Каримовтың инаугурациядағы сөзі сезік тудырды
2015 ж. 17 сәуір
3780
3
Төртінші мәрте Өзбекстан президенті болып сайланған Ислам Каримовты ұлықтау рәсімі сәуірдің 10-ы күні өтті. Оның осы шарада айтқан сөздері мен түр-келбеті жұрт көңілін күпті етті.
Жергілікті тілде «Озодлик» аталатын Азаттықтың Өзбек қызметі Каримов инаугурациясын жіті бақылады. 77 жастағы президенттің сөзінен жасы келіп, қайраты қайтқаны байқалды.
«БІЗ ЕШҚАШАН МАҚТАНБАЙМЫЗ»
Мемлекеттік БАҚ Каримов сөзінің жазбаша нұсқасын жариялады, ол 1295 сөзден ғана тұрады. Бірақ Каримов сценарийден ауытқып, өз жанынан қосып талай дүниенің басын шалды, тіпті сандырақтап кетті деуге болады.
Азаттық тілшілері Өзбекстан президенті сөздерін барынша нақты аударуға тырысты. Каримов «мақтанудың қажетсіз екенін» жиі айтты. Ол көптен бері сөзін осылай бастайды, содан соң елдің гүлденіп келе жатқанын тізбектей жөнеледі.
«Біз ешқашан мақтанбаймыз. Жалпы ішкі өнімнің өсімі 8 пайыз болды. Оған көптеген дайындықтар жасадық, тәуелсіздік алғаннан бері әл-ауқатымызды жақсартуға күш салдық, жоспар құрдық. Бес қағидатты негізге алдық, ешбір жерде, ешқашанда, үлкен және кіші мінберден болсын, ешқашан мақтанған емеспіз. Қажет болса, тағы да қайталаймын, кейбіреулер мемлекетінің құр атын атап мақтанады, біз ешқашан да олай істеген емеспіз».
Аңтарылып, қобалжи бастадыңыз ба? Бұл түк емес. Парламент мүшелеріне «Қымбаттым менің» деген Каримов ары қарай былай жалғастырды: «Бүгін мен сендермен кездесіп отырмын, егер сендер «Неліктен сізге әріптес болдық?» деп сұрасаңдар және президент сендерге сырын айтатындай болса, сендер сол құпияны сақтай алсаңдар, маған одан әрі жақындай түсесіңдер».
Каримов сөзін аяқтаған кезде отырғандар аямай қол соқты, ал оның қандай «құпияны» меңзегені түсініксіз болып қалды.
«ЕЛШІЛЕРГЕ МЕДАЛЬ БЕРЕЙІК»
Ұлықтау рәсіміне келген дипломаттарға (инаугурацияның басталатыны жөнінде 24 сағат бұрын ғана хабарлағандықтан, елшілер ғана келді) Каримов былай деді: «Дипломаттарға әркез таңғаламын, олар менің сый-құрметіме бөленеді және ешқашан жаман көңіл-күймен қоштаспайды. Осы дипломаттар, елшілердің бәрі мерзімін аяқтаған кезде ескі досымен қоштасқандай болады, себебі екі-үш жылда олар досымызға айналады. Ешбір елшінің қоштасқысы келмейтіні дәстүрге айналды. Қажет болса, қазір қызмет етіп жүрген елшілерге халқымның құрметін білдіре аламын және қоштасар кезде беретін медаль шығарып, оны «Өзбекстанды сүйемін» деп атасақ деймін».
Көпшілік бұған да құлшына қол соқты. Каримов алдында жатқан дайын мәтіннің қажет тұсын таба алмай қалған болса керек, АҚШ президенті Барак Обамадан келген телеграмма туралы айтып кетті. Каримовтің сөзінше, «оны жұрт жаппай оқып, газет біткен жариялаған» болып шықты.
Ол «ел тағдыры Өзбекстан жастарының қолында» екенін сан мәрте қайталап айтты. Ең қызығы, елді 25 жыл бойы билеп, заңсыз түрде тағы да төртінші рет сайланған Каримов «демократияны енгізу қажеттігі туралы» ескертіп, «Бұл істе артта қалмайық. Бәріңді осыған шақырамын» деді.
Ол отандастарына «шетелдік инвестициялардан қорықпаңдар, ол жақсы нәрсе, соқыр күдіктен арылайық» деген үндеу тастады. Содан соң қайтадан жастар мәселесіне оралды. Ол «Болашақ қазіргі жастардың қолында дедік, демек дамудан артта қалмаймыз» деді.
ЕЛ БАСҚАРУҒА ҚАБІЛЕТТІ МЕ?
Сөзінің соңына қарай ол «Президент сендерге ешкімнен қорықпау керектігін айтады!» деп мәлімдеді. Каримовтың жемқорлық пен параға құныққан шенеуніктері, қатыгез қауіпсіздік қызметі Өзбекстан халқының үрейін ұшыратынын ескерсек, бұл үндеуді келеке ретінде қабылдамасқа амал жоқ.
Бұл жақсылықтың нышаны емес. Каримов қайтадан бес жылға президент болып сайланды. Елдегі басылымдар оның [алдын ала дайындалған] ресми сөзі мен жасырақ күніндегі суретін жариялаумен шектелді.
Ал мемлекеттік телеарналар мен радиолар президенттің өз жанынан қосқан пікірлерін қалай берерін білмей дағдарды. Мемлекеттік телеарна оның сөзін тұтастай берді, өйткені Каримов өзі көрсе «ерекше сөздерімді неліктен алып тастаған» деп ашуланар деп қорыққан болар.
Каримовтың денсаулығы жайлы алып-қашты пікірлер соңғы уақытта көп айтылып жүр. «Каримов көзі тірісінде билігін бермейді» дейтіндер көп. Билікті басқа біреуге конституциялық жолмен тапсырған жөн болар еді. Тағы бір амал бар – президенттің ел басқаруға дәрменсіз екенін дәлелдеу. Бірақ диктатордың билікті атқаруға қабілетсіз екенін дәлелдеуден де өткен қауіпті болжамдар бар.
(Азаттық тілшісінің блогын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
Cендер сол құпияны сақтай алсаңдар, маған одан әрі жақындай түсесіңдер.