Командалық басқарудан қашан құтыламыз?
2015 ж. 15 шілде
2950
1
Мемлекеттік қызметте командалық «көші-қонға» қатаң тыйым салынғанымен, әлі толығымен алынып тасталмаған. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов мәлімдеді.
«Кәсіби мемлекеттік аппаратты құру механизмдері» атты баспасөз мәслихатында шенеуніктердің командасымен шұбыра «көшу» мәселесі де қозғалды. Саян Ахметжановтың айтуынша, бұл үрдіске әлі толық тыйым салынбаған. Нақтырақ айтсақ, өзгелерден бөлек саяси мемлекеттік қызметтегі бірінші тұлғалар командасын ерте алады. Агенттік төрағасы орынбасарының түсіндіруінше олар өздерімен кеңесшілерін, көмекшілері мен баспасөз хатшыларын бірге алып көшуге құқылы.
Қазіргі күні әкімшілік қызметте жүз мыңға жуық мемлекеттік қызметші еңбек етіп жатыр екен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық талаптарға жауап ретінде 5 институционалды реформаны жариялап, оны іске асырудың нақты 100 қадамын ұсынғаны белгілі. Осы мақсатта құзырлы агенттік, жаңа реформаны іске асыру үшін 2016 жылдың бірінші қаңтарына дейін жаңа заң қабылдауды жоспарлаған. Оған сәйкес мемлекеттік қызмет саны да қысқаруы мүмкін.
Дұрыс-ақ, Елбасымыздың өзі айтқандай, «суға салсаң батпайтын, отқа салсаң жанбайтын» қызметкерлер санын қысқартқан жөн. Ал, командалық басқару туралы да мемлекет басшысының ескертулеруін қайтеміз? Облыс әкімі көшсе – бір вагон, аудан әкімі көшсе – бір автобус қызметкерлер көтеріле кететінін әлі де байқап жүрміз. Сонда жаңағы «өздерінің адамдарынсыз» ол жұмыс істей алмай ма? Әлде жергілікті жерде қызмет етіп жатқандар мүлдем жарамсыз кадрлар болғаны ма? Бұл қыруар адамды жұмыссыз қалдыру емес пе? Оған қоса «өз адамдарына» баспана тауып беру мәселесін де алдымен шешу қажет. Жоқ, бұл сыбайлас жемқорлықтың бірінші белгісі. Өйткені ым-жымы бір, «сынақтан» өткен сыбайлас қызметкерлер оларға тиімді деп түсінуіміз керек шығар. Негізі жергілікті кадрларды өсірген ұтымды. Біріншіден, оларға қайтадан әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасаудың қажеті жоқ. Екіншіден, жергілікті маман өз жерлестері алдында ұялғанынан болса да жанын салып жұмыс істейді. Сырттан келген әкім алатынын алып, ертең-ақ тайып тұрады. Өзге өңірге жалғыз барған әкімді өлтірді немесе жатжұртта тірідей жеп қойды дегенді әлі естіген жоқпыз. Жаңа заң қабылдайды екенбіз, осы мәселені түпкілікті шешетіндей ету керек. Онсыз да жемқорлыққа тікелей қатысы бар бұл сұрақ шұбатылған ащы ішектей бірнеше жылға созылып кетті.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті