АҚШ Орталық Азияға не үшін қызығады?
2015 ж. 08 шілде
2447
1
Кімге бүйрек бұрамыз?
Қырғызстандағы АҚШ-тың «Манас» авиабазасы 2014 жылы өз жұмысын тоқтатқан еді. Осыған орай кейбір сарапшылар Бішкектегі АҚШ авиабазасының жабылуын «Орталық Азиядағы АҚШ ықпалын күшейту экспериментінің аяқталуы» деп атаған болатын. Қырғызстандағы «Манас» авиабазасы 2001 жылдан бері АҚШ әскерінің плацдармы және Ауғанстанға соғыс құрал-жабдықтарын тасымалдайтын база қызметін атқарды. Жалпы, Пентагон оның жабылатындығын жариялаған соң көптеген пікірлер ортаға шықты. Халықаралық бақылаушылардың «Базаны жабу туралы шешім АҚШ-тың Ауғанстандағы терроризмге қарсы іс-қимылына кедергі келтіреді, әрі мұның басқа да зиянды салдары болуы мүмкін» деген ескертулеріне мән бермей, АҚШ бұл шешімді ың-шыңсыз, самарқау қабылдады» деп жазды. Ал «Нью-Йорк таймс» газетінің Стамбулдағы тілшісі Джошуа Кучера бір жарым мың америкалық сарбаздың Бішкектен кетуін АҚШ-тың Орталық Азия сияқты шалғайдағы стратегиялық аренадағы «ықпалын кеңейту мен күшейту жөніндегі қысқа мерзімді экспериментінің аяқталуы» деп баға берді. Оның баспасөзде жарияланған түсініктемесіне қарап, «эксперимент сәтсіздікке ұшырады» деген қорытынды жасауға болады. Жалпы, аймақта АҚШ ықпалының күшеюіне жол бермеуге тырысқан Кремль әрекеттері Батыс позициясын әлсіретті деген пікірлер де бар. Олардың ішінде Ресейдің әскери көмек ретінде Бішкекке бір миллиард доллар беруі мен қарызын жоюы және ГЭС құрылысын қаржыландыруы аталады. Журналист Кучера: «Қырғызстандағы «Манас» авиабазасын жаптыруға ұмтылған Ресей басқа да әрекеттерімен АҚШ-тың Орталық Азиядағы жоспарларына тосқауыл қоюға тырысып отыр. АҚШ өз ықпалынан айырылып барады» – деген еді. Бірақ ол «Орталық Азия елдерінің ешқайсысы Ресейдің әмірімен жүргісі келмегенімен, АҚШ Кремльдің қысымына төтеп береді дегенге сенбейді. Бұл рөлге соңғы жылдары мұнай-газ саласында ірі мәмілелерге қол жеткізу арқылы аймақтағы ықпалы күрт артқан Қытай ие болады» деген болжам айтады. Бұл себептермен қатар мүлде күтпеген долбарлар да білдірілді. Джошуа Кучераның пікірінше, «қазір Қырғызстан президенттік биліктен гөрі парламенттік билік күшейген демократиялық елге айналды». Соңғы екі президент – Роза Отынбаева мен Алмазбек Атамбаевтың тұсында «Манас» авиабазасын техникалық тұрғыдан жабдықтау сияқты мәселелерде бұл жұмыстардың ашық жүргізілу принципі қадағалана бастады. «Президенттер Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевтің тұсында АҚШ әскерін осы екі президенттің әулетіне тиесілі компаниялар жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп, одан олар пайда көрді. Сонау америкалық журналист Джошуа Кучера: «2010 жылы билік басына уақытша келген Роза Отынбаева бұл жүйені реформалады. Соның арқасында авиабазаның «пайдасын нақты кім көреді?» деген мәселені АҚШ пен Қырғызстан үкіметтері ашық талқыламай, жасырын шешім қабылдай алмайтын болды» дейді. Қырғызстанның қазіргі президенті Алмазбек Атамбаевтың сайлауалды бағдарламасының негізгі пункттерінің бірі «АҚШ авиабазасынан құтылу» еді. Джошуа Кучераның пікірінше, «АҚШ-қа қарсы науқан ұйымдастыру саяси көзқарас тұрғысынан алғанда көреген әрі сауатты стратегия болды. Өйткені Совет Одағы тарағалы жиырма жыл өтсе де, қырғыздардың көпшілігі АҚШ-қа емес, Ресейге бүйрек бұрады». Ақаев не деп еді? Ал баяғыда «Қызғалдақ» төңкерісі салдарынан биліктен кеткен Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев елде 2005 жылы болған мемлекеттік төңкерісті АҚШ-тың Орталық Азия өңіріндегі алғашқы «жобасы» деп атап, таяуда қырғыз халқын сыртқы қауіптен сақтануға шақырды. Ол өзі Қырғызстаннан сол жылдың наурызында кеткені де есте шығар. Ал 2010 жылдың сәуірінде Ақаевтан кейін билікке келген Құрманбек Бәкиев тақтан тайдырылып, елден аластатылды. Бұған қоса, елде жаппай ұлтаралық қақтығыс болып, оның салдарынан жүздеген мың адам қайтыс болды, жарты миллионға жуық адам сырт мемлекеттерге жосылды. 2005 жылдың наурызындағы оқиғаларға қатысты көзқарасын білдірген Асқар Ақаев мемлекеттік төңкерісті Вашингтон ұйымдастырғанын айтып, «ештеңені өзгерту мүмкін болмаған еді» деген-ді. «АҚШ-тың Украинада жасаған әрекетіне біреу кедергі бола алар ма еді? Төңкеріс арқылы гүлденіп тұрған бауырлас Украинаны тас-талқан қылды. Мұны АҚШ-қа кім не істей алатын еді? Ешкім де! Кішкентай ғана Қырғызстанға да ешкім көмектесе алмады. Америка мұндай жобаны қолға алған кезде ешкім ештеңе істей алмайды», – деді Ақаев. Ол АҚШ-тың мұндай «жобаларды» шындап қолға алғанын айтты. «Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы жоба еді, олар ешкімді өздеріне қарсы келтірмеді. Қол ұшын бергісі келсе де маған ешкім көмектесе алмады. Сақ болыңыздар! Қырғызстандағы үшінші төңкеріс Украинадағыдай болуы мүмкін», – деді экс-президент. Ол республиканың Еуразиялық экономикалық одаққа кіруін өте дұрыс қадам деп бағалады. Ақаевтың мәлімдеуінше, ЕАЭО шеңберіндегі ықпалдастыққа қатыса отырып, Қырғызстан қорғаныс, қауіпсіздік және даму жөнінен Ресейге үміт артады. «Себебі қырғыздарға даму мақсатында кіретін басқа одақ жоқ. Сондықтан, бұл сөзсіз дұрыс қадам деп есептеймін», – деді Ақаев. Бұған қоса, ол Қырғызстанға проамерикалық бағыттың жарамайтынын айтты. «Америкалықтар қырғыздар үшін Марс тұрғындарымен бірдей. Алыста жарқырап тұрғанымен ешқандай жылу бермейтін жұлдыз сияқты. Ол кез келген сәтте зиянын тигізуі мүмкін», – деді ол.
Елші не деді?
Ал жуырда ғана журналистермен кездескен Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшісі Джордж Крол АҚШ-тың «түрлі-түсті төңкерістерге» қатысы туралы пікірлерге түсінік берген еді. «Әрине, мен мұндай пікірлерді көп естимін. Бірақ мұнымен келіспеймін. «Түрлі-түсті төңкерістерге» қатысты айтатын болсақ, бұл – шын мәнінде сол мемлекеттердің ішкі мәселесі. Мен бұрынғы Кеңес Одағының кеңістігінде АҚШ істерімен айналысқан және айналысып жүрген адам ретінде айтарым, АҚШ-тың бүкіл әлемді жаулап алуға қатысты жоспары бар деген әңгіменің барлығы да сандырақ», – деді ол қазақстандық журналистерге берген сұхбаты барысында. «Мұндай мәліметтердің неліктен пайда болатынын түсінбеймін. Себебі, АҚШ демократия туралы әрдайым ашық айтады және біз демократиялық құбылыстарды қалыпты жағдай деп қабылдаймыз. Бірақ біз ол оқиғаның барлығына бастамашылық еткен жоқпыз. Бұл оқиғаның барлығының өзіндік саяси астары бар», – деді елші, АҚШ-тың әлемді жаулап алу мен америкалық империя құру туралы сойқан жоспарының жоқ екенін түсіндіріп. «Ол мүлде олай емес», – деді ол.
