Көгілдір отын сату Орталық Азияға қаншалықты абырой әпереді?
2015 ж. 20 мамыр
3276
1
«Каспий – бейбітшілік пен достық теңізі» деген сөзді теңіз жағасындағы Қазақстан, Әзірбайжан, Иран, Ресей және Түркіменстан басшыларының қайталап келе жатқанына 20 жылдың жүзі болды. «Каспий теңізі – достық пен бейбітшіліктің теңізі» деген ұран көп айтылғанымен, оны іс жүзінде дәлелдейтін мүмкіндік әлі туа қойған жоқ. Мұнда миллиардтаған доллардың шикізаты жатқандықтан, ондағы жерасты байлығына деген қызығушылық та қатты деп жазады шетелдік тілші Брюс Панниер.
Енді бұл сөздерінің қаншалық шынайы екені сыналатын уақыт та таяғанға ұқсайды. Еуропа комиссиясының энергетика мәселелері жөніндегі төрағасының орынбасары Марош Шефчович 20 жылдан бері талқынып келе жатқан «Транскаспий» газ құбырын салу идеясын талқылау үшін жақында Түркіменстанға келіп кетті.
Ұзындығы 300 шақырым болатын бұл құбыр әлемде газ қоры жөнінен 4-орын алатын Түркіменстанды Әзірбайжанмен жалғауы тиіс. Ал Әзірбайжан Каспийдің Түркияға, одан әрі Еуропаға шығар қақпасы іспетті.
Ашхабадта Түркіменстан мен Әзірбайжанның ресми өкілдерімен кездескен Марош Шефчович «ортақ ұйғарымға келгендерін» және «түркімен газы 2019 жылы Еуропаға жетеді деп үміттенетінін» айтқан болатын. Бұл жақсы жаңалық болғанымен, соңғы 20 жылда аралары ушықпай келген Каспий маңы елдерін араздастыратын мәселеге айналатын түрі бар.
Еуропа одағы (ЕО) Ресейден алатын газ көлемін мейлінше азайтуға мүдделі. Қазір Ресей Еуропаға жылына 140-150 миллиард текше метр газ жіберіп отыр. Бұл – ЕО-ның газ импортының 30 пайызы. Ресей Қырым түбегін заңсыз өзіне қосып алғалы және Мәскеуді Батыс «Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдайды» деп айыпталғалы Еуропа Ресейден алатын газ көлемін азайтуға бұрынғыдан да қаттырақ ұмтыла бастады.
Каспий маңындағы Түркіменстан мен Әзірбайжаннан Түркия арқылы құбыр тартуды көздейтін «Оңтүстік дәліз» жобасы – Ресей газының ЕО импортындағы үлесін біртіндеп азайту жоспарының бір бөлігі. Сыйымдылығы 60 миллиард текше метр болатын «Трансанатолий» құбырының (TANAP) құрылысы Түркияда биыл наурыз айында басталды.
TANAP салынып бітіп, газ жіберілген күннен бастап Ресейдің мемлекеттік «Газпром» компаниясы ЕО газ нарығындағы үлесінің үштен бір бөлігінен айырылғалы тұр. Ал «Газпромның» табысы Кремльдің жалпы кірісінің 25 пайызына таяйды. Оның үстіне, сәуір айында ЕО «Бизнес тәртібін бұзғаны үшін» «Газпромның» үстінен іс қозғаған еді.
Әзірбайжан мен Түркіменстан газын өз жері арқылы өткізгені үшін Грузия да табысқа кенелгелі тұр. Ал бұл Мәскеудің қолайына жаға қоймасы анық.
Ресей «Транскаспий» газ құбырының аты шыққалы салынуына қарсылық білдіріп келеді. Оның үнемі айтып келе жатқан уәжі – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі әлі айқындалмаған. Жағалауда жатқан бес елдің өкілдері қанша рет саммит шақырып, түрлі деңгейдегі келіссөздер өткізгеніне қарамастан, Каспийді теңіз я көл деп атау мәселесі бойынша мәміле жасалмай келеді. Егер Каспийді бес ел «теңіз» деп мойындаса, онда әр мемлекет өз секторын өз ықтиярымен пайдалануға мүмкіндік алады. Ал егер Каспий «көл» болып шықса, онда бес ел табыстан түскен пайданы тең бөлісуге тиіс.
Сонымен қатар, Ресей Каспий теңізі табанынан өтетін құбыр жобасы мұндағы экологияға зиян келтіруі мүмкін деп алаңдайды.
Әзірбайжан, Түркіменстан және ЕО Мәскеуге қарсы уәждерін тынбай қайталаумен келеді. Олардың айтуынша, Баку мен Ашхабадтың құбыр жобасы теңіздің өздеріне тиесілі бөліктерінде жатыр, сондықтан, жағалаудағы басқа елдердің рұқсатын алу міндетті емес. Оның үстіне, Каспийдің статусы әлі күнге анықталмағанына қарамастан, әр мемлекет өз ұлттық секторындағы мұнай және газ кеніштерін игеріп отыр.
Мамандар «техникалық тұрғыдан алғанда «Транскаспий» құбырын салу – аса қиын жоба емес. Оны салу – Қара теңіздің түбінде Ресей салған «Көк ағыс» құбырын төсеуден әлдеқайда оңай» дейді. Осы құбыр арқылы Түркияға газ жеткізіп отырған Ресей енді экспорт көлемін арттыру үшін «Түрік ағысы» деген жаңа жобаны бастауды жоспарлап отыр. Балтық теңізінің табанында жатқан «Солтүстік ағыс» жобасының екі бірдей құбыры Ресей газын Солтүстік Еуропаға, соның ішінде Германияға жеткізеді.
Әзірбайжан, Түркіменстан мен ЕО өкілдері Ресейдің Балтық және Қара теңіздегі осы құбырларын уәж ретінде көрсетіп, «Транскаспий» жобасы да іске асады, қауіпсіз болады деп сендіреді.
Каспий табанынан құбыр тартуға қатысты Иран әрдайым Ресей позициясын қолдап келген. Егер ЕО «сол құбыр арқылы Иран да газ жібереді» деп мәлімдесе, Тегеранның бұл райынан қайтуы мүмкін.
Ашхабадтағы кездесуден соң жобаның экологиялық мәселелерін сөз еткен Марош Шефчович ЕО мен Дүниежүзілік банктің құбыр жоспарын экологиялық сараптамадан өткізгенін айтып, «бұл – экологиялық тұрғыдан сенімді жоба» деп мәлімдеді.
Ресей бұл жобаға қарсы сотқа арыз түсіруі де мүмкін. Мұның өзі жоба құрылысын біраз жылға шегеріп тастауы ықтимал. Алайда Әзірбайжан, Түркіменстан мен ЕО-ны толғандырып отырған басты мәселе бұл емес.
«Каспий теңізі – достық пен бейбітшіліктің теңізі» деген ұран көп айтылғанымен, оны іс жүзінде дәлелдейтін мүмкіндік әлі туа қойған жоқ. Мұнда миллиардтаған доллардың шикізаты жатқандықтан, ондағы жерасты байлығына деген қызығушылық та қатты.
Каспиймен шектесетін мемлекеттердің барлығы соңғы он жылдың көлемінде әскери-теңіз флотын құрды. Бірақ қазір мұнда Ресейдің күші басым болып тұр. 1921 және 1940 жылдардағы Совет Одағы мен Иран арасында жасалған екі келісім бойынша бар билік СССР-ге берілген. Тегеран Каспийде Мәскеумен егесе алмайтынын білсе керек.
Әзірбайжан, Қазақстан мен Түркіменстан тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана өздерінің әскери-теңіз флоттарын құрды, демек олардың қауқары Ресей мен Ирандікінен аз деген сөз.
Ал Ресей күшейген үстіне күшейіп келеді. Жақында Дағыстан мен Татарстан да жаңа қарауыл фрегаттарын жасақтады. Олар теңізді үнемі бақылап отырады. Сәуірдің 28-і күні аяқталған жаттығулардан соң 20-ға жуық әскери корабль Астрахань мен Махачкаладағы айлаққа оралған.
Мұнымен қоса жағалауда Ресейдің 300 километр қашықтыққа атылатын зымырандары орналасқан. Каспий тұйық теңіз болғандықтан, мұнда жатқан газ, мұнай құбырларын қорғауға сырттан басқа елдер әскери көмек көрсете алмайды. Демек, бұл теңізде Ресейдің дегені болады.
Бұл жағдайды Марош Шефчович те білетін сияқты. Оның айтуынша, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовпен кездесу барысында түркімен газын Иран арқылы тасымалдау мәселесі де талқыланған.
Иранға халықаралық санкциялар салынғандықтан, мұндай жобаларға қатыса алмайды. Бірақ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздердің нәтиже бере бастағанына қарап, санкциялар жойылатын күн алыс емес деуге болады. Ондай жағдайда «Транскаспий» құбырын салудың қажеті де болмай қалуы мүмкін. Яғни мәселе ЕО-ның өзінің жылдам қимылдауына да байланысты болып тұр.
