Расул Жұмалы: Халыққа қарайлас ӨЗГЕРІС ЖАСАУ - НАЗАРБАЕВТЫҢ ӨЗ ҚОЛЫНДА
2015 ж. 13 қыркүйек
2839
1
– Ресей президенті Владимир Путин ТМД елдері арасында қаржылық есеп айырысу саясатында долларды ығыстыру мақсатын көздейтін заң жобасын Мемлекеттік думаға тапсырды. Тәуелсіз мемлекеттер үшін қысым саналатын Путиннің бұл пиғылын сіз қалай бағалайсыз?
– Бұл мәселені Ресей экономикасының дағдарыс жағдайында құлдырап бара жатқанының белгісі деп қабылдаған жөн. Белгілі бір дәрежеде ұтымды шешім таппаған соң, Ресейдің президент әкімшілігі, Кремль осындай ағаттыққа ұрындыратын шараларға баруда. Күйі келгенше Батыс мемлекеттеріне қыр көрсету үшін өзінің саяси және экономикалық деңгейін сақтап қалуға тырысу әрекетінің зардабы ресейліктердің өзіне қиындық туғызары анық. Соңғы бір-екі жылдың барысында рубль бағамының құлдырап, мұнай бағасының арзандауы, экономиканың рецессияға ұшырауына қатысты, ресейлік экономистердің пайымдауынша, минус 3 пайызға кемуі бұрын-соңды болмаған жағдай. Путиндік президент әкімшілігінің лажы болмағандықтан, бір қателіктен екіншісіне ұрынуда. Ал долларды немесе еуроны ығыстырып шығарам деген далбаса әрекеттерінен түк шықпасы белгілі. Өзінің рубліне деген сенімі болмай жатқан кезеңде, дүниені жаулап алған доллармен алысу – оңай-оспақ шаруа емес.
Путиннің осы пиғылы оң шешімге бастай қоймас, тек ел тұрғындарын сансыратары сөзсіз. Дәл осы солақай саясатын жалғастыра беретін болса, Ресейдің экономикалық-қаржылық мәселесі ушығып, әлеуметтік жағдайға залалын тигізеді. Өкініштісі – осы жағдайдың кесірі өзіне ғана емес, көрші мемлекеттерге де әсер етіп, ең алдымен Кремльге «ішек-қарны» байланып қалған Қазақстанды да тығырыққа тығуда.
– Дегенмен, өзіне көршілес Қазақстандағы қаржылық-экономикалық дағдарысты өз есебіне пайдаланған Ресей билігі ортақ валюта енгізу саясатын жеделдетуге кіріскенін білесіз. Біздегі қазіргі құжыраға құлаған экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстан билігі империялық пиғылдағы Ресейдің жетегіне еріп кетуі мүмкін бе? Мәселен, Ақорда билігі бюджетті толтыру үшін, Қазақстан азаматтарына жаңа жылға дейін төлқұжат ауыстыру қажет деп, байбалам салып жатыр. Ал ескі төлқұжатты жаңасына ауыстыру құны төрт мың теңгеге түседі. Елде 16 жастан асқан халықтың саны мөлшермен 10 миллион деп алар болсақ, бұл «науқанның» нәтижесінде жыл аяғына дейін бюджет 40 миллиард теңгеге толысуы керек екен...
Дегенмен, менің сұрағым – дағдарыста дағдарған Ақорда билігі қиыншылықтан құтылудың мақсатымен Кремльдің жетегінде кете ме деген оқыс ойға жауап іздеу еді ғой?
– Ресейдің жетегінде танауын тескен танадай тапырақтап жүргеніміз қаша-а-ан?! Осыдан 4–5 жыл бұрын Кедендік одаққа мүше болған кезден бастап, көршінің «қорасына» кіріп, жетекке көнетініміз белгілі болған. Бүгін «жемісін» жеп, саясат, экономика, қаржы мәселесі бойынша тәуелді күй кешуге мәжбүрлікке ұрындық. Ең бір қиын жағдай – Кремль тең дәрежедегі ынтымақтастықты, өркениетті интеграцияны құлақтарына да қыстырмайтыны. Олардың пайымындағы әріптестік – бұрынғы Кеңес Одағын қалпына келтіріп, бодандықтан арылған мемлекеттерді қайтадан бір уысына қысып ұстау.
