Рысқалиевтің былығын әшкерелеген Нақпаев әріптестерінен шындықты айтуды cұрады
2014 ж. 14 тамыз
2679
1
Атырауда бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке қатысты сот процесі әлі жалғасуда. Облыс әкімінің қазіргі орынбасары Сәлімжан Нақпаев сотта куәгерлік етті деп хабарлайды КТК арнасы.
Кейін тұтқындалып, бірақ Рысқалиевтердің қылмыстық тобы биліктен кеткен соң қайта ақталып шыққан Сәлімжан Нақпаев қазір қамауда отырған бұрынғы әріптестеріне жекіп те алды.2010 жылы Рысқалиевтің командасымен бірге жұмыс істей алмай кеткен ол сол кезде Атыраудағы былық туралы жоғары жақты бірнеше мәрте құлақтандырып, арыз түсірген болатын.
"Өздерің білесіңдер қалай кеткенімді, қалай қырылғанымызды. Мен үндемей құжатқа қол қоюыма болар еді. Сендер неге айтпайсыңдар қалай болып жатқанын? Өздеріңді неге қорғамайсыңдар? Сендерді мәжбүрледі ғой. Бір аяқтарыңмен түрмеде тұрсыңдар? Шындықты айтпайсыңдар ма осы жерде?", - деді ол.
Сотқа қорғаушысын ерте келген Нақпаев сұрақтарға нақты жауап беруге тырысқанмен, арада көп уақыттың өтуіне байланысты біраз нәрсенің есінен шығып қалғанын айтумен болды.
71 миллиардтан астам қазына қаржысын жымқырды деген Бергей Рысқалиев пен оның сыбайластарына қатысты 11 блокқа бөлінген іс қаралып бітіп, енді кезінде белгілі себептермен сотқа келмей қалған куәгерлерден жауап алынып жатыр.
777 томнан тұратын қылмыстық істі қарау биыл қаңтар айында басталған еді. Әлі бітетін түрі жоқ. Сотқа кеп, куәлік еткендердің көбінің "есімде жоқ", "білмеймін" деген әңгімелері мен тергеу кезіндегі жауаптарынан айнып қалуы да процестің созылуына әсер етуде.