Рустам Сағадиев, саясаттанушы: Біз саяси партиялардың бірігуіне куә боламыз
2016 ж. 17 қаңтар
2908
1
"...Екінші орынды «Ақ жол» партиясы иеленеді."
Соңғы күндері қоғамда мерзімінен тыс сайлау болады деп айтылуда. Жалпы мерзімнен тыс сайлау не үшін керек?
Дағдарыс басталғалы бері қоғамда билікке деген сенім азая бастады. Яғни, саяси институттарға халық сенімсіз қарауда. Дәл осы ретте халықтан бу шығару үшін депутаттардың кезектен тыс сайлауын жасау керек болып тұр. Халық ол қазан сияқты, анда-санда қақпағын ашып, буын шығарып отыру өте маңызды. Өйткені дәл қазіргі парламент құрамы халықтың үмітін ақтай алмады.
Сіз дәл дағдарыс кезінде сайлау керек деп санайсыз ба?
Дағдарыс болып жатыр. Яғни сол дағдарыстың басында депутаттарды сайлап алу керек. Өйткені қазір өткізбесек, дағдарыс дендеген сәтте сайлауды өткізе алмай қалуымыз да ғажап емес.
Парламенттік сайлау қай уақытта болғаны дұрыс деп ойлайсыз?
Менің пікірімше, парламенттік сайлау наурыздың 13-і мен 20 аралығында өтуі мүмкін. Себебі 22-нен кейін халық мерекелік көңіл күйге байланысты жүретін болады. Сондықтан дәл осы уақыт аралығына қою өте тиімді болмақ.
Осы парламенттік сайлаудан не күтесіз?
Осы жолғы парламенттік сайлауда халық жаңашылдықты, үлкен өзгерісті күткенімен, қатты өзгеріс бола қоймайды. Есімізде болса, өткен парламенттік, президенттік сайлау болған сценариймен өтеді.
Сіздің ойыңызша, «Нұр Отаннан» басқа қай партияның парламентке өтуге мүмкіншілігі көп?
Әрине, екінші орынды «Ақ жол» партиясы иеленеді. Үшінші, төртінші орындар үшін қызу шайқастар болады. Дауыс берушілердің саяси белсенділігі қазіргі жағдайда өте төмен, сондықтан межелі дауысты жинау мақсатында біз саяси партиялардың бірігуіне куә болып қалуымыз бек мүмкін. Алайда қазіргі таңдағы саяси ахуалдың күрделілігіне байланысты қай партиялардың бірігерін дөп басып айту мүмкін емес. Қазіргі таңда саяси партиялар қоғамға таныс лидерлерді іздеу үстінде. Ондай лидерлер белгілі қоғам белсенділері мен қоғам қайраткерлерінің арасынан ізделетіні заңдылық, өйткені халық өзі дауыс беретін партияда қандай лидердің бар екеніне назар аударатын болады.
Сұхбаттасқан: Қанат Байұзақов
arhar.kz