Соңғы кезде «тәуелсіздік» деген ұғымның қадіріне жетпеген, жеке дара даму жолында әлсіздік танытқан бұрынғы кеңестік республикалар қайтадан Ресейдің қыспағына түсе бастады. Мәселен, Қазақстан экономикасы, ұлттық валютасы – теңге рубльге, ал отандық тауар өндірісі – Ресейден келетін импортқа тәуелді болып қалды. Ресейдің көздегені – тек экономикалық тәуелділікпен шектелмейді, мақсаты – Кеңестік Одақты қайтадан қалпына келтіру. Саяси, қаржылық, идеологиялық мәселені де көзден таса етпей, уысында ұстап отырғаны да баршаға аян.
Ортақ валюта үшін тәуелсіздігіміздің алғы шарты болып табылатын төл теңгеден бас тартсақ, қандай ел болғанымыз? Демек, Ақорда билігі жетекке еріп кете берер болса, Ресейдің бір губерниясына айналу қаупі төніп тұр деуімізге әбден болады. Ең сорақысы – теңгеге қатысты үкімет пен Ұлттық банктің жүргізіп отырған саясаты: олар Ресейдің шовинистік-империалистік әрекетінің үстемдік етуін белгілі бір дәрежеде қолдап отырған сияқты. Себебі – теңгенің қайта-қайта құнсызданып, девальвацияға ұшырауы, теңгеге деген ел азаматтарының сенімін аяқ асты етіп, Қазақстан үкіметі оның орнына жаңа валютаны ұсынуды көздейтін сыңайлы.
Мәселен, Кремльде «алтын» туралы сөз болғанда, Ақорда тарапынан тырс еткен ресми жауап болмады. Сондықтан қазақстандық билік қоғамның сана-сезімін осы «ортақ валютаға» қарай бұру және халықты оған алдын ала дайындау әрекеттеріне кірісті деуге болады.
Ал путиндік орыс – «ортақ валютамен» ғана шектеле қоймасы белгілі, келе-келе ортақ саяси құрылымдар: «ортақ парламент», «ортақ әскер», «ортақ полиция», «ортақ банк», «ортақ ақпараттық кеңістік»... жасақтау жөнінде ұсыныс жасалады. Оған күмән болмасын!
– Әйтсе де, «батырға да жан керек» дегендей, Қазақстан билігі халықтың мүмкін болар қаһарына ұшыраудан қаймығуы тиіс қой. Қазақстан тәуелсіздігіне қауіп төндіретін ЕАЭО елдері үшін ортақ валюта – «алтын» ба, басқа ма – айналымға енгізілген жағдайда, Нұрсұлтан Назарбаев жеке дара шешім шығарып, тарихтағы атын қара күйеге былғамас деген үміт бар. «Ортақ валютаға» барар болса, бүкілхалықтық референдум өткізу қажет болмай ма?
– Мемлекеттің тәуелсіздігіне қатысы бар мәселеде – интеграциялық одақтастыққа ену, «ортақ валютаны» қабылдау немесе қабылдамау – міндетті түрде халықаралық заңдардың тәжірибесіне сүйене отырып, өзіміздің Ата заңымызда белгіленген тәртіппен референдум арқылы шешілуі тиіс. Еуропа елдері кезінде ортақ валюта – еуроға өту үшін, әрбір мемлекет жеке дара референдум өткізді. Осы мемлекеттер Еуроодаққа мүшелікке кіру үшін де, әрқайсысы халқымен кеңесіп, мәселені талқыға салып, референдум арқылы шешім қабылдаған.
Ал Қазақстанда керағар саясат жүргізіліп келе жатқаны бәрімізге мәлім: билік ел-жұртының пікіріне құлақ аспады, Кедендік одаққа да, Еуразиялық одаққа да өз ішінде ымыра шешім қабылдау арқылы мүше болып шыға келді. Қоғам өкілдері сан алуан жиын мен дөңгелек үстел өткізіп, одақтасудың опа бермейтінін, тіпті референдум өткізу керектігі жөніндегі ұсыныстарына мән берген билік болмады. «Ортақ валютаға» байыланысты да халықпен кеңескісі келіп тұрған билікті байқап отырған жоқпын: Ақорда өзі біледі, өзі шешеді, халық – қоралаған мал сияқты. Тіпті аталмыш одақтарға кірген кездегі құжаттардың мәтінін де жария еткен жоқ. Қазақстан мойнына қандай міндеттерді жүктеді, қандай қатерге тап болды – одан ел-жұрт хабарсыз.
Ал тіпті референдум өткіздік делік: оның әділ өтетініне кім кепілдік береді? Биліктің уысындағы заңнамалық негіздер халықтың ұсынысын, талабын ескере ме? Халықтың «ортақ валютаға» деген оң-теріс пікірі қара қылды қақ жарғандай әділ көрсетіле ме? Міне, референдум нәтижесіне деген күдік осындай сауалдардан тарайды.
– Ендеше елдегі экономикалық дағдарыстың саяси астарына да үңіле кетейік, Расул мырза. Мысалы үшін, тәуелсіз экономистердің пікіріне қарағанда, әлемде айтарлықтай экономикалық дағдарыс жоқ. Дағдарыс – мұнайдың әлемдік бағасының құлдырауына ғана байланысты. Экономикасына мұнайдың түсімі әсер етпейтін елдерде Ресей мен Қазақстандағы сияқты байбалам байқалмайды. Себебі – дамыған мемлекеттерде Ішкі жалпы өнім елдің ішкі экономикалық түсімі есебінен құралады. Біздегі ІЖӨ негізінен мұнай мен газдың және сыртқа шығарылатын тау-кен шикізатының түсімі есебінен толығады. Ал осы жағдайда бюджеті мұнай бағасына байланған Ресейдің қосағындағы Қазақстандағы дағдарыс 2018 жылға дейін созылады деген болжамды Назарбаевтың өзі жасап отыр. Бұған дейін ешқандай дағдарысты мойындамай келген, «біз үдемелі даму үстіндегі елміз» деген Назарбаевтың мұндай пессимистік тұжырым жасау себебі неде деп ойлайсыз?
– Қалай десек те, дағдарыс әлемдік экономиканы шарпып өткенін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ әр мемлекеттің экономикалық әлеуеті әр алуан болғандықтан, дағдарыстың әсері мен зардабы нарық заңдылығына сай әркелкі болды. Әлеуеті мен мүмкіндігі бай, экономикасы әртараптандырылған елдер ол дағдарыс кезінде мыңқ етпеді. Сауатты әрі сындарлы саясат жүргізетін мемлекеттерде дағдарыстың әсері халқына зардап тигізген жоқ. Мәселен, Ресей экономикасының биылғы деңгейі минус үш пайызды көрсетсе, Қазақстанда –1 пайызды көрсетеді деген болжам жасалған еді: бірақ соңғы девальвациядан кейін бұл көрсеткіш бірнеше пайызға өсуі ықтимал.
Дәл осы дағдарыс жағдайында Еуропа мемлекетерінде экономикалық өсім 4–5 пайызға артып, Қытайда ол көрсеткіш 5–7 пайызға өсуі – бұл елдердегі экономика тұрақты даму үстінде деген тұжырымға тірек болады. Әлемдік бәсекелестікке қабілетті елдерде отандық өндіріс дамып, жемқорлыққа жол берілмеуі себепті оларда дағдарысқа төтеп беретіндей қауқар бізге қарағанда әлдеқайда жеткілікті. Тіпті экономикалық құрылымы жағынан Қазақстанға ұқсастығы басым Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы әлемдің дағдарысқа, мұнайдың бағасы әлемдік нарықта көтеріле ме жоқ па – оған пысқырып та қарамайды. Олардың жыл сайынғы экономикалық өсімі шамамен 5–8 пайызды құрайды. Үкімет пен банктің қызметі кәсіби деңгейде сауатты әрі болашақ қатерді болжау білікті жүргізіледі.
Ал 1993 жылы Қазақстандағы 1 доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 4,7 болса, 2015 жылы 240 теңгеге жетіп, 70 есеге құнсызданды. Жоғарыда атап өткен Біріккен Араб Әмірлігінде ұлттық валюта 1971 жылы енгізілген: сол кездегі долларға шаққандағы бағамы 3,75 динар болса, күні бүгінге дейін сол деңгейін сақтап отыр. Мықты экономикасы бар елдер халқының ұлттық валютаға деген сенімі зор. Ал Сауд Арабиясының риалы 1953 жылы енгізіліп, бір долларға шаққандағы құны 3,4 болатын, арада алпыс жылдан астам уақыт өтсе де, ешқандай өзгеріс болған жоқ.
Яғни, мәселе жекелеген мемлекеттердің экономикасы шикізатқа тәуелділігіне, климаттық орналасуына тіреліп тұрған жоқ, мәселе – сол елдердің экономикалық саясатты сауатты, кәсіби түрде жоғары деңгейде жүргізе алуына байланысты. Өкінішке қарай, бізде экономиканың кез келген саласына қатысты ауыз толтырып айтатындай жағдайымыз шамалы.
Сондықтан президент Назарбаевтың берік болжам жасауға, экономиканы шұғыл арада қиындықтан құтқаруға деген сенімі аз. Оның болжамындағы дағдарыстың мерзімі тым созылып тұрғаны да содан.
– Ал дағдарыстың шарықтау шегі 2017 жылға дөп келеді деген болжамның әсерінен елде мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтуі әбден мүмкін деген долбарға қосыласыз ба?
– Әрине, қосылам! Тәуелсіздіктің 24 жылында үйреншікті әдетке айналған сайлау науқаны қашан өз уақытында өтіп еді?! Ақорда билігі жүргізіп отырған саясаттың тұрақсыздығы, өзі шығарған заңнамалық талаптарды аяқ асты етіп, сыйламайтыны, Ата заңмен санаспайтыны – тағы да мезгілінен бұрын өтетін сайлауға дәлел болса керек. Бүгінгі жағдайда осындай солақай саясаттың тәжірибесін ескере отырып, жуырда мезгілінен бұрын парламент сайлауы өтетініне күмәнім жоқ. Тіпті оның алғы шарттары да жасалып жатыр: экономикалық жағдай күн санап ушығып, елдің әлеуметтік жағдайы әлсіреді. Алдағы 2016–2017 жылдарда қымбатшылық қамытына шыдамаған халықтың әлеуметтік әділетсіздікке деген төзімі таусылып, қарсылық шараларына бару мүмкіндігін де билік біліп отыр.
Сондықтан жыл соңына дейін жеделдетіп, сайлау өткізу әрекеттеріне кірісті. Түрлі сылтаулармен Компартияның жабылуы, «Ауыл» партиясы мен Патриоттар партиясын қосып, жаңа саяси бірлік жасаудың астарында сайлауға дайындықтың айласы жатқаны белгілі. Бірақ сайлау – елдегі қалыптасқан жағдайға ешқандай оңды әсер етпейтіні де анық: жаттанды науқан өтеді, жаңа депутаттар да сол бүгінгілерінің орнына барып қонжияды, қара халық өз қотырын өзі қасып қала береді. Тіпті сайлау өте ме, өтпей ме – онда халықтың шаруасы да жоқ сияқты.
– Елдегі терең экономикалық дағдарысқа бірінші кезекте кінәлі деп кімді атайсыз: үкімет пен Ұлттық банктің біліксіздігі ме, жоқ әлде жалпы саяси жүйенің дағдарысы салдары ма?
– Орын алған әлеуметтік-экономомикалық дағдарыс – саяси жүйенің солақай саясатының салдары деуге әбден болады. Еліміздегі барлық мәселе тек қана саяси жүйеге байланып қалған. Тіпті бүкіл ел сол жүйеге қызмет көрсететін «малайға» айналған сыңайлы. Жекелеген лауазымды шенеуніктер тарапынан жіберілген қателіктер де жетерлік: немқұрайлылық, кәсіби деңгейінің төмендігі, жауапсыздығы да ықпал етпей қойған жоқ. Мәселен, бұл арада премьер-министр Мәсімов пен Ұлттық банк төрағасы Келімбетовтің аттарын атап кеткеніміз жөн. Бірақ жекелеген тұлғалармен бар мәселе шешіліп қалмайтыны белгілі: Мәсімовтың орнына Тәсімовты, Келімбетовтың орнына Кетімбетовты қоюға болар, одан жағдай өзгере қоймасы анық. Себебі жүйенің өзі ештеңені өзгертуге мүдделі емес. Оның жеке бір бөлшегін алмастыру – елдің жағдайын жақсартуға ықпал ете алмайды. Бүгінгі жағдайға жеткеніміз – саяси жүйенің заман талабына сай келетін саясат жүргізе алмауының кесірі. Саяси жүйе өзгермесе, өзге салалардың дамуына жол ашылмайды.
– Егер мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткен жағдайда Нұрсұлтан Назарбаев саяси жүйеге трансформация жасау саясатын бастауы мүмкін бе?
– Жоқ, мүмкін емес! Конституцияның баптарына жекелеген өзгерістер енгізілуі, парламент құзіретінің сәл-пәл кеңеюуі ықтимал. Айналып келгенде, декоративті әрлеу арқылы биліктің бет пердесін сылап-сипап, сырт көзге «ұлы» өзгерістер жасап жатқандай болады. Жүйені сол қалпында консервациялап, бұрынғы кейпін сақтап қалады.
Бүгінгі билік түбегейлі өзгерістер жасауға дайын емес деп санаймын. Алайда билік саясатындағы осы басымдық тұрақты бола қоймас, себебі әлеуметтік қиындықтарға қазақ төзімділік танытқанымен, оның да таусылатын кезі болады. Билік «міз бақпайтын» мінезінен таймайды дегенге де сену қиын: оны тайдыру өркениетті бейбіт жолмен шешіліп жатса – құба-құп. Сондықтан елде халыққа қарайлас өзгеріс жасау – Назарбаевтың өз қолында, ондай қадамға бармаса, алдыда қарсылық әрекеттерге өзі жол ашып беру қаупі тұр.
– Расул мырза, тағы бір алаңдайтын мәселеге қатысты сауалдың реті келіп тұр. Жуықта Қытай сапарынан оралған президент Назарбаев қытайлықтардың 50-ге жуық өндіріс орындары Қазақстанға көшіріледі деген жоралғы айтты. Бұл шешім саяси-экономикалық тұрғыда дұрыс болды деп ойлайсыз ба?
– Бұл арадағы басты мәселе – Қытаймен болсын, басқамен болсын, осындай ынтымақтастыққа қатысты екі арадағы қол қойылатын құжаттар жария түрде жасалуы тиіс. Олай деуіме себеп – соңғы қол қойылған шешімдерден, Қытайдан алған миллиардтаған несиеге қатысты құжаттардан қоғам бейхабар. Қарыз ел игілігі есебінен қайтарылады емес пе? Тіпті Қытайды былай қойғанда, өз ішіміздегі әлеуметтік-экономикалық маңызы бар құжаттардың мәтіні жұмбақ. Демек, елге көшіп келетін кәсіпорындардағы қазақстандық жұмыс күшінің мәртебесі қытайлықтармен теңестіріле ме? Қазақтың мүддесіне сәйкес болса, ондай құжат, келісім-шарттарды құпия ұстаудың қажеті қанша?
– Шамасы, Қытайдан көшірілетін ол зауыттарды қытайлықтардың өздері салатынын ескерсек, Қазақстанда әлеуметтік қақтығыстар болуы мүмкін ғой. Мәселен, Ақтоғай кен байыту комбинатындағы қытайлық және жергілікті жұмысшылар арасындағы жаппай төбелесті еске алып көріңізші...
– Әбден мүмкін! Жоғарыда атап өткенімдей, келісім-шарттың мәтіні жария түрде, елдің назарына ұсынылуы тиіс. Сайып келгенде, Ата заңымыздың талабы бойынша, кез келген мемлекетпен келісімге келгенде, қол қойылмастан бұрын ресми БАҚ-та жариялануы тиіс. Бірақ осындай келісімдердің барлығы құпия түрде сақталып отыр, яғни биліктің өзі заңды бұзуда. Осыған дейін де елдің батыс өңірдегі мұнай өндіретін кәсіпорындарда қытайлық азаматтар жұмыс істеп келді. Қытай да өз мүддесін, өзінің қара басын ойлайтыны заңдылық. Ықпалын жүргізуге талпынады. Ал біз өз үлесімізді ың-шыңсыз өзгеге ұстата салсақ, болашақ ұрпақ алдында кешірілмес күнә болар еді. Қытай өз тарапынан жұмысшыларының мүддесі үшін жанын бере қорғаштайды, ал өз елінде жүрген қазақтың талабы ескерусіз қалып, еңбегі қаналып жатқан жағдайдан хабардармыз. Несие алдық екен деп, көршілер не айтса, соған көне кету – біздегі билік өкілдерінің әлсіздігі деп білемін.
– Ендеше қазақ халқы бүгінгі биліктен өз мүддесін талап ететін күн тезірек туса екен деп тілейік, Расул мырза! Ашық айтылған жауаптарыңызға рахмет!
Ермұрат БАПИ, «Общественная позиция» (проект «DAT») от 10 сентября 2015 г.