АҚШ-тың көздегені не? Есте болса, Америка Құрама Штаттары Орталық Азия елдерімен қарым-қатынаста адам құқықтарына қатысты санкция салуға бармай, «тұрақты, табандылыққа сүйенген» дипломатия ұстана беретінін жариялаған болатын. АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша орынбасары Ричард Хогланд Орталық Азия елдеріндегі адам құқықтарының жағдайын жақсарту жолында «санкция салу немесе көпшілік алдында масқара ету» тәсілдерін пайдаланудан гөрі, «шыдамды дипломатия» жүргізудің анағұрлым тиімді екенін мәлімдеген. Ричард Хогланд: «Орталық Азия елдеріндегі жұмысты жақсартудың тиімді жолы – аймақ елдеріндегі өзгеше ойлайтын, өз ұстанымдарын басшылыққа жеткізе алатын билік өкілдерімен байланыс орнату» деп еді. Хогландтың бұл мәлімдемесі АҚШ-тың «Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасының жаңа стратегиясының» жариялануына байланысты айтылған еді. Хогландтың уәжі «Орталық Азиядағы адам құқықтары мен діни еркіндік сияқты мәселелер алаңдаушылық туғызып отыр. Бірақ АҚШ Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасында табанды, дәстүрлі, нақтылыққа негізделген дипломатия жүргізе береді» дегенге саяды. Ол Вашингтонның Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерімен «адам құқықтарын қорғау мәселесін реттеу күрделі процесс екенін және ұзақ мерзімді қажет ететінін түсінген кейіпте жұмыс істей беретінін мәлім еткен. Ол: «Бұл мәселелерде ілгерілеу баяу болғанымен, біз аймақтағы әр елдің билігін реформалардың өз мемлекетінің мүддесі үшін жасалатынына сендіруіміз қажет» дейді. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Энтони Блинкен: «Вашингтон еркін баспасөз бен ашық саяси жүйе орнату ісін барынша қолдауын жалғастыра отырып, саяси немесе діни сенімі мен көзқарасын еркін білдіргені үшін түрмеге қамалған адамдардың босатылуын талап ете береді» деп мәлімдеген болатын. АҚШ-та Джеффри Манкофф деген ғалым өзінің Орталық Азия жөнінде жазған мақалаларының бірінде «АҚШ Орталық Азияға не үшін қызығады?» деген сауал қойған. Сөйтіпті де: «АҚШ Орталық Азия елдерімен Ауғанстанда соғыс жүргізу үшін ғана ынтымақтастық орнатқан. Бірақ АҚШ Ауғанстаннан әскерін толықтай шығарса, Орталық Азия оны қай тұрғыда қызықтырады? Табиғи ресурстары десек, географиялық жағынан алғанда бұл аймақ АҚШ-тан өте алыста жатыр. 2001 жылы лаңкестер тобы халықаралық қауіпсіздікке қатер төндірді, соның әсерінен Ауғанстан уақытша база ретінде қолданылды. Бірақ енді ондай жағдай қайталана қоймас. Демократияны дамытып, адам құқығын сыйлауға ықпал еткісі келетіндер үшін Орталық Азия қанша егін ексең де, түк шықпайтын құнарсыз шөл дала сияқты» депті... Әйткенмен, бұл сонау сауалдың нақты жауабы еместігі және шындық.Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті