Шекаралық ауылдардың ауыр халі – ұлттық қауіпсіздікке қатер!
2016 ж. 17 наурыз
4388
8
Есін жиып, етегін қымтаған елдің ең бірінші қолға алатын басты мәселесі – шекара шебін бекемдеу болатыны анық. Бұл тұрғыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ қимылдап, қайсарлықпен қайрат көрсетіп, мемлекеттік шекараны шегендеп, халықаралық келісім-шарттарды бекітіп алғаны белгілі.
Ендігі күрделеніп тұрған шетін мәселе – шекаралық аудандардағы халықтың жағдайы. Жылдан-жылға шекаралық ауылдардағы халықтың саны кеміп барады. Жаппай көшуге бет алған бұл ауылдардағы ең басты мәселелер – инфрақұрылымның кемшілігі, жұмыссыздық пен мектептердің жабылуында. Яғни, шекарамыз шегеленгенмен, егеленген халықтың саны сиреп бара жатқаны көңілге қауіп ұялатады.
Бүгінгі халықаралық жағдайдағы тұрақсыз дүрбелеңдер мемлекеттің басты назарын осы мәселелерге аударуды талап етеді. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарындағы шекаралық ауылдар жағдайы сын көтермейтіндіктен, халықты тұрақтандыру мен шоғырландыру мәселелерін мемлекеттік деңгейде шұғыл қолға алуымыз қажет.
Ең басты мәселе – шекаралық ауылдардағы мектептердің жағдайы. Тәуелсіздік алғалы бері шекаралық ауылдардағы мектептер жабылып, халық саны жылдан-жылға қатты кеміп барады. Бұндағы мектептердің жабылу себебі – мектеп оқушыларының саны тиісті шекті мөлшерге сай келмеуінен туындауда. Сондықтан шекаралық аудандар үшін арнайы заң қабылдап, олардағы мектептердегі оқушылардың тиісті шекті мөлшерін кемітуді қолға алу керек деп санаймыз. Себебі, жоғары оқу орындары үшін Үкіметтің «Серпін» жобасы ішкі көші-қон қозғалысына сенімді серпін беріп жатқанын көріп жатырмыз. Ендеше, шекаралық аудандардағы мектеп мәселесі де арнайы заңмен бекітілуі тиіс деп білеміз.
Мысалы, дамыған елдерде, соның ішінде Жапонияда білім, мектеп, жалпы руханият мәселесі басты назарда болады. Жақында баспасөзде Жапониядағы трамвай мекемесі шет ауылдан қалаға қатынайтын жалғыз оқушы үшін тоқтатылуы тиіс трамвай бағытын екі жыл бойы жұмыс істеткені жазылды. Шет ауылдағы бір оқушы мектебін бітіргенше, жалғыз жолаушы үшін трамвай қатынасын тоқтатпау – Жапонияның жасампаз рухты ел екенін көрсетеді. Ал бізде жалғыз оқушы түгіл, жүздеген мектептер жабылып жатыр..
Кезінде баспасөзде жазылғандай, мысалы, бір ғана Шығыс Қазақстан облысы бойынша алсақ, 1997-2011 жылдар аралығында ғана шекаралық аудандардағы 45 елді мекен еліміздің картасынан жойылып, 20-дан астам мектеп өз жұмысын тоқтатқаны аза бойыңды қаза қылады. 2012 жылға дейінгі дерекке қарағанда, 15 жыл ішінде шекаралық Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Үржар аудандарынан 85,1 мың адам көшіп кеткен.
Ауылмен байланысы үзілмеген қоғам қайраткері Нұртай Сабилиановтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында тек 2009-2010 оқу жылында балалар санының азаюына байланысты 19 мектеп, 2010-2011 білім беру аралығында 17 мектеп, 2011-2012 оқу жылында 13 мектеп жабылған. 2012-2013 оқу жылында облыс бойынша 20 жалпы білім беретін мектеп жабылып, 6 мектеп қайта ұйымдастырылған. Жалпы, 2009 жылдан бастап облыста 69 мектеп жабылып, 48 мектеп қайта ұйымдастырылған. Қайта ұйымдастырудың да тигізер кесірі көп. Өйткені, 11 жылдық мектептер тоғыз жылдық немесе тоғыз жылдық мектептерді бастауыш мектептер мәртебесіне ауыстырады. Бұл да халықтың көшуіне өз әсерін тигізуде. Сондықтан да біз шекаралық аудандардағы мектеп мәселесі де арнайы заңмен бекітілуі керектігін көтерудеміз.
Бұл бұдан 5-6 жыл бұрынғы бір ғана облыстағы дерек.
Содан бері жалпы еліміз бойынша шекаралық аудандардағы халық саны одан сайын азайып келе жатыр. Өйткені, жыл сайын кемінде 3-4 мыңға жуық тұрғын облыс орталықтарына қоныс аударуда. Егер бұл елдің етегін жалаңаштап жатқан екпінді мемлекет дереу тоқтатып, шұғыл қолға алмаса, шекара шебімізді қорғайтын халық қалмайды. Себебі, шекараның мықты болуы – ондағы әскерлердің санына ғана емес, шеп бұзбай отыратын халықтың санына да байланысты екені әлмисақтан әйгілі жайт.
Көршілес Қытай, Ресей мемлекеттері шекаралық аудандарын мықтылау үшін бар күштерін салып жатқаны белгілі. Қытай Қазақстанмен шекаралас аудандарына халықты шоғырландырып, мызғымас қамалды қалалар салып тастаса, Ресей Қиыр шығыстағы шекаралық аудандарына көшіп барушылар үшін гектарлап жер телімдерін тегін беруді қолға алуда.
Шекаралық аудандардың халық санының күрт азаюы қиын-қыстау кезіміздегі оңтайландырудың оңай тимегенін білдіреді. Шекаралық аудандар тараған кезде жыл сайын сегіз мектепке дейін жабылып, сол кезеңде 80-ге жуық ауыл толық жойылып кеткені баспасөзде талай жазылды. Елулікті еңсердік, енді отыз елдің ортасына енеміз деп жатқанда осы аудандарды қайта қалпына келтіру де күн тәртібіне сұранып тұрғаны анық. Сонымен қатар, атамекенге оралған қандастарымызды үкімет белгілеген тиісті облыстарға бөлгенде, шекаралық ауылдарға да орналастыруды ойластыру керек.
Қорыта айтқанда, бүгінде шекаралық аудандарға ерекше мәртебе беретін заң шығарып, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Шекаралық ауылдарда мақсатты түрде жұмыс орындарын көптеп ашу – кезек күттірмес іс. Жабылып қалған мекемелер мен мектептердің ашылуын, бюджеттік қызметкерлер жалақысына 50-60 пайыздық үстеме төлеу, кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасау, жас мамандардың қияндағы алыс ауылдарға барып, тұрақтап қалуы үшін шекаралық аудан тұрғындарына арналған түрлі жеңілдіктер қолға алынуы тиіс.
Яғни, шекарадағы ауылдардың ауыр халі – ұлттық қауіпсіздікке қатер! Сондықтан шекаралық аудандар үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек.
Қазыбек ИСА,
"Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары
qazaquni.kz