Рухты мертіктіретін мылтықсыз майдан
2015 ж. 09 маусым
3276
0
Соңғы ғасырлар техникалық қарыштаудың, атомның, ақпараттың дәуірлері екені мәлім. Соған сәйкес, осынау ғаламаттың «тілін» меңгеру де – уақыт талабы. Онсыз күнің қараң.
Әлемнің дамыған ең мықты елдері қолға қару алып соғысуды тоқтатқалы да көп өткені анық. Бірақ олардың араларында талайдан бері бітіспес ақпараттық қақтығыстар жүріп жатқаны да айдан анық. «Қазақстанның-2050» стратегиясында, міне, осы мәселелер де қамтылған болатын. Бұл – сырттан ағылған ақпаратқа мықты сүзгі қоятын мезгілдің жеткенін аңдатқан да тұспал еді.
Тарихта дүниежүзілік соғыстардың екеуі өткені де баршамызға аян. Ал бүгінгі зерттеушілер әлемде үшінші дүниежүзілік соғыстың әлдеқашан басталып, қыза түскендігін айтады. Қазір жиі қолданылатын «Ақпарат кімнің қолында болса, әлемді сол билейді» деген тіркес осыдан пайда болғаны да түсінікті. Бұл – сананы жаулап, рухты мертіктіруге тырысатын ақпараттық соғыс. Біз күнделікті газет оқимыз, теледидар көреміз, радио тыңдаймыз. Бір қарағанда, санамызға ешбір зиянсыз ақпарат сіңуде. Алайда ақпарат құралдарымен құлаққа кіріп, миға сіңген ақпарат кішігірім қоғамда, мемлекетте, тіпті, тұтастай әлемде қаруы жоқ соғыстың өршуіне себепкер болатынын сезе бермейміз...
***
Жалпы, «ақпараттық соғыс» термині XX ғасырдың ортасында алғаш Америкада әлемдік өктемдікке қол жеткіземіз деген теріс ниеттен пайда бола бастаған. Ақпараттық соғыстың басты мақсаты – қарсы жақты өз ырқына мәжбүрлеп көндіру арқылы өз мүддесіне сәйкес келетін саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік ұтысқа қол жеткізу. Мұндай соғыс мемлекеттер, одақтар, қоғамдық, экономикалық және әскери құрылымдардың арасында жүргізілуі мүмкін. Ақпараттық соғысты «психологиялық соғыспен» де теңестіруге болады. Ол ашық және жабық түрде жүргізілуі мүмкін және бұл қарусыз майданда «кімнің жау» екенін ажырату қиынға түседі. Психологиялық шаралар, электрондық соғыс шаралары, теріс ақпарат тарату мен қарсы үгіт-насихат шаралары, қарсы әрекет ету мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары, тікелей ақпараттық шабуылдар мемлекеттер мен ірі державалар арасындағы ақпараттық текетірестің өршуіне негізгі себеп болады. Сондай-ақ алып-қашпа әңгіме, сенімсіз ақпарат, қауесет мұның барлығы да ақпараттық терроризмге жатады. Ақпараттық терроризм – ақпараттық соғысты жүргізудің ең тиімді әрі арзан құралы. Мемлекеттер арасындағы шығынсыз соғыстың жаңа түрі. Соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамып жатқан ғаламтор желілері, түрлі сайттар осы ақпараттық соғыстарға жол ашты.
