Сүнниттер мен шииттер: текетірес немен бітеді?
2016 ж. 26 қаңтар
8563
17
Зибакалам Мофрад, Теһран университеті саясаттану факультетінің профессоры: – Иранда алғаш рет реакция ретінде жиналған жұрт Сауд Арабиясы елшілігіне шабуыл жасады. Бірақ енді ирандықтардың көпшілігі мұны айыптап отыр, өйткені баршаның назары елшілік ғимаратының өртенуіне ауып, шейх Нимр Бакр әл-Нимрдың жазаланғаны елеусіз қалды. Болған жағдай өкінішті-ақ, себебі, бұл аймақтағы шиит-суннит жанжалын шиеленістіре түседі. Сонымен қатар, Иран өлім жазасы үшін қатал кек алатынын мәлімдеді, бірақ, менің ойымша, бұл іс жүзінде Сауд Арабиясына қатысты қандай да бір әскери іс-қимыл болады деген сөз емес. Осыдан екі айға жуық уақыт бұрын қажылық орын алған адам нөпірінен бірнеше жүздеген ирандық қаза тапқанда Ирандағылардың көбі, соның ішінде «Ислам революциясының сақшылары» да мұны кешірмейтіндерін, өш қайтаруды ескерткенін есте ұстаған жөн. Бірақ іс жүзінде ештеңе де болған жоқ. Бұл жолы да Иранның қолынан келетіні шамалы деп айтар едім. Иран, сонымен қатар, Сауд Арабиясымен қарым-қатынастың үзілуінен зардап шегуі мүмкін, өйткені іс жүзіндегі дипломатиялық қарым-қатынас болмаса, оның қолында Эр-Риядқа қысым жасау тетіктері болмайды. Иранның басқа араб мемлекеттерімен қарым-қатынасы да онша тұрақты емес, осылайша оның әсер ету ауқымы шектеулі әрі өз пікірін білдіру мүмкіндіктері тым аз. Халыққа, қарапайым ирандықтарға келсек, Сауд Арабиясы елшілігіне шабуыл жасағандарға интернетте сын айтып жатқандарды көптеп көріп отырмын. Кейбір тәуелсіз газеттер да бұл оқыс оқиғаны сынға алды.
Ханан Разек, «Би-би-си» қызметінің тілшісі: – Бірнеше саясаттанушымен сұхбаттасқанымда олардың барлығы бұл жанжалдың қатты ушығып кетуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. Солардың бірі жоспарда соғыс болмаса да, ол кездейсоқта, бір тарап немесе олардың одақтастарының бірі шалыс қадам жасаса тұтанып кетуі ықтимал деді. Бұл жанжалдың ушығуы ғана емес, оның бүкіл аймаққа, ең алдымен Сирия мен Йеменге тигізетін салдары алаңдаушылық туғызады. Осы айда бұл екі елдегі жағдай бойынша бейбіт келіссөз өтуге тиіс, ал енді оның болатын-болмайтыны және болған жағдайда табыспен аяқталатыны не басқаша сипат алатыны түсініксіз болып отыр. Болып жатқан жағдайға Сауд Арабиясында түрлі реакция туындады. Ал көпшілікті құрайтын сунниттер биліктің шешімін қолдап отыр. Әлеуметтік желілерге, әсіресе, Сауд Арабиясында кеңінен пайдаланылатын «Твиттерге» қарасақ, жұрттың көбі король отбасына мақтау сөз айтып, оның қабылдаған шешімі үшін алғыс айтып жатыр. Олар мұны дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім деп санайды. Дегенмен, аймақта соғыс басталып кетуі мүмкін деп қауіптеніп отырғандар да бар. Ресми саясатқа келсек, ирандық дипломаттар 5-қаңтарға дейін Сауд Арабиясынан кетуге тиіс болған. Эр-Рияд сыртқы істер министрі оларға жиналып кетуге екі тәулік уақыт берді. Кейбір басқа елдер бұған ниеттестік танытты. Айталық, Бахрейн және Судан Иранмен дипломатиялық байланысты үзетіндері туралы шешімге келсе Біріккен Араб Әмірліктері Ирандағы дипломатиялық өкілдігін қысқартпақ. Белгілі болғандай, Кувейт те Ирандағы өз елшісін кері шақырып алатынын мәлімдеді. Кристиан Коатс Ульрихсен, Лондондағы Чатэм-хаус Корольдік халықаралық қатынастар институтының ғылыми қызметкері: – Қазіргі текетірес 1980-жылдарда болған жанжал сияқты өте қауіпті. Сол кездерде екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас тұңғыш рет 1988 жылдан 1991 жылға дейін уақытша тоқтап қалған еді. Бұл жағдай 1979 жылғы Иран революциясы мен сегіз жылға жалғасқан 1980-1988 жылдардағы Иран-Ирак соғысын қамтыған дау-дамайлы онжылдықтан кейін орын алған болатын. Бұл соғыс кезінде Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің басқа мүшелері Саддам Хусейнді қолдап, өздерінің кемелеріне Иран тарапынан шабуыл жасалғанынан зардап шеккен еді, ал 1984 жылы Сауд Арабиясының әуе-әскери күштері Сауд Арабиясының әуе кеңістігін бұзды деп Иранның жойғыш ұшағын атып түсірді. Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы басқа араб елдері Иранның революциядан кейінгі үкіметінің және шейіттердің арасында соғысқұмарлық көңіл-күйдің артуының, 1981 жылы Бахрейнде ұйымдастырылып іске аспай қалған төңкерістің және содан кейін төрт жыл өткен соң сәтсіздікке ұшыраса да Кувейт әміріне қарсы қастандық жасалуының арасында байланыс бар деп есептейді. Қазіргі жанжал кезінде осынау тікелей майдандасқан жағдайлар болмаса да бұл шиеленістің 1980-жылдардағыдай қаупі зор. Мұның үш себебі бар. Ең алдымен, бұл көптеген жылдарға жалғасқан, Таяу Шығысты сунниттер мен шииттердің мүдделеріне қарай тереңінен екі жарып бөлген әрі Иран мен Парсы шығанағындағы оның көршілерінің арасында тұңғиық сенімсіздік ахуалын туғызған сектанттық саясаттың салдары.Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті