"АҚ ЖОЛ": ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗҒА ІШТАРЛЫҚ ЖАСАУҒА БОЛМАЙДЫ
2016 ж. 20 сәуір
3043
2
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
Е.К.Сағадиевке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Ерлан Кенжеғалиұлы!
«Ақ жол» демократиялық партиясына Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнография институтының тарихшы ғалымдары шыққан еді. Анығырақ айтқанда, Білім және ғылым министрлігінің типтік оқу жоспарында жоғары білім жүйесінің оқу бағдарламасынан «Қазақстан тарихын» дербес толыққанды пән ретінде алып тастап, оның орнына «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» аталатын пәнді енгізу ісі қолға алынған сыңайлы. Мәселен, осындай эксперимент еліміздің 3 жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, Алматыдағы Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде, Тараз және Павлодар педагогикалық институттарында басталып та кетіпті. Аудиторияларға берілген сағат сандары азайған, мемлекеттік емтихандар алынып тасталған. Тарихшы емес барлық мамандықтар осы бағдарламаға көшірілмек. Бұл арада мынаны ескерген жөн. Ия, рас, тәуелсіз мемлекеттік кезең Отан тарихының, оның бүгіні мен ертеңгі болашағы үшін аса маңызды кезең. Бұл тарихи шындық, оған ешкім де қарсы бола алмайды. Сонымен бірге біздің бүгінгі жетістіктеріміз аға буын ұрпақтардың, халқымыздың түрлі тарихи кезеңдердегі ардақты ұл-қыздарының қаһармандық күресі мен жасампаз еңбегінің табиғи жалғасы емес пе? Ұрпақ сабақтастығы – қоғамдық дамудың іргетасы. Тарихи сабақтастығы әлсіз қоғам – ол түздегі жел қуған қаңбақты еске салады. Отан тарихын оқыту ісі бүгінгі заман сұранысына лайық болғаны жөн. Жоғары мектеп бағдарламасы орта білім жүйесіндегі материалдарды қайталауға тиіс емес. Сонымен бірге Отан тарихын оқыту ісінде біздің елді мемлекетшілдік ұстанымы және ұлттық бірегейлігі қалыптасқан елдермен теңгеріп, бұл пәннің жас ұрпақтың санасында отансүйгіштік сезім және мемлекеттік патриотизм қалыптастыру ісінде атқаратын рөліне немқұрайлы қарауға болмайды. Отанының жүріп өткен жолын, оның бүгінгі өзекті қоғамдық мәселелерін білмейтін, түсіне алмаған маманды мемлекетті басқару ісіне жіберуге бола ма? Бұл жөнінде «Ақ жол» демократиялық партиясының ұстанымы айқын: тарих пәнін кең көлемде мейлінше тереңдетіп оқыту қажет. Оның үстіне біз Қазақстан азаматтығын Ата заңды білумен қоса Қазақстан тарихын білу жөнінен де емтихан тапсырғаннан кейін беруді қажет деп санаймыз. Естеріңізде болса, тіпті кейбір көршілес мемлекет басшылары аузынан Қазақстанда бұрын мемлекеттілік болмаған деген суық сөздерді де естіп қалып жатырмыз. Егер біз өз тарихымызды білмесек, басқа мемлекеттерге біздің тарихымызды қалай мойындатып, сыйлата аламыз? Біз, ұлттың шынайы тарихы тек тәуелсіздік жылдары ешқандай идеологиялық шектеусіз қорытыла бастаған кезеңде, «Қазақстан тарихын» келте нұсқада оқытуға болмайды деп санаймыз. Біз неге өзіміздің төл тарихымызға осыншама іштарлық жасап отырғанымызды түсіну қиын. Тіпті Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Елордада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында: «Мен бұрынырақ бір жазғанымда айтқан едім: Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ деп. Бүгін сол сөзімнің жалғасы ретінде айтар едім, бізге бабалар тұлпарының тұяғымен жазылған ата тарихымыздың әр парағы ерекше қымбат. Қазақ халқының бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым мақтан ететін болады» деп атап айтқан. Ендеше, біз Қазақстан тарихын оқыту көлемін бұдан әрі ешқандай азайтуға болмайды деп есептейміз. Әдетте эксперимент ретінде енгізілген осындай «жаңалық» қалыпты Ережеге айналып кетіп жататыны бар. Сондықтан да біз Сізден, құрметті Ерлан Кенжеғалиұлы, бұл экспериментті тоқтатып, Білім және ғылым министрлігі тарапынан парасатты шешім қабылдауыңызды сұраймыз. Құрметтен: Ақ жол фракциясы депуттатары Б.Дүйсенбинов, А.Перуашев, Е.Никитинская, М.Қазбекова, Е.Барлыбаев, Д. Еспаева, К. Абсатировqazaquni.kz