ТҰТАСТЫҚ ПЕН ЖАҢҒЫРУ – МӘҢГІЛІК ЕЛ МҰРАТЫ
2016 ж. 16 қаңтар
4745
0
Ұлттық мүдде
Тәуелсіз елімізде қол жеткізген жетістіктеріміз қоғам мен билік арасындағы берік байланыс пен азаматтық қоғам институттарының өзара әріптестік қызметі арқасында сәтті іске асты. Мемлекет басшысы алдымен – экономика, одан соң саясат екендігін үнемі айтып келеді. Бұл ұстаным бүгінгі геосаяси және геоэкономикалық мүдделер қақтығысы және әлемдік қаржылық дағдарыс жайлаған алмағайып заманда бірден-бір дұрыс шешім екендігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласы бүгінгідей тұтас әлем бастан кешіріп жатқан экономикалық, саяси ахуалдың күрделі жағдайында аса қажетті дүние екені анық. Сонымен қатар бұл – халқымыздың асыл армандары мен айқын мұраттарын шыңдап, дүниежүзілік кеңістікте ел мерейін үстем ететін құнды тұғырнама. Елбасы Мәңгілік Ел мұраттары бағытында қажетті бес реформа туралы «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде сөйлеген сөзінде: «Бес институттық реформалар – ел дәл осындай ізділікпен өтуі тиіс бес қадам. Тек осындай жағдайда ғана біздің реформаларымыз тиімді болады, ал қоғам мен мемлекет біртұтас және тұрақты болады. Нақ осындай жолдан барлық табысты мемлекеттер өткен» деп атап көрсеткен болатын. Мәңгілік Ел мүддесіне жеткізетін бес қадам елдің тұрақты дамып, белгілі қиындықтарды тіще қоса еңсеруін айқындайды. Бес институттық реформаның мақсаты – елімізді әлемнің өркендеген отыз мемлекетінің қатарына енгізу. 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап осынау реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Ұлт жоспары – еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік, рухани кемелденуінің іргетасы. Бұл еліміздің өркениеттік және жалпы адамзаттық құндылықтарға құрметпен қарайтындығын дәлелдейді. Саяси мәдениет бұл қоғамдағы түрлі әлеуметтік, саяси, діни топтардың өзара келісімде және өзара түсіністікте өмір сүріп бірлесе әрекет етуін білдіреді. Әлемнің кейбір елдерінде орын алған саяси текетірестер мен дінаралық және ұлтаралық кикілжіңдер қоғамдағы азаматтық институттардың жетімсіздігінен туындап отырғаны жасырын емес. Саяси шешімдер алауыздықтың емес, қоғамдық келісім мұратына қызмет етуі тиіс. Елбасының жарлығымен құрылған қоғамдық кеңестер қоғамның өзін-өзі реттеуі мен жергілікті өзін басқару механизмін дамыту арқылы адам әлеуетін артырып, азаматтардың саяси мәдениеті мен шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Жаңғыртулар жөніндегі ұлттық комиссия реформалардың шынайы іске асуының заңнамалық және ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз етеді. Мемлекет пен қоғамның гүлденуіне және өркениеттік жолмен дамуына негіз болатын ел ішіндегі тұрақтылық, дінаралық келісім және ұлтаралық сыйластық қағидаттары – Елбасының сара саясатының жемісі. Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметі Мәңгілік Елдің этностарын бір ортақ арманға ұйыстыруда. Ассамблея Ұлт Жоспары аясында этносаралық қатынас нығаюына негіз болатын барша қазақстандықтарды ортақ азаматтық бірегейлік рухында біріктіретін тұғыр. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекет құрудың жаңа белесінде ұлт біртектілігі мен біртұтастығын нығайтудағы біздің стратегиямызда қағидатты маңызды сәт бар. Біртектілік пен біртұтастық бойынша бүкіл жұмысты біз Қазақстан халқы Ассамблеясы айналасында түзетін боламыз. Ол – шешуші қағидат» деп мемлекет үшін тұтастық пен біртекті азаматтық ұстаным маңызды да бұлжымас бағыт екендігін атап көрсетті. Мәңгілік Елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық жаңғыруы мен рухани түлеуі инновациялық индустрияландыру, заманауи ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру, мемлекетті кәсібилендіру, құқықтық санаға негізделген тәртіп пен заңдылыққағидатын орнату, үнемді энергия көздерін қолдану мен экономиканың өңдеуші секторын ұлғайта отырып, сыртқы инвестициялардың жаңа көздерін ұтымды тарту және еңбек қатынастарының жаңа түрін еңгізу арқасында жүзеге аспақ. Қазақстандық ортақ арманды іске асыру жолында баршамыз азаматтық белсенділігімізді танытып жұмыла еңбек етуіміз қажет. Бұл реформалар мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларын жаңғыртуға бағытталғандықтан еліміздің жарқын болашағы –жастарды Мәңгілік Ел идеясы құндылықтары негізінде тәрбиелеу және білім беру қазақстандық арманың іске асуының кілті деп білеміз. Бағдат БЕЙСЕНОВ, Философия ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті. qazaquni.kz