***
Жалпы, Орта Азиялық жоба – «Түрікменстан – Өзбекстан –Қазақстан – Қытай» газ құбырының қазақстандық учаскесінің 2009 жылы іске қосылғаны белгілі. Қазақстан үшін бұл жоба қазақ газын шетелге шығаратын бірінші экспорттық газ құбыры еді. Бұл трансұлтты жоба Орталық Азия табиғи газын Түркіменстаннан Өзбекстанға, одан Қазақстанға, қазақ жері арқылы Қытайға шығарады. Қазақстандағы уческесі екі параллельді құбыр желісінен тұрады.
Бірінші құбырдың газ өткізу қабылеті – жылына 40 млрд. текше метр болса, ол бірден Өзбекстан шекарасынан Қытай шекарасына дейін жол тартады. Екіншісінің газ өткізу мүмкіндігі жылына 10 млрд. текше метрді құрайды. Бұл Бейнеу – Бозой – Қызылорда – Шымкент арқылы жүреді. Қазақстан аумағындағы газ құбырының жалпы ұзындығы – 1304,5 шақырым. Ол өзбек-қазақ шекарасынан бастау алып, одан Қазақстанның шығыс өңірі арқылы Қорғас бекетіне дейін барады. Қазақстан билігі аталған газ құбыры арқылы елдің Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарын табиғи газбен қамтамасыз ете аламыз деп уәде берген еді. Уәде толықтай орындалмаса да, алдағы уақытта аталған облыстар толықтай табиғи газбен қамтамасыз етілмек.
Жалпы, Қытай өзінің экономикалық мүдделерін алға жылжытып, Орталық Азияның энергия көздерін иемденіп қалуға әрекет етіп жатыр. Орталық Азия болса артта қалған инфрақұрылымын жақсарту үшін Қытай инвестициясына есігін айқара ашуға мәжбүр. Бірақ, бәрі кедергісіз жүріп жатқандай көрінгенімен, бұл шаралар ұзаққа бармайтын сияқты. Өйткені Орталық Азия елдері өзара келісімдерде Бейжің үшін маңызды рөл атқаратын қытайлықтармен жеке жұмыс жасап, шекаралық аймаққа қажетті дипломатиялық тепе-теңдікті құрғысы келеді. Энергия көзінің тапшылығы Қытай экономикасына төнген үлкен қауіптің бірі, сондықтан қытайлық компаниялар әлемдегі бірқатар елдермен энергия көзін алу жөнінде келісім-шарттар жасап жатыр. Бұл тұрғыда Қытайдың бақытына орай, энергия көзіне бай Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан Совет Одағы құлағаннан бері мол мүмкіндік ашып отыр.
Ал Эдинбургтегі бұрынғы Совет Одағының мұнай-газ мониторингісінің сарапшысы Дженифер Дилэй Қытай экономикасының өсімі ғаламдық дағдарыс кезінде тежеле қоймады, қажетті энергия көзін алу мен соңғы жылдардағы газ импорты елдің экономикасын бірқалыпты ұстап тұрды дейді. Дилэйдің айтуынша, Қытай қазірдің өзінде күніне 4,1 миллион баррель мұнай тұтынады, оның жартысынан көбі импортпен келеді. Табиғи газ импорты қазіргі тұтынудың 11 пайызын құрайды.
Өткен жылы күзде Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға іссапармен келгені мәлім. Қытай басшысы ол сапар Астана мен Алматыны да бірдей аралап көрді. Екі күн ішінде құны 30 миллиард доллар тұратын 22 келісімшартқа қол қойылды. Қытай бүгінде Қазақстанның басты сауда әріптесі. «Екі ел арасындағы сауда айналымын 2015 жылға қарай 40 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр», – деді Си Цзиньпин. Осы жолғы сапарында «Қашаған» мұнай кен орнындағы Қытайдың үлесі айқындалып, «Бейнеу-Бозой» газ құбырының тұсауы кесілді. Экономикалық сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Қытайдың Қазақстан экономикасындағы үлесі 30 пайыздан асты. Қытайлық алпауыт CNPС компаниясы ең ірі ойыншылардың қатарына қосылды. Осылайша энергияға тәуелді Қытайдың тәбеті басылар емес, басылмайды да. Өйткені, халқының санына байланысты «аспан асты еліне» әлі де орасан қуат көзі қажет болатын секілді.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті