Қ. Тоқаев: Елбасы айқындаған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерімізді саламыз
2015 ж. 15 желтоқсан
2563
0
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті. Отырысты ашқан Төраға Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – ел өміріндегі аса маңызды саяси оқиға болғандығын, сондай-ақ, Президент әлемдік экономика мен геосаясатта қалыптасқан күрделі ахуалға кеңінен талдау жасап, жаһандық сын-қатерлерді табысты еңсерудің тура жолын көрсетіп бергендігін ерекше атады.
– Әлем елдері жаһандық дағдарысқа төтеп беру үшін барынша талпыныс жасап жатқан кезде Елбасы ұсынған бұл стратегия елімізді дамытудың жаңа деңгейіне көтеруге бағытталған нақты бағдарлама. Экономикалық өсім, табысты реформалар және тұрақты даму – біздің кешенді жоспарымыздың басты мақсаттары болмақ. Осы ретте, Президент таяу уақытта жүзеге асырылуы тиіс бес ауқымды міндетті айқындап берді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сондай-ақ, ол қаржы секторын тұрақтандырып, бюджет саясатын оңтайландыру қажеттігіне де назар аударды.
– Біздің ортақ міндетіміз – бюджет қаражатын мейлінше үнемдеу.
Елбасы айтқандай, бюджет шығындарын үнемдеуден босаған барлық қаржы, ең алдымен, халыққа нақты нәтижелер әкелетін жобаларға жұмсалуы тиіс. Президент жекешелендірудің жаңа легін өткізуге және экономикалық бәсекелестікті одан әрі дамытуға айрықша назар аударды, – деп атап көрсетті палата Төрағасы.
Қазақстан жекешелендіруге шетелдік инвесторларды кеңінен тартуға мүдделі. Ол үшін тиісті заңнамалық негіз жасалуы қажет. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бәсекелестік ортаны және монополияға қарсы қызметті күшейту мәселесіне ерекше мән бергендігі қаперге салынды. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, елдің инвестициялық ахуалын жетілдіру – Елбасы әрдайым баса назар аударып келе жатқан іргелі мәселелер екендігі, дағдарыстарға қарамастан, халықты әлеуметтік қолдау шаралары үздіксіз жалғасып келе жатқандығы ерекше аталды.
– Мемлекет басшысы ұсынып отырған жаңа әлеуметтік саясаттың түпкі мақсаты жоғары сапаны қамтамасыз ету және нақты мұқтаж адамдарға атаулы әлеуметтік қолдау көрсету. Басқаша айтқанда, бұдан былай мемлекет әлеуметтік салада әлсіз қорғалған азаматтарды қолдауға және адам капиталын күшейтуге барынша ден қоятын болады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Төрағаның айтуынша, Президенттің жұмысшы кәсібінің беделін көтеру туралы бастамасы аса өзекті және де «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы еңбек нарығын білікті жұмыс қолымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ете алады.
Қ.Тоқаев палата алдында жауапты жұмыстар тұрғандығын айта келе, әріптестерін мемлекет басшысы айқындаған маңызды міндеттерді табысты орындауға шақырды. «Құрметті әріптестер! Елбасы айтқандай, «Бүгінгі ахуал біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Алдағы уақытта біз Елбасы айқындаған маңызды міндеттерді табысты орындау үшін бар күш-жігерімізді саламыз деп мен кәміл сенемін», – деді палата Төрағасы.
Бұдан кейін сенаторлар Мемлекет басшысы ұсынысын негізге алып, 32 жаңа судьяны Жоғарғы Соттың құрамына сайлау мәселесін қарады. Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Жоғары Сот Кеңесі төрағасының міндетін уақытша атқарушы Талғат Донақов өз сөзінде үш сатылы сот жүйесі жұмысы басталатындығына ерекше назар аудартты. Оның келтірген мәліметіне қарағанда, Жоғарғы Сот судьяларының жүктемесі жылына 20 мың істен асады. Сондықтан да Елбасы Жарлығымен Жоғарғы Сот судьяларының саны 32 бірлікке көбейіп, 33-тен 65-ке дейін артып отыр.
Сондай-ақ, жалпы отырыс барысында Көлік құралы және өзі жүретін машина мен техниканың басқа түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электронды паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісім ратификацияланды. Негізінен, 2015 жылдың 15 тамызында Мәскеуде қол қойылған бұл келісім Кеден одағының бірыңғай кеден аумағында көлік құралдарының еркін жүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған заңдық құжат Қазақстан, Беларусь және Ресей аумақтарында шығарылған және осы мемлекеттерде тіркеуге жататын көлік құралдары паспортының бірыңғай нысандарын қолдану мәселелерін реттейді.
Сонымен қатар, кешегі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қолдау тапты. Аты айтып тұрғандай, спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу ережелерін реттейтін құжат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Мәдениет туралы», «Денешынықтыру және спорт туралы» заңдарға түзетулер енгізуді көздейді.
Бұл ретте, заңдық құжат жергілікті атқарушы органдардың бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатыстырылған ұйымдардың қызметін үйлестіретін ұйымдастыру комитеттерін құруды қарастырады. Ұйымдастырушыларға іс-шараға қатысатын көрермендердің болжалды саны туралы, сатылған билеттердің, тұрақ орындарының саны туралы жергілікті атқарушы органдарды уақтылы хабардар ету жөніндегі міндеттер жүктелген. Және де азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке тұлғаларға іс-шараларға барған кезде тыйым салулар мен шектеулер енгізілгенін де айта кету керек. Мәселен, стадиондарға алкоголь өнімдерін, шыны және металл ыдыстағы және пиротехникалық өнімдерді алып кіруге, адамдар өміріне қауіп төндіретін кез келген заттарды мінбелер мен спорт алаңдарына лақтыруға, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық және діни араздық туғызатын плакаттар мен эмблемаларды пайдалануға тыйым салынады.
Әсіресе, әртүрлі іс-шаралар өткізу барысында жүріс-тұрыс қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіліп отыр.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Алтынбаевты 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенаторға алғыс білдіріп жолдаған құттықтауын оқып берді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі мен егемендігін нығайтқаны, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың реформаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз еткені үшін жоғарғы Палатаның басшысы М.Алтынбаевқа Парламент Сенатының Құрмет грамотасын табыс етті.
Мерейтой иесін құттықтаған Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әскери-әуе күштерінің бастауларында тұрған М.Алтынбаевтың тәуелсіз Қазақстанның мемлекет құрылысына нәтижелі қатысқанын атап өтті. «Ол мемлекет тарихындағы өте ауыр жылдар болды, бізге әскери саланы құруда тәжірибе де, қаржы да жетіспеді. Дегенмен, біздің Президентіміз – Жоғарғы Бас қолбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрыштай қайсарлығының арқасында Қазақстан армиясы аяғынан тік тұрып, мемлекетіміз ғана емес, Орталық Азия аймағының қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін нақты көрсете алды», – деді Сенат басшысы.
«Мұхтар Қапашұлы әскери саланы әлемде қаржы-экономикалық сілкіністер болып, халықаралық жағдай шиеленіскен ауыр кезеңде басқарды. Әскери қызметшілер оның кезінде өзіне және болашағына деген сенімге, біздің қоғамымыз тиісті еңбегін жоғары бағалайтын лайық азамат ретінде құрметке ие болды. Мұхтар Қапашұлының есімі Қазақстанның әскери және мемлекеттік құрылысының жылнамасына өшпестей жазылды», – деп атап өтті Сенат Төрағасы.
Біздің еліміздің қорғаныс қабілеттілігін қалыптастыру және нығайтудағы зор үлесі, Отан алдындағы ерекше сіңірген еңбегі, Қазақстанның шет мемлекеттермен әскери-саяси ынтымақтастығын дамытқаны үшін Мұхтар Алтынбаевқа Халық қаһарманы жоғары атағы берілді, ол Қазақстанның және басқа да мемлекеттердің ордендері және медальдарымен бірнеше мәрте марапатталды. Сенат Төрағасы еліміздің Президентінің Отан игілігі жолындағы көп жылғы жемісті еңбегі үшін 70 жасқа толған мерейтойы қарсаңында сенаторға алғыс білдіріп, жолдаған құттықтауын оқып берді.
Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, енді Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қозғалатын әрбір көліктің «электрондық паспорты» болуға тиіс. А.Рау оны көліктің «туу туралы куәлігіне» теңеді: өйткені әрбір «темір тұлпар» автозауыттан шығар кезде, немесе Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан аумағында тіркелген кезде, осы құжатты алуға міндетті.
– Бұл электрондық паспорт – әрбір автомобильге өндірілген немесе елімізге әкелінген кезден бастап, утилизацияланғанға дейін ілесе жүретін құжат. Онда нақты бір автокөлікке қатысты барлық ақпарат, оның техникалық сипаттамалары, сәйкестендіру нөмірлері, қожайыны және басқасы көрініс табады. Осы паспорт негізінде ғана көлікті жол полициясы органдарында мемлекеттік тіркеу және иелеріне тіркеу туралы куәлікті беру жүргізіледі. Келісім бойынша осы паспорттар Кеден одағы елдерінің ортақ электрондық жүйесінде электронды түрде рәсімделеді және сақталады, – деді Инвестициялар және даму вице-министрі.
Сейілбек АСАН,
qazaquni.kz