"Ғасыр қайғысы": босқындар қайда барып паналайды?
2015 ж. 14 қыркүйек
3882
0
Еуропалық одақ тығырыққа тірелді. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадан кәрі құрлыққа толассыз ағылған босқындар тасқыны осынау аты дүбірлі ұйымды қатты уайымдатып қойған жайы бар. Оларды «Заңсыз мигранттар», «уақытша босқындар» деп қанша алдаусыратқанмен, бұл ділгірлік шын мәнінде «ғасыр қайғысына» айналғалы отыр дейді мамандар.
Жол азабы мен қауіп-қатерге қарамастан, жүздеген мың адам Еуропаға қарай ағылып жатыр. Олар мигранттарды қабылдауға әрқилы қарайтын Еуропа одағында үлкен проблемаға айналды.
Долбар бойынша, биыл Германияға 800 мыңдай босқын келуі мүмкін. БҰҰ дерегіне қарағанда, 2015 жылдың алғашқы жарты жылдығында Еуропаға теңіз арқылы 137 мың босқын өткен. Бұл 2014 жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда 80 пайыз артық. Бір Грекияның өзіне келген босқындар саны – 68000 адам. Еуропаға қарай қашып жатқан босқындардың көбі Сириядан көрінеді. Ұзын саны – 44 мың адамдай. Одан кейінгі орында Эритерия мен Ауғанстан тұр. БҰҰ есебінде босқындар Еуропа жағалауларына Жерорта теңізі арқылы келгені және қолдан жасалған, қауіпсіздік талаптарына сай емес қайықтарды пайдаланғаны айтылған. Бұл туралы БҰҰ-ның жоғарғы комиссары Антонио Гутерриш Иорданияда өткен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріне қатысты Дүниежүзілік экономикалық форумда мәлімдеді. Шараға 50 елден келген мыңнан аса мемлекеттік және қоғамдық көшбасшы қатысты. Форум барысында Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің алдағы дамуы талқыланды. Қазір олар жоқшылық пен аштықта өмір сүруде. Гуманитарлық ұйымдар көмектескенімен, бұл жеткіліксіз. Форумда «босқындарға еш кедергісіз Еуропа аймағына өтуі керек» деген пікірлер айтылған.
Жақында Еуропалық комиссия Францияға 5 миллион еуро қаржы бөлуге шешім қабылдады. Бұл қаржы француздың Кале қаласының маңындағы Ла-Манш тоннелінен шығатын жерде мигранттарға арналған шатырлы қалашықты абаттандыруға жұмсалмақ. Дәл осы кезеңде Кале қаласына келген Франция премьер-министрі Манюэль Вальс бүкіл Еуропаны босқындар мәселесін шешуде бірауыздылыққа келуге шақырды. Алайда, Еуроодақ елдерінің арасында бұл келелі мәселеде ортақ көзқарас жоқ. Тіпті, босқындар мәселесінің ушыққаны сондай, Еуропалық одақты ыдырату қаупін де туғызатын түрі бар. Оған Франция және Венгрия мемлекеттері арасында қалыптасқан дипломатиялық келіспеушілік куә. Еске сала кететін болсақ, 29 тамыз күні Францияның сыртқы істер министрі Лоран Фабиус Венгрияның Сербия мемлекетімен арадағы шекараны тікенек сым қоршауы арқылы бөлу қадамына қарсы пікір айтты. Оған жауап ретінде Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийярто елдегі Франция елшісін шақырып, түсінік алған.
Жалпы, Ла-Манш жағасындағы босқындардың заңсыз орнатқан шатыр қалашығы үлкен дау-дамайдың басы болды. Босқындар Ла-Манш тоннелі арқылы өтетін пойыздарды тоқтатып, екі ел арасындағы жол қатынасына үлкен кедергі келтіруде. Ла-Манш жағалауында орын алған осы бір үлкен проблеманы шешуге Еурокомиссия барлық мүмкіндігін салып-бағуда. Босқындардың шатырлы қалашығын абаттандыру үшін жоғарыда айтылған 5 миллион еуродан басқа, бұдан бұрын еуропалық бюджеттен 7 миллион еуро сонымен бірге, Ұлыбритания тарапынан көмек ретінде 35 миллион еуро қаржы бөлінді. Сарапшылардың ескертуінше, Кале қаласының маңындағы босқындардың шатырлы қалашығын қанша абаттандырғанмен де Таяу Шығыс және Африка елдерінен ағылған мигранттар тасқынын тоқтату мүмкін емес. Тек өткен шілде айында ғана Еуроодақ шекарасынан 100 мың заңсыз мигранттар өтіпті.
«Guardian» басылымының хабарлауынша, Кале қаласы маңындағы теміржол торабы үстіне жүздеген мигранттар отырып алған. Соның салдарынан Франциядан шыққан 5 пойыз тоқтатылған. «Пойыздар тоннельге кіре алмайды. Себебі, Кале қаласы маңындағы теміржол үсті толған заңсыз мигранттар», деп хабарлайды «Eurostar» қызметкерлері.
Германия канцлері Ангела Меркель қазіргі дағдарысты Еуропаның «әмбебап адам құқына» адалдығын тексеруге арналған сынақ деді. Ал Германияға келген мигранттардың ішінде Сирия, Ауғанстан, Ирак, Эритрея және Батыс Балқан елдерінің азаматтары бар. Кейбіреулерінің босқын мәртебесін алуға мүмкіндігі көбірек болып тұр.
Сириялықтардың мүмкіндігі бәрінен жоғары тәрізді. 2014 жылы босқын мәртебесін алуға ниет білдірген 26 мың сириялықтың тек 1 пайызының өтініші қабылданбады. Германия Сириядан келген босқындарды қабылдайтын Еуропа Одағының ең қонақжай еліне айналды. Төртжылдық соғыс салдарынан Сирияда 240 мың адам опат болса, 4 миллионға жуық адам босып кеткен.
Осы аптада Берлин тағы бір істі қолға алды – тамыздың 31-і күні Германия мигранттары мен босқындары жөніндегі федералдық кеңсесі сириялықтарға қатысты мәлімдеме жасады. Енді Германия сияқты елдер босқындарды олар кірген алғашқы ЕО еліне кері қайтармайтын болды. «Германия олардың өтінішін қарауды жауапкершілігіне алады» делінген ресми мәлімдемеде.
Балқанның батысындағы мемлекеттерден келген азаматтардың босқын атағын алуы қиындау, себебі Берлин аталған аймақтағы елдердің бәрінде жағдай тұрақты деп санайды. Былтыр баспана сұраған сербиялықтар саны көп болыпты, бірақ олардың 63 пайызының өтініші қабылданбаған.
Македониялықтардың 65 пайызы Германияда қалуға рұқсат ала алмады. Сондай-ақ, өткен жылы Косово азаматтарының 50 пайызы, Босния тұрғындарының 60 пайызы және Албаниядан келген босқындардың 82 пайызы босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған.
Әлемнің өзге елінің тұрғындарын паналату соғыс және бейбітшілік жағдайына қарай құбылып тұрады. Былтыр Ауғанстан халқы да көп өтініш берген, олардың 21 пайызының тілегі қанағаттандырылмаған. Алтыншы үлкен топ – Ирак азаматтарының 9 пайызы ғана Германияда қалуға рұқсат ала алмады. Осы аталған екі мемлекетте де үнемі соғыс болып жатқан және анағұрлым тыныш аймақтар бар.
Әдетте босқын мәртебесін беріп, өтініштерін қарау үшін миграция мекемесіне 7 айдай уақыт керек. Бірақ бұл мерзім өтініш білдірушіге байланысты өзгереді. Германия жағдайы тұрақты саналатын елдерден келген азаматтардың өтінішін тез қарауға шешім шығарды. Ақпан айында Берлин Косово азаматтарының арызын екі апта ішінде қараймыз деді. Босния, Сербия және Македония да осы тізімге кіреді. «Босқын мәртебесін алуға мүмкіндігі аз азаматтардың ісін тез қарауды талқылап жатырмыз, шешім шыққанша оларды босқындарға арналған үйлерде ұстаймыз» дейді Еуропадағы «Network Migration» ұйымының өкілі Райнер Олигер. Оның айтуынша, кез келген мемлекеттің азаматы өтініш беріп, оны толық қаратуға құқылы. Ал жедел жүйенің мақсаты – миграциялық жүйе қызметкерлерінің дағдарыс жағдайындағы елдерден келген азаматтардың мәселесін тез шешуіне көмектесу.
Өтініш иелерінің барлығы алғашқы үш ай бойы жатақханада тұрады, ол ірі қаладан аулақ салынған сырты қоршалған ескі үйлер. Бұнда олар тегін тұрады, әр өтініш иесіне айына 140 еуро береді, қажет болған кезде тегін медициналық қызмет көрсетеді. Осы үш айда өтініш иелерінің жұмыс істеуге құқы жоқ. Күнделікті тірлікке қажетті жәрдемақы мөлшері де Германияда дау тудырған мәселеге айналды. «Отбасының орташа табысы айына 300-500 еуроны құрайтын Албания сияқты елдер осыған қызығып келуі де мүмкін деген саяси пікірлер айтылды» дейді Райнер Олигер.
Кейбіреулер ақшаны қолма-қол бермей, кепілхат арқылы берсек дегенді ұсынды. Үш айдан соң өтініш иелері қалаларға жіберіліп, пәтерлерге орналасады. Осыдан соң жұмыс іздеуге құқылы. Бірақ, тапқан жұмыс орнын Германия немесе басқа ЕО-ның білікті азаматы иелене алмайтынын дәлелдегеннен кейін ғана сол жұмысқа тұра алады.
Босқын мәртебесін алған адам Германия азаматымен бірге жұмыс және әлеуметтік қызмет құқығын иеленеді. Олармен тең жағдайда жұмыс іздейді, жұмыссыздық кезінде Германия азаматымен бірдей жәрдемақы алады. Толық медициналық қызмет көрсетіледі. Бірақ, мамыражай өмір сүре алмайды. Үш жылдан соң әр іс қайтадан қаралады, сол кезде босқын мәртебесін сақтау керек пе, жоқ па деген сауалға жауап іздейді. Комиссия мүшелері керек емес деп тапса, әлгі адам босқын мәртебесінен айырылады. Өтініші өтпеген азаматтар сотқа беріп, бірнеше ай бойы істі созуына болады. Егер сот шағымды қабылдамаса, оларды елдеріне қайтарады.
Егер Германияға биыл расымен 800 мың адам келсе, ол Совет одағы тараған соң 1992 жылы тіркелген рекордтан асып түспек. Ол кезде 438 мың адам босқын болуға ниет білдірген еді.
ЕО билігі заңсыз мигранттар тасқыны тұйыққа тіреуіне орай бірнеше рет бас қосқан болатын. Бірақ осыны шешудің кешенді жолы табылар емес. Енді 14-қыркүйекте Еуроодақ мемлекеттерінің көшбасшылары Брюссель қаласында өтетін тағы бір кезектен тыс саммитке жиналмақшы. Бұл саммитте кәрі құрлық үшін үлкен қауіпке айналған халықтардың көші-қонының проблемасы талқыланады деп күтіліп отыр.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті