жаңалық қосуды (Бидғатты) жақсы және жаман деп екіге бөліп қарастырады. Жаман бидғатқа, ғұламаларымыз, ислам діні негіздеріне, ғибадат формасына жаңалық енгізуді айтады. Мысалы, бес уақыт намазды, алты уақытқа шығаруға немесе екі уақытқа түсіре алмайды. Исламның иман, намаз, ораза, зекет және қажылық шарттарына басқа тағы да өзгеріс енгізуіне жол жоқ. Жақсы бидғат болса, адамның ақылы, ой-санасы, қоғам мен адамның материалдық, рухани тіршілігіне, кемелдігіне үлес қосатын нәрселер кіреді. Бұлар діни және дүнияуи дамуға ықпал еткендіктен дінде рұқсат етіледі. Мысалы, Хз.Мұхаммед пайғамбардың туылған күні (мәулід), тәспі (тасбих), салауат (тахлил), Алланы еске алу (зикр), әсем үйлерде тұру, техниа жетістіктерінен пайдалану және т.б. уаххабилер бұларға, пайғамбар дәуірінде болмаған нәрсенің бәрін жоққа шығарады. Оларды тұтастай бидғат деп қарайды. Ислам ешқашан адамның рухани, материалды дамуына, кемелденуіне қарсы шықпайды. Адамның ашқан жаңалықтарына Алла сүйіспеншілік танытады. Құран мен Суннаға оның талаптарына сай келетін нәрсенің бәрін ислам “ғұрып” дейді. Яғни, көркем, әдемі деген сөз. Барлық мұсылманның қабылдаған ісі Алла тарапынан да қабылданады (Хадис). Егер біз Пайғамбар дәуірінде болмаған деп, Суннитке сай емес деп, бүгінгі ғылымдар мен ислам ғылымдары тафсир, хадис, араб тілі (сарф, наху) бас тартсақ, мектеп, медресе, университетке бармасақ, бұл таза исламның рухына абсолюттік тұрғыдан жат нрәсе. Ислам қатып қалған қағида емес. Ол адамды, әсіресе, мумин-мұсылмандардың дамуы мен кемелденуіне бастайтын, қияметке дейін үкімі жүретін Алланың соңғы діні.
Сопылық, тариқаттар туралы мұсылман ғұламалары оның кемелдік, ар ілімі, жолы екендігін айтып кеткен. Ал уаххабилер, сопылыққа қарсы шығып, өз надандықтарын негіздеп, тариқат машайыхтарына ықпал беруді «күпірлік, күнә» деп есептейді.
– Абай Құнанбайұлының сопылық туралы көзқарастарына не дейсіз? Сіз өз еңбектеріңізде «Қазақ мұсылмандығының негізін Ясауи салған. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Майлықожа т.б. қазақ ғұламалары Ясауидің ілімін жалғастырушы ізбасарлары» дейсіз. Бұл не сонда адасушылық емес пе?
– Рас барлық қазақ ойшылдары мен зиялылары сопылық яғни, ар түзейтін іліммен сусындаған. Сынаған, үйренген. Ясауи де сопыларды сынаған. Абайдың сопылыққа тағып отырған сыны да жаңа сын емес, ол сонау традиционалистер мен сопылар арасында ІХ ғасырдан бері келе жатқан сын. Абайдың сопылықты сынауында мақсат бар. Бұл мақсатты Абай өзінің уақыты мен кеңістігіндегі ахуалдан алып отыр. Абай ғана емес, жалпы Шығыс әлемі Батыстың технологиясынан, ғылымынан артта қалудың басты себебі ретінде исламның рухы болған сопылық дүниетанымды көрсеткен болатын. Бұған сыртқы миссионер-ориенталистердің де ықпалы күшті болды. Сопылықты жоққа шығару арқылы исламдық тұтастықты ыдырату мақсат етілді. Негізінен Абайдың дәуірінде сопылық мәдениет әбден тозығы жетіп, өзінің таза рухынан алыстап, кім көрінгеннің құралына айналып, дін-қоғамды ыдыратудың саясатына айналған болатын. Тариқаттар саяси билік басындағы жекелеген хан, сұлтандарға ғана қызмет ете бастаған. Сопылық өзінің адамдық, моральдық мұраттарынан жұрдай болған еді.
Тарихтағы Ясауи жолы – дін іші тұтастыққа және діндер арасы татулық пен толеранттылыққа шақырады. Бұл жолдың ұстындық негізі – шариғат, психотехникалық жүйесі – тариқат, танымдық негізі – мағрифат және ақиқаттан тұрады. «Шариғатсыз тариқатқа, мағрифатсыз ақиқатқа өтуге болмайды», – дейді Ясауи. Ясауи ілімі бойынша шариғат – Алланың жаратқан бақшасында қалай жүруді ұсынады. Алла адамға ақыл, ерік, қайрат беру арқылы сынап, осы бақшаны адаспай аралағандарға жәннетті нәсіп етеді. Яғни, шариғаттың мұраты - жәннат. Сол бақшаның ішінде «гүл» бар. Ол гүлді тек қана Алланың дидарын талап еткендер ғана іздейді. Бұны тек Аллаға ғашық болғандар қалап алады. Олар үшін Алланың жұмағы да, тозағы да емес, Өзі керек. Яғни тариқаттың мұраты Алланың дидары. Сондықтан да оларды «дидар талап» дейді. Сынға төзгендер ғана «сырға қанығады». Бұл мағрифат сатысы.
– «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда пір Бекет» дейді қазақ халқы. Бұның исламға қандай қатысы бар?
– Бұл қазақ даласына таралған ислам арнасының рухани бастауын көрсететін тіркес. Құт ілімінің берілу жолдарын да білдіреді. «Құрма символымен келген ілім» қазақ деген болмыстың өзіне, өзегіне сопылық таным болып енді. Қазақтың құқықтық, моральдық, саяси және танымдық жүйелерінің желісінде Ясауи ілімін көруге болады. Алғашқыда қазақ деген болмысттық ғарышқа кіру үшін ол рудың «сұлтаны мен қожасы» болуы шарт болатын. Мысалы Абылай кезіндегі «керейлер» өздерінің сұлтаны мен қожасын анықтап, қазақ болды. Ясауидің жоғарыда айтқан төрт ұстанымы мен шарты, яғни, «заман, мекен, ихуан, рабти сұлтан» қазақ мемлекеттілігінің негізгі ұйытқысы болды.
Ясауи ілімі бүгінгі қазақ мұсылмандығының негізі. Сондықтан біз Ясауи жолындағы қазақ мұсылмандарымыз. Оны ешкімнен жасыра алмаймыз. Ясауи жолы фикхтық жағынан Имам ағзам Әбу Ханифаның, ақаидтық (доктриналық) жағынан имам Матурудидің іліміне негізделген, түркі халықтары арасында кең тараған нағыз түркілік мәдениетпен сомдалған дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы. Сондықтан Қазақстанға зікірден келетін қауіп жоқ. Ясауи ілімі Қазақстандағы дінішілік қана емес діндераралық татулық пен толеранттылықтың темірқазығы. Сопылық, қазақтың ұлттық болмысы мен мемлекеттілігінің, мәдениетінің негізі. Ол ешқашан мемлекетке, оның саясатына «қиғаш емес». Сопылық егер қазақ мемлекеті мен саясатына қиғаш болса, онда мемлекеттілігіміз бен мәдениетіміз де «қиғаш» болғаны. Өйткені, сопылық қазақ руханиятының негізіндегі өзектің ең маңыздысы, қазақ мұсылмандық түсінігінің айнасы.
Сондықтан бізге қалғаны Ясауи мұрасын өз деңгейі мен дәрежесінде меңгеріп, соған лайық бола алуымыз керек. Барша мұсылман оқырмандарды Ясауиді оның мұрасын сүюге және құрметтеуге шақырамын. Өйткені өзіңді құрметтеудің ұстанымы осында жатыр...
– Ясауитану мәтіні бар ғылым ба? Кейінгі кездері Ясауи хикметті өз жазбаған деген сөздер айтылып жатыр. Бұл жайлы не айтасыз?
– Ясауи туралы әлемде 30-дан астам монография, 500-ден астам магистрлік, докторлық, бакалаврлық диссертация қорғалды. ХІV ғ. бастап бүгінге дейін Ясауи түркі сопылығын насихаттаушылары мен зерттеушілерінің негізгі объектісіне айналып келеді. Ол туралы ең ескі қолжазба нұсқалары ХІV ғасырға, Хикметтері де ХVІІ – ғасырға тән. Кезінде Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығынан Ясауи мәдениетіне тән 6 кітап жарияланды. Ясауи шығармалары – “Диуани Хикмет”, “Мират-ул Қулуб”, “Рисала дар адаби тариқат”, “Илмул Ахуал”, “Китабул Танбих уд-даллин”. Бұлар толығымен Ясауи мәдениетіне тән мәтіндер.
– Әңгімеңізге рахмет!
Б.САЙФУНОВ