Жер кодексін түсіндіру үшін "дуана болуға дайын" Досаев қызметінен кетті
2016 ж. 05 мамыр
2258
0
Ақордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан кеңесте Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев қызметінен кетуге өтініш берген болатын.
Бұл ақпаратты Қазақстан жаңалықтарының баспасөз қызметі растады деп хабарлайды NUR.KZ.
Қазақстан президентінің жарлығымен ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев қызметінен кетті. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы шешімді бейсенбі күні түстен кейін Ақордада өткізген кеңесте жариялады. Кеңеске парламент палаталарының төрағалары, премьер-министр, президент әкімшілігінің басшысы, үкімет мүшелері мен мемлекеттік органдар басшылары қатысты.
45 жастағы Ерболат Досаев елдің бірнеше аймағында үкіметтің «жер сату» жоспарына қарсылық білдірген шерулер өтіп жатқан шақта қызметінен кетті. "Жер дауы" наурыздың соңында Досаевтың биыл 1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы жерлерінің жеке меншікке аукцион арқылы сатылатыны және шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылатыны туралы мәлімдемесінен соң басталған.
Жер заңына үкімет ұсынған өзгерістерді былтыр күзде парламент енгізіп, президент бекіткен еді деп жазады Азаттық.
Ерболат Досаев Ұлттық экономика министрі қызметін 2014 жылдың алтыншы тамызынан бері атқарып келеді. Ол 1970 жылы 21 мамырда туған. Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу Мемлекеттік техникалық университетін бітірген.
Қазақстан премьер-министрі кеңесшісі, Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, Қаржы вице-министрі, Қазақстан Даму банкі Директорлар кеңесінің төрағасы, Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы, Денсаулық сақтау министрі болған. Мемлекет басшысының 2013 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығымен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болып тағайындалған.
Сондай-ақ, жиында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке сөгіс жарияланды.