Парламенттің жаңа құрамында қандай жаңашылдықтар болуы мүмкін?
2016 ж. 16 наурыз
2254
0
Бүгін кешкі сағат 22:30-да «Хабар» арнасынан көрсетілетін Мәжіліс сайлауына қатысушы партя өкілдері арасындағы теледебаттың түсірілімі өтті. Оған алдында хабарланғандай алты партияның өкілі қатысып, өз ұстанымдарын жеткізді.
Үш кезеңнен тұрған пікірсайыстың алғашқы кезеңі «Әлемдік жаңа экономикалық ахуал: мәселелер мен даму» тақырыбына, екінші кезең: «Қазіргі жағдайдағы инфрақұрылым, көлік, логистика» тақырыбына арналды. Саяси науқан кезінде экономиканың көлік, тасымал, инфрақұрылым сынды тар тақырыптарын негізгі әңгімеге арқау ету – әу бастан саясаткерлердің батыл мәлімдемелеріне жол бермеу мақсатынан туған секілді. Тек үшінші кезеңде ғана спикерлерге сайлаушыларға үндеу арнауға мүмкіндік беріліпті.
Спикерлер сайлау бюллетенінде белгіленген тәртіп реті бойынша сөз алып, пікірсайыстың үшінші турында сайлау мен елдің саяси өміріне, келешегіне қатысты ойларын ортаға салып, сайлаушыларға үндеу жасады. Онда «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов елдің бүгінгі жеткен жетістіктерінің барлығын Елбасы жүргізіп отырған саясаттың жемісі депті.
«Тәуелсіз Қазақстан қол жеткізген барлық жетістіктер Елбасы бастаған барлық отандастарымызды еңбегінің жемісі. Тәуелсіздік жылдары біз бірнеше дағдарысты бастан кешірдік: экономиканы дамыттық, мыңдаған аурухана, мектеп, жолдар салдық, өнеркәсіп пен шағын бизнестің жаңа саласын қалыптастырдық… Жаңа қатерлерге нақты жоспар бар, ол – «Нұрлы жол» бағдарламасы», – деді А. Мырзахметов.
«Ақ жол» атынан сөйлеген партия жетекшісі Азат Перуашев:
«Ақ жол» фракциясы пардаментте үкіметтің көптеген бастамаларына қолдау танытпай, қалыс қалып келді. Бұған біз осылай істеуді қалағаннан емес, мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді, жария ету, олардың жауапкершілігін арттыру мақсатында бардық», – деді.
А. Перуашев халықты сайлауға белсенді қатысып, өз дауыстарын қалаған саяси партияға беруге, сол арқылы халық үшін әлдебіреулердің шешім шығаруына жол бермеуге шақырды.
«Ауыл» партиясының жетекшісі Әли Бектаев:
«Алдағы сайлау – барлығымыз үшін, еліміз үшін үлкен саяси және тарихи оқиға. Біз барлығыңызды сайлауға қатысуға, өздеріңіздің сайлау құқықтарыңызды пайдалануға шақырамыз. «Ауыл» партиясы сіздерді тек партия үшін ғана емес, еліміздің әлі күнге асыраушысы болып отырған ауыл үшін, ауыл шаруашылығы үшін дауыс беруге шақырамыз», – деген үндеу жасады.
Комунистер атынан Владислав Косарев сөз алып, партияның сайлауға барудағы мақсат, міндеттерін жеткізіпті.
«Біз парламентке сіздердің өмірлік жоспарларыңыз, армандарыңыз бен өз өмірлеріңіздегі бақытта сәттер үшін күресуге барамыз. Біз, комунистер, Үкіметке батыстың магнаттары сияқты ойларына келгенді істеуге жол бермейміз», – дейді ол. Үндеуінің аяқ жағын В. Косарев өлеңге айналдырып жіберіпті.
Қазіргі билікке ашық қарсылық танытып жүрген жалғыз саяси партия- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан пікірсайысқа қатысқан Зәуреш Батталованың сөздері жаңаруға шақырған батыл мәлімдеме болған сияқты.
«22 наурызда біз Наурызды – жаңару мерекесін, жаңа жыл мен жаңа өмірдің бастауын атап өтеміз. Күн мен түн теңелетін көктемнің осы күнінде аспан денелері мен жұлдыздар өздерінің бастапқы нүктелеріне келіп, жаңа жол, жаңа цикл бастайды. 20 наурызда сайлау өтеді. Осы күні қазақстандықтар өз таңдауларын жасап, жаңа жол, жаңа цикл бастайды. Жоқ дегенде біздің мемлекетіміздің жаңаша дамуына талпынады», – деген ол елді жаңару мерекесі қарсаңында өз партияларына дауыс беруге шақырыпты.
«Бірлік» партиясы атынан сөз жарысқа шыққан үміткер Роза Қуанышбаева саяси ұйымның экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне көңіл бөлетінін жеткізген.
«Өзіміздің азаматтық жауапкершілігімізді сезіне отырып, біз болашақ ұрпаққа таза Қазақстанды қалдыруды мақсат етеміз. Әлем үлкен климаттық өзгерістер алдында тұр. Қазір барлық қазақстандықтардың қоршаған ортаны қорғау мәселесіндегі белсенді азаматтық ұстанымы өте маңызды», – деген ол болашақта жасыл экономикаға көшу мәселелеріне көңіл аудартты.
Әр саяси партия өз жетекшілері мен өкілдерінің теледебатта айтқан сөздерін өздеріне тиесілі ақпарат ресурстары арқылы таратуда. Таңертең түсірілген телебағдарламаның көгілдір экраннан көрермен назарына ұсынылғанға дейін қаншалықты өзгеріске ұшырайтыны, осы саяси шара үшін берілген 90 минут уақыттан кімге қаншасы тиесілі болатыны кешке белгілі болады. Қалай болғанда да саяси тартыс құралы ретінде маңызы жоғары, сайлау нәтижелері мен сайлаушылардың таңдауына ықпал етудің басты құралы саналатын теледебаттың үгіт-насихат науқыны аяқталуға жақындағанда өткізілуінің өзі биліктің ашық пікір талас пен әділ бәсекеге әлі де үрке қарайтынын аңғартып отыр. Соған қарағанда еркін ойлы азаматтардың Мәжіліске өтіп, парламентті жаңарта қоюы да екіталай сияқты.
Дархан Мұқантегі
Дерек көзі: Қамшы.кз
- «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Әли Бектаев
- сайлау-2016
- Қазақстанның коммунистік халық партиясының құрметті хатшысы Владислав Косарев
- Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының өкілі Зәуреш Баталова
- «Бірлік» партиясының мүшесі Роза Қуанышева
- «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов
- пікірсайыс
- Қазақстанның «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев