ЕКІ ТҮЙЕ СҮЙКЕНСЕ..

Түрік пен орыстың текетіресінің ақы­ры апатқа алып келе жатқан секілді...

putin_erdogan_dumat_reg-1-big Бәрі осыдан бір жарым жыл бұрын орыстың украин жері Қырымды зорлықпен басып алуынан басталды. Ал, алты ай алдында орыстар Сирия дауына кірісіп, елдің қазіргі басшысы Асадтың жауларына ауадан бомбыны қарша жаудырды... Орыстың Сирияның ішкі істеріне кіріспеу керектігін Америка мен бүкіл батыс елдері және лаңкестік жаулаған елмен шекаралас Түркия да ескерткен болатын. Ол-ол ма, орыстың әскери ұшақтары «Сириядағы лаңкестерді бомбалап жатырмыз» деген сылтаумен Түркияның әуе кеңістігіне бірнеше мәрте заңсыз кіріп, халықаралық келісімдерді өрескіл бұза берді. Жұрттың бәрінің есінде шығар, Түркия басшысы мұндай жауапсыздықтың соңы жақсылыққа апармайтындығын, керек кезінде өз елінің аумағын қор­ға­ған Түркияның кезкелген шекара бұз­ған ұшақты атып түсіретіндігін қай­та-қайта мәлімдеген еді. Бірақ, ор­ыстар бұған құлақ аспады. Ақыры, отпен ойнаған Ресей дегеніне жетті: ор­ыстың шошаңдаған әскери ұшағы Түр­кия аймағына бұзып кіріп, 5 минут бо­йы ескертуге пысқырмай, атылып түсті... Әрине, енді есін жиған орыстар: «Біздің ұшақ Сирияның аумағында ұшып жүрген болатын» - деп, өзеуреп шыға келді. Осыдан бір жарым жыл орыс әскері Қырым мен Донбассқа әдейі басып кіргенде, Ресей басшылығы «Олар орыстар емес, жасыл киім киген басқапланеталықтар» деген ертегі соққан... Қашанғыдай өздерінің қателігін мойындауға жігері жетпеген Ресей басшысы шұғыл қимылдар жасап, Түркия тауарларының елге кіруіне тиым салып, Түркия теңіздеріне баруды доғарып, орыс жеріндегі түрік кәсіпкерлерін қысымға алуға кірісті. Екі ел арасындағы визасыз қарым-қатынасты тоқтатты. Тіпті, ресми орыс билігі түркі халық­та­рының ынтымақтастық ұйымы «ТЮРК­СОЙ»-дың орыс жерінде жұ­мыс істеуіне шектеу қойды. Негізі, ТЮРК­СОЙ дегеніміз – жалғыз Түркия емес, ол – Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және орыс жеріндегі татарлар мен башқұрттар, күллі сібір қалықтары... Жалпы, түркі бірлігінің басты идея­ла­рының бастамашысы – Қазақстан. «Түркінің - түркіден басқа досы жоқ» – деп мәлімдеген қазақ жұртының басшысы түркі әлемін әрдайым бірлік пен ынтымаққа шақырып келеді. Яғни, алысты болжап, жақынды таныған Елбасымыздың жүрекжарды сөзі «ырым үшін» ғана айтылған уәж емес, сұңғыла саясаткерліктің белгісі. Басқаша айтқанда, ТҮРКСОЙ дегеніміз – Нұрсұлтан Назарбаев! ТҮРКСОЙ – саяси құрылым емес, түркі халықтарының мәдени саладағы ынтымақтастық ұйымы. Сондықтан, орыстың қай министр-шенеунігі де татарлар мен башқұрттарға, сібірдің түркітілдес халықтарына өз қандастарымен жершарының қай жерінде тұрса да мәдени байланыстар жасауға тиым сала алмайды. Орыс билігі - басқа ұлтттардың тегі мен тіліне, діні мен мәдениетіне құрметпен қарауды үйренуі керек. Өкінішке қарай, орыс қоғамында түрікке қарсы ұрандар күн санап, жиі естіле бастады... Осы күндері Парижде бас қос­қан 143 елдің басшылары планетамыз­дағы ауа-райының ауытқуы жағдайла­рын талқылауда. Дегенмен, халқының басым бөлігі тек қазақ пен орыс тілде­рін меңгерген қазақстандықтарға тағы да орыс тіліндегі жалған ақпараттар ғана жетуде. Біздіңше, қазіргі қазақ билігі, ең алдымен, осынау орыс тілінде ғана берілетін ақпараттық зорлықпен мықтап күресуі керек. Орысша ақпарларға сүйенсек, Түркия басшысы Реджеп Ердоған Парижге тек Ресей президенті В.Путинмен кездесуді армандап қана келген сияқты: орыс журналистері бірде: «Ердоған басқа елдердің басшыларын қабылдап жатқан Путиннің бөлмесінің алдын қарауылдап жүр»десе, келесіде: «Дәретхана дәлізінде қолын ұзағырақ кептірген Ердоған бәрібір Путинді кездестіре алмай, қапыда қалды» деп соғады... Әрине, мұның бәрі империялық сырқатқа ұшыраған орыстың ортақол журналистерінің сандырағы ғана... Шын мәнісінде, күні кеше әскери ұшағы Израильдің Голан шыңдарына кіріп тағы да шекара бұзғанда: «Біздің ұшқышымыз шекара бұзғанын байқа­май қалды, қателесті» - деген орыс билігін орнына қоятын кез жетті... Қазір Сирияға орыстар С-400 қа­ру-жарақтарын жеткізсе, түріктер сол­түстік шекара маңына әскери ұш­ақтары мен танкілер әкелді. Ең қауіптісі, ядролық соғыс оты тұ­тан­са, НАТО-ның аса қуатты әс­ке­ри серіктестері қазақтың топырағын­да­ғы орыстың жалға алған әскери поли­гондарында орналасқан баллистика­лық ракеталар мен радиолокация жү­йе­лерін көздеп атуы әбден ықтимал?!. Атамыз қазақ: «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» дейді. Әркімнің шыбын жаны өзіне олжа, көктүріктің қайсар ұрпағының қаһары ешкімнен кемшін түспесе де, есердің езгісін көріп, кикілжіңнің құрбаны болмауымыз керек... Сондықтан, түрік-орыс байланыс­тары­ның түйінін, сірә, қазақ Ел­ба­­сының араласып, бейбіт шешу­ге күш салғаны дұрыс сияқты. Қаз­ақ президентінің беделі Анкара мен Мәскеудің алдында зор. Ең ма­ңыз­ды­сы, келісім жолымен өкпе-назды доғару керек. Сонымен қатар, қазаққа өз топырағындағы жат қарулардан құтылудың жолдары мен әдістерін табу керек. Адамзат тарихындағы бірде-бір соғыс - адам өмірінен қым­бат емес. Қажымұқан ҒАБДОЛЛА qazaquni.kz