Өркениеттің бүгінгі даму кезеңінде ақпараттандыру үдерісі мемлекеттік органдардың қызметі мен жеке адамның өмірінде негізгі рөлге ие. Ақпараттандыру ортақ әлемдік ақпараттық кеңістіктің құрылуына әкелуде. Бұл кеңістіктің аясында оның субьектілері – адамдар, ұйымдар, мемлекеттер арасында ақпаратты сақтау, өңдеу, алмасу процесі белсенді жүруде. Бұл субъектілер арасындағы саяси, техникалық, экономикалық ақпараттың тез алмасқаны – өркениетті жетістік, алайда мұндай артықшылық тек ғылыми-техникалық, ақпараттық-технологиялық деңгейі жоғары елдерге ғана қолжетімді. Ал бұл деңгейге шықпаған мемлекеттің дамыған елдер алдындағы әлсіздігі жыл өткен сайын айқын көріне бермек. Ал өз кезегінде аталған үдеріс күштілердің әлсіздерді ақпараттық тұрғыдан басқаруына, манипуляциялауына әкелуі сөзсіз. Бұл АҚШ, ЕО, Жапония секілді ғылыми-техникалық, өндірістік әлеуеті жоғары елдерге ақпараттандырудың есебінен өзінің саяси, экономикалық, геосаяси, тіпті, әскери жағдайын нығайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, әлемдік қауымдастыққа жаһандық ақпараттық бақылау орнату мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. «Ақпараттық соғыс» ұғымы – әскери саланың өнімі. Бұл термин бүгінде нақты анықталып, зерттеліп біткен жоқ, сол себепті келешекте оның мағынасының өзгеруі әбден мүмкін. Ақпараттық соғыс – ақпаратты қару жүзінде саяси, экономикалық, әлеуметтік, әскери салада қолдану әдісінің келісілген әрекетін атайды. Бұл соғыстың жаңа типі, оның соңғы нысанасы – қоғамның санасы. Ол қоғамдық сананы басқару мен манипуляциялау, адам еркін бағындыру мүмкіндігіне негізделген. Бұл ақпараттық-психологиялық ықпалға жиі ұшырайтындар үшін байқаусыз өтеді. «Ақпараттық соғыс» термині алғаш рет қырғи-қабақ соғысынан кейін Парсы шығанағындағы әскери операцияларда қолданылды. Бұл термин жалған ақпарат беру мен АҚШ әскерінің Ирактың әскери және азаматтық ақпараттық жүйесін істен шығару мағынасында қолданылды. Оған қоса, Ирактан тікелей ақпарат таратқан батыстық телекомпаниялардың әрекетін де қосуға болады. Олардың ақпараты қарсыласқа емес, батыс көрермендеріне бағытталған еді. Соғыстан соң шығанақта ақпараттық соғыстың теориясын жасаушылар табылды. 1995 жылдың тамызында АҚШ-тың Ұлттық қорғаныс институтында осы саладағы Мартин Либикидің еңбегі жарияланды.
Автор онда ақпараттық соғыстың бірнеше түрін бөліп көрсетеді:
– Командалық-басқарушылық – соғыс барысында әскери басшылар мен бағынышты әскер арасындағы байланысты үзу, армияны басқару қабілетінен айыру;
– Барлаушылық соғыс – қарулы қақтығыс барысында маңызды ақпарат жинап, өз мәліметтерін қорғау;
– Электронды соғыс – электронды коммуникацияға – радио-байланыс, радиолокациялық станцияларға, компьютерлік желілерге қарсы шаралар;
– Психологиялық соғыс – насихат, жергілікті тұрғындардың ойлау қабілеті мен бағытын өзгерту.
М.Либики мұны да төртке бөледі: азаматтық рухты жою, Қарулы күштердің әскери рухын төмендету, әскери басшылықты дезоринтациялау, мәдениеттер соғысы; хакерлік соғыс – қарсыластың негізгі азаматтық обьектілеріне диверсиялық шабуылдар жасау. Ақпараттарды сақтау, өңдеу, тарату кезеңінде компьютерлік желілерді істен шығару не өзгеріс енгізу; экономикалық ақпараттық соғыс – М. Либики оның екі формасын ұсынды: ақпараттық блокада (АҚШ-қа қатысты әрекет) және ақпараттық империализм (АҚШ-тың әдеттегі әрекеті); киберсоғыс – бұл қарапайым хакерліктен ерекшеленеді. Бұл компьютерлік мәліметтерді басып алу немесе бопсалау. М.Либики бұл соғыстың түрінде семантикалық шабуылды бөліп көрсетті. Семантикалық шабуыл кезеңінде хакер қарсыластың компьютерлік бағдарламаларын бұрыс жұмыс істетеді. Яғни, істен шықпайды, бірақ оның шешімдері мен нәтижесі дұрыс емес. Бүгінде ақпараттық күрестің тиімділігін дәлелдейтін бірнеше фактор бар. Мәселен, оның құнының төмендігі, ақпараттық шабуылдарды жасауда мемлекетаралық дәстүрлі шекаралардың жойылуы, ақпаратты манипуляциялау арқылы жағдайды басқару әдісінің маңызының артуы, ақпараттық басымдықты басып алу және сақтау саласына ауысып жатқан стратегиялық барлаудағы бағыттардың өзгеруі, ақпараттық операциялардың басталуын анықтаудың күрделенуі, ақпараттық соғысты бастаушы агрессорға қарсы тез арада коалицияны жинаудың күрделілігі. Ақпараттық шабуылдар тек әскери операциялардың кезеңінде жүргізілуі міндетті емес. Ол нақты бір ойды қалыптастыруға, нақты шешімдерді шығару үшін ұзақ не қысқа мерзімде жүргізілуі мүмкін. Мәселен, әлемнің бірнеше жерінде орын алып жатқан терактілерден соң кез келген елдің парламенті үкіметке терроризмге қарсы орасан зор бюджетті бөліп беретін болды. Себебі соңғы он жылдықтағы әлемдік ақпараттық саясатта терроризм бейбіт әлемнің ең үлкен қаупі ретінде көрсетілді. Немесе Иранның ядролық өнімдерді байытуын батыс БАҚ әлем жұртшылығына аса қатерлі үдеріс ретінде көрсетіп бақты. Ал Еуропа және түрлі халықаралық институттардың Иранға санкциялар жариялауы – осы ақпараттық шабуылдың нақты нәтижесі. Жоғарыда көрсетілгендей, ақпараттық күрестің әскери жанжалдарда жиі әрі белсенді қолданатылатыны мәлім. Сондай нақты мысал ретінде 2008 жылғы Грузия мен Ресей арасындағы әскери қақтығысты келтіруге болады. Ресей телеарналары 8-тамыздан бастап әскери жағдайдағы қызметке кірісті. Олар әрбір үш сағат сайын грузия әскерінің Цхинвалиге шабуылын көрсетіп, Саакашвилиді нағыз агрессор ретінде көрсетіп бақты. Ал Грузияның жақтасы болып есептелген АҚШ ақпаратты мүлдем өзге қырынан беруге тырысты. Мысалы, СNN жаңалықтарды «Ресей Оңтүстік Осетияға басып кірді» деп хабарлады, кейіннен Ресей Грузияға басып кірді деген атаумен ауыстырды. Ал «The Wall Street Journal» болса көп кешікпей сол кездегі Грузия президенті Саакашвилидің мақаласын жариялады. Онда М.Саакашвили Ресейдің барлық әрекеттерін үлкен сынға алып, Мәскеудің тек Грузияға ғана емес, сондай-ақ еуропалық демократия құндылықтарына да қауіп төндіріп тұрғандығын жазған еді. Алайда дәл осы газет Грузия президентінің ашуға ерік беріп, Ресеймен кикілжіңге түсуін үлкен қателік деген пікірдегі саясаткерлердің де пікірін берді. Ал Ресейдің өзінде Грузияға қарсы нағыз ақпараттық күресті бастады, мемлекеттік және басым көпшілік жеке меншік БАҚ Грузия әскерінің осетиндерге қарсы агрессиясын әсерлетіп көрсетіп бақты. Бұл ақпарат ағыны тек ресейліктерге ғана емес, сондай-ақ ТМД және өзге де территориядағы орыс тілді аудиторияға бағытталды. Ресейлік «Вести 24» телеарнасы президенттің, министрдің, әскерилердің барлық сөздерін тікелей эфирде беріп отырды, олар көбіне Оңтүстік осетиядағы жағдайды көрсетуге тырысты. Осы арқылы Грузия әскерінің Цхинвалиді қаншалықты терең бомбалағанын жеткізіп бақты.
Өткен жылы ғаламторда Сирияда соғысып жүрген қазақстандықтар туралы бейнебаян жарыққа шыққаны есте болар. Соның салдарынан ел ішінде осы жайлы үлкен шу шықты. Саясаттанушы Ерлан Қарин бұл оқиғаны Қазақстанға жасалған үлкен ақпараттық соғыс деп мәлімдеген-ді. Ол: «Қазір Сирияда немесе Ауғанстанда екі жүз, тіпті, үш жүз қазақстандық азамат соғысып жатыр деген әңгімелер айтылып жүр. Әсіресе, шетелдік сарапшылар тарапынан көп нәрсе айтылады, оған отандық сарапшылар да қосылып жүр. Менің ойымша, Сирияда жүрген қазақстандық азаматтардың санын әсірелетіп жіберген. Біздің зерттеуіміз бойынша, айтылып жүрген сандар шындыққа жанаспайды. Сонымен бірге, өткен жылы болған ақпаратты шын мәнісінде, Қазақстанға бағытталған ақпараттық соғыс деуге болады. Бұл – жарнаманың бір формасы болса керек. Оның негізгі мақсаты – сол аймақтарға қосымша адамдарды тарту. Бүгінде терроризм бұл тек жарылыс пен атыс-шабыс қана емес, оны үлкен ақпараттық соғыс деп те түсіну керек. Сондықтан, шынайы және жалған ақпаратты ажырата білген жөн» деген еді.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті