«Болашақтың» арты – берешек болмасын...
2015 ж. 16 тамыз
8334
12
...Тамыздың соңғы аптасы, шындығында, тым аптап болды...
Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан мен Алматы қаласы үшін...
Қазақтың әйдік екі аймағы басшыларынан айырылды. Оңтүстіктің жұртына ақыл тоқтатып, өмір көрген өрісті азамат Бейбіт Атамқұлов бұйырса; алматылықтарға, тіпті, кішкентай ауылды да басқарып көрмеген көкөзек жігіт Бауыржан Байбек келді...
«Болашақ» бағдарламасының тұңғыш түлегін Елбасының өзі жетектеп әкеліп, Алматының азулы зиялысына таныстырды.
Түрінен Алматыдан ғана емес, адамзаттан түңілген кейіп көрінетін Ахметжан ЕСІМОВ еліміздің ең ірі шаһарында 460 мың кәсіпкерлік нысандарының
тұрақты жұмыс істейтіндігін; Елбасының Алматыны «қазақ экономикасының локомотиві» деп атағанын; биылғы жылдың алғашқы жартысында іскер қаланың республика бюджетінің 3/1 бөлігін жинап үлгерген басты қанқұюшы (донор) екендігін; Қазақстанның шикізат өнімдеріне әлемдік бағаның әсер ете алмайтын әрі шағын және орта кәсіпкерлікті негізге алған «басқа экономика» құруға тырысып жатқандығын; тіпті, осынау маңызды тәжірибе үшін Алматы қаласының таңдалып алынғандығын; керек десеңіз, бүгінгідей мұнай мен металдардың әлемдік құны құлдырағанда Алматының дәп осы артықшылығы мен айырмашылығы ел экономикасының «жүрек қағысын» қалыпты ұстап тұрғандығын; қазақтың кеңбайтақ даласында кәсіпкерліктің дамуына Алматыдан артық қолайлы жердің жоқ және Алматының тоқтаусыз дамуға тиіс екендігін салқын сабыр, кемел сеніммен әңгімелеп берді.
Біз сендік. Сабыр мен кемелдікке сендік. Ахметжан Смағұлұлының мойынындағы жауапкершілік жеңілдеген жоқ, керісінше, ауыр тарта түсті. Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков өз лауазымы мен «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі Ұлттық компаниясының басшылығын қатар көтере алмас еді. Біздің «олимпиядалық арманымызды» Бейжің ұрлап кеткен соң, адамзат алдындағы абыройымыз – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі болып қалды. Ахметжан ағамыз ауылшаруашылық агрономы болса да, қазақтың беделі үшін жаңа технологиямен «достасып», адамзаттың мүлдем тың күш-қуатының түрлерін табуға тура келеді... Ең бастысы, қазақтың абыройын сақтауға бөлінген қыруар қаржылар беделімізді бес тиын қылып, талан-таражға түспесін.
...Ең қиыны, тамыздың жексенбісінің тамылжыған түні Алматының алып қоржынын бірге бөлісіп, майын ішіп, жілігін шаққан жуанқарындар үшін аспаннан түскен найзағайдай болды. Қойдың басын мүжіп, миын бірге жеген етекжеңді Ахметжанның орнына, немістен су үнемдеуді үйренген үрпекбас келе қалды. Елбасының «Алматы - жастар мен студенттердің қаласы болғандықтан, жас адам келді» дегенге меңзеген сөзін де әркім әрқалай қабылдады...
Еліміздің ең белсенді экономикалық орталығы дүр сілкінді...
Бауыржан БАЙБЕК - алақандай ауылды да жеке басқармаған, шаруашылық тәжірибесі мүлдем жоқ, ірі қалаға басшылыққа тағайындалған тұңғыш «болашақ» бағдарламасының өкілі және советтік басқару сатыларын көрмеген бірінші әкім.
Бауыржан Байбектің шыққан биігі орынбасарлықтан асқан жоқ: Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары және «Нұр Отан» партиясы басшысының бірінші орынбасары.
Жергілікті билікке қағазбен нұсқау тарату мен аймақтың күллі шаруашылығын нақты басқарудың немесе интернет-жоба жетекшісі болу мен аса ірі құрылыс алаңын басқарудың арасы жер мен көктей!..
Дегенмен, Елбасы: «Бүгінгі жағдайда Алматыны басқаруға тәжірибелі де креативті кадрлер керек» деп қалды. Бауыржан Бәйбектің «тәжірибесі» белгілі, ал, креатив деген не?
Креативті болу дегеніміз – (create - ағылшын сөзі - жасап шығару тудыру) нақты жағдайда бұрын қолданылмаған тың тәсілдер мен әдістерді қолдану арқылы қиындықтан шығудың немесе мақсатқа жетудің мүлдем жаңа жолдары. Жеке адамның білімі мен жігерін пайдаланып, дәстүрлі әдет-ғұрыптан мүлдем бөлек, жаңаша ой-санасымен тәуелсіз тәсілдер қолданудың нәтижесінде батыл шешім қабылдауы. Американдық психологАбрахам Маслоу: «Креатив дегеніміз - әрбір адамда болғанымен, өскен ортасына, тәлім-тәрбиесі мен білім-білігіне қарай көбіне жоғалып кететін шығармашылық ынта мен бағыт» дейді...
Алматы - қатардағы қарапайым қала емес, алып мегаполис. Алматыдай «өр кеуделі, нар болмысты» қалаға ынта мен бағыт аздық етеді, тіпті, мұны қауіпті қадам десек те артық емес...
Бәлкім, Бауыржан Бәйбек - піл мен түйенің текетіресінің «жемісі» шығар, бірақ, өмір-орманында аса қауіпті жыртқыштардың жүргендігін ұмытпау керек...
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
qazaquni.kz