«Соттылығы» туралы анықтаманы енді оралмандар емес, Үкімет адамдары ғана алады...

Газет редакциясына белгілі қазақ қайраткері, ағайын елдің жанашыры, ақын Ауыт Мұқибектің ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовке жолдаған ашық хаты келді. Біз ақын жазған хатты қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Кәрім Қажымқанұлы!

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Парламенттің қос палатасының мақұлдауынан өтіп, 24 қараша күні Елбасы қол қойды.

Аталмыш Заң жобасында 49-баптың 9)-тармағы сіз ұсынған «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар;» деген редакциямен кетті. Мәжіліс енгізген өзгертуге пысқырмадыңыз!

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің сұратуына сай, Еліміздегі ҚХР Елшілігі берген жауап хаттабұл туралы «Кiру мен шығу мәселелерiн реттеу туралы» 2012 жылы 30 маусымдағы ҚХР Заңының 12-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, егер де Қытай азаматы сотталып, оның мерзiмi өтелмеген болса, азаматқа қарсы қылмыстық iс қозғалып не қылмыс жасады деп күдiкке iлiнiп, тергеу үс­тiнде болса, сондай-ақ аяқ­талмаған азаматтық соттық iс бойынша елдiң аумағынан тыс кетуге шектеу қойылған жағдайда, оған шетелге шығуға тыйым салынуы мүмкiн» -деп келедi де, «Паспорттарды беру туралы» 2006 жылы 29 сәуiрдегi ҚХР Заңына сәйкес бұл санаттағы Қытай азаматтарына ұлттық паспорттар ресiмделмейдi (ақпарат қоса тiркелген)» – деп бiрақ ке­сiптi.

Демек, сіз қа­уiптенетiн – «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар;» азаматтарға Қытайда шетелге шығуға тиым салынған! Ендi ол елден келетiн қазақтардан сізің экстремизм мен терроризм туралы қауіптенбей-ақ қойюыңызға әбден болады. 

Егер, жаңа Заң жобасы қолданысқа енген соң, ҚХР Елшілігі берген бұл жауап хатты місе тұтпай, ол келетін этникалық қазақтардан, тұрақты тіркеуге тұруда, «соттылық» туралы және анықтама талап етсеңіз, онда бар салмақ тіке өзіңізге түсейін деп тұр. Карим Кажимка́нович, қатты қиналайын деп тұрсыз!!!

Соңғы мәліметтерге қарағанда, Қытай Елінің бас газеті «Жэньминь жибао» 2015 жыл, 25 тамыздағығы санында ҚХР Қоғам қауіпсіздік министрлігінің осы жылдың 22 тамызындағы бұйрығына сілтеме жасай отырып, «ҚХР Қоғам қауіпсіздік тараулары жағынан берілмейтін 18 түрлі анықтаманың» тізімдігін жариялапты.

Сол «18 анықтаманың» 14-сі «соттылыққа яғни заңға қайшы қылмысының бар немесе жоқтығына» байланысты анықтама екен.

Онда:

  • «Кез-келген жеке тұлғаның қылмысқа қатыстылығы жөніндегі мәлімет қоғамдық қауіпсіздік мекемелерінің ішкі шаруасы. Сол себепті, мемлекеттік әкімшілік және әділет мекемелері жеке тұлғаның саяси толымдылығын тексергісі және де жеке тұлғаға қатысты басқа да мәліметтерді анықтағысы келсе; ал, кәсіп орындар мен қоғамдық мекемелер өз қармағындағы аса маңызды деген лауазымды орындарға тағайындамақшы болған жеке адамдар жайлы толық мағлұмат алғысы келсе; анықтама талап еткен орынның тексеру өкілеттігі бар құзыретті адамы арнайы қызметтік куәлігімен және аталған мекемелердің арнайы қатынас хатымен келген жағдайда ғана мәлімет берілуі мүмкін. Ал, аталған анықтама жеке тұлғаның өз қолына бұдан былайғы жерде ешқашан берілмейді» – делінген!

Және ол бұйрықтың жергілікті жерлерде қатаң атқарылып жатқаны да анықтама сұрап барып жатқан қандастарымыз арқылы мәлім болды.

Демек, «соттылығы» туралы анықтаманы енді оралмандар емес, ҚР Үкімет басы болған, Кәрім Қажымқанұлы,өзіңіз немесе ІІМ-нің орынбасары Ерлан Тұрғынбаев Үкіметтің арнайы хатын апарып, қызмет куәліктеріңіді көрсетіп тұрып алуларыңыз керек! Болмаса, Көші-қон полициясы департаментінің бастығы Серік Сайыновтыжіберулерулеріңізге тура келеді! «Осылай да осылай, Көші-қон заңының 49-бабының 9)-тармағына сай, біз оралмандарды тұрақты тіркеуге тұрғызуда бұрын сотталған не сотталмағанын білуіміз керек! Соған сіздерденАНЫҚТАМА сұрап келдім!» деп хансушалап... 

ҚХР Қоғам қауіпсіздік министрлігінің бұйрығының шарты солай. Сенбесеңіз, қайталап оқып көріңізші:«анықтама талап еткен орынның тексеру өкілеттігі бар құзыретті адамы арнайы қызметтік куәлігімен және аталған мекемелердің арнайы қатынас хатымен келген жағдайда ғана мәлімет берілуі мүмкін. Ал, аталған анықтама жеке тұлғаның өз қолына бұдан былайғы жерде ешқашан берілмейді»!

Сосын, есіңізде болсын, жіберетін адамыңызыздің лауазымы Серік Сайыновтан төмен болмасын. Мен білем, одан төменгілерді Қытай жағы менсіне бермейді. Қытай елі өзін қазір АҚШ-пен тең, тіпті артық санайды. Ең жасқсысы, қытай тілін жеттік білесіз ғой, өзіңіз барғаныңыз жөн!

Бір барасыз, екі барасыз, үш барасыз... Қанша қазақ келеді, сонша мәрте баруыңыз керек! Бірақ, көр де тұрыңыз, екі-үш реттен кейін хансу әріптестеріңіз шамданады. «Өткенде Елшілік арқылы жауап бердік қой, бұл Заңдарыңызды кім жасаған өзі?!!» деп сұрай бастайды!

Оһ! Кәрім Қажымқанұлы, тура осы жерде қатты абай болыңыз! Құдай атып, «Елбасының тікелей тапсырмасымен...» деп, масқара болып жүрмеңіз!

Ұлт Көшбасшысы ешқашан бұлай тапсырма берген жоқ!!!

Қайта, Нұрсұлтан Әбішұлы «Парламентте «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы қаралуда. Кеңінен талқыланып, қабылданатын жаңа Заң қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізеді деп есептеймін. Ол қандастарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюы тиіс» деумен келеді. Бәрін жасап жүрген өзіңізсіз, Карим Кажимканович!!!

Ауыт МҰҚИБЕК, ақын

 Астана

 «DAT» №39 (310) от 12 қараша 2015 г