Депутаттыққа үміткерлердің 20 пайызы әйел адам - ОСК
2016 ж. 09 ақпан
2598
4
Саяси партиялар Мәжіліс депутаттығына ұсынған кандидаттардың 99 пайызы жоғары білімді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
Оның атап өтуінше, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 2016 жылғы 8 ақпанда кандидаттарды ұсыну аяқталды.
«Кандидаттарды ұсыну іс-шаралары Конституцияға және сайлау заңнамасына толық сәйкестікте өтті. ҚР ОСК-ға барлығы 6 саяси партияның: «Нұр Отан» партиясының, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының, Қазақстан Коммунистік халық партиясының, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының және «Бірлік» Саяси партиясының тізімдері, жалпы саны 234 кандидат ұсынылды. Қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясының, «АҚ жол» ҚДП-ның, «Ауыл» ХДПП-ның және ҚКХП-ның партиялық тізімдері тіркелді», - деді ол.
Қ.Тұрғанқұловтың атап өтуінше, олардың құрамында 10 ұлттың өкілдері бар 203 кандидат қамтылған. Тіркелген кандидаттардың 80 пайызы - ер адамдар және 20 пайызы - әйел адамдар. Кандидаттардың 99 пайыздан астамының жоғары білімі бар.
Өз партиялық тізімін тіркеген партиялар сайлау қорларына қаражат жинау үшін арнайы шоттарды ашу жөнінде жұмыс жүргізуде. Осымен қатар саяси партиялардың және мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау қорларын тіркеу жүргізілуде. ЖСДП және «Бірлік» СП-ның тізімдеріне енгізілген кандидаттарға қатысты қазіргі уақытта олардың Конституцияның және сайлау туралы заңның талаптарына сәйкестігін тексеру жалғастырылуда», - деді ОСК басшысы.
Дерек көзі: ҚазАқпарат