МИЛЛИОН САНАҒЫШ МИНИСТР ӨЗ ЖҰМЫСЫНАН ЖҰРДАЙ ЕКЕН...
2014 ж. 11 наурыз
2782
11
МӘЖІЛІС «екілік» алған оқушыдай ҚАППАРОВТЫ қатты аяп, ҚАТАҢ СӨГІСПЕН ҚАЙТАРДЫ...
Өткен аптаның бас кейіпкері Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров болды. Министр Нұрлан Қаппаровтың Мәжіліске есеп беруге барып, «екілік» алған оқушы кейпіндегі мүсәпір халін жазбаған басылым, жарияламаған сайт, көрсетпеген телеарна қалмады.
Телеарналардағы бейнекөріністі көргенде, шынында да, газетімізде талай сынап жүрсек те, менің де жаным ашып кетті министрге...
Парламент Мәжілісіне Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров "Әкімшілік құқық бұзушылық" туралы заң жобасын қорғауға келген болатын. Алайда, заң жобасын қорғаймын деген министрдің өзіне... қорғаушы табылмай қор болды...
Нұрлан Қаппаров заң жобасындағы «Еліміздегі парник газдар шығарындыларына квотаны арттырғаны үшін айыппұл мөлшерін азайту керектігі» мәселесіне келгенде тіпті шатқаяқтап қалды.
Мәжліс депутаты Розақұл Халмұрадовтың :
-Сіз айыппұлды 10АЕК тен 5 АЕК-ке түсіруді ұсынасыз. Ал Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте 10 АЕК деп тұр. Сонда қалай, үкімет бір қолымен беріп, екіншісімен алып алып отыр ма ?
Министр бұған еш жауап қата алмай, қара терге түсті. Депутаттарға бір, министрлік қызметкерлеріне екі қарап, жалтақтады.
-Можно заместитель..?- деп, спикерге жалынғандай болды...
..-Может тогда сразу сюда заместителя..... Так мы и до директоров департаментов, до помошников дойдем, - деп қатуланды Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллин.
Министрдің орынбасары Г.Серғазинадан көмек сұрап, «Е-е-е, Гүлмира»- деп шырқырап кетті...
Тіпті, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің өзі аттасы Нұрлан Қаппаровқа ұрсып отырса да, көмекке келіп, сұрақтарды түсіндірумен болды. Тіпті кейбірін «түсінбей қалған шығарсыз», деп орысшаға - түсінікті тіліне аударып берсе де, министр кері кетпесе, алға баса қойған жоқ.
-Нұрлан Жамбылұлы, кешіріңіз, сұраққа жауап жалғыз ғой. Барлық штрафтардың жолы бюджетке? Болды.
- Мен онда сұрақты түсінбеген шығармын.
-Бүгін бәріміз мынау Серғазинадан бастап, спикермен бірге көмектесеміз сізге?
Министр Мәжіліс депутаттары Ұласбек Сәдібекұлы мен Айгүл Соловьеваның сұрақтарына да жауап беріп жарытпады. Тіпті, алдын ала жазып келген сұрақтардың жауабын да шатастырумен болды.
-Ұласбек Сәдібекұлы, рахмет сұрағыңызға. - Жо-жо-жоқ!
- Не ту бумажку вытащил! К вам другой депутат обратился!- деп, спикердің министрді қағыта отырып, қақпайлап, жолға салмақшы болғанынан да қайран болмады...
Нұрлан Қаппаров сұрақ қойған депутаттарды да ауыстырып, мазақ болып, өзін-өзі жоғалтып алған соң,
көмек сұрау шынында да, департамент директоры деңгейіне дейін түсті. Бірақ бұдан соң да министрдің жауап беруі депутаттарды қанағаттандырған жоқ
«Көмек сұрау» министрліктің бас маманына дейін түспей тұрғанда, әйтеуір «жедел жәрдемге» Мәжіліс депутаты, заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, Егор Каппель шақырылды. Сөйтіп, Су министрінің суға кетіп бара жатып, қармаған талы - министрліктің бір де бір қызметкері емес... депутат болып шықты...
Сонымен Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Мәжіліс төрағасынан қатаң сөгіс естіді:
-Нурлан Жамбулович, надо готовиться. Из доклада, содоклада, вернее, депутата Каппелья видно, что все вопросы ясны, ответы на них есть. Другой вопрос, что докладчик слабо владеет материалом. Это же публичное выступление министра. Приходите в Парламент, на этих вопросах сидите, владеть надо, чтобы ответы были. Досвидания... Ну что это такое, слушайте, что не понимает, то помошник отвечает совсем уже...
Бірақ депутаттардың министрге қарап, қанағатанбай, қанша қарындары ашқанмен, бәрібір заң жобасын қабылдап, екінші оқылымға жібергені түсініксіз болды...
Иә, біздің елдің министрлері осындай! Өзге елде парламент алдында масқара болып, түк жауап бере алмаған министрдің не болатынын елестетіп көріңізші? Ал біздің Нұрекеңдердің жағдайы басқаша!?:
Нұрлан Қаппаровтың Қоршаған ортаны қорғау министрі болғалы да, оған дейін де басынан дау арылмай қойды. Ол туралы баспасөзде талайдан бері жазылып келеді. Шетелдегі офшордан миллиондары табылған 84 адамның ішінен аты шығып, біраз шулады ел. ( САЛЫҚТАН ҚАШЫП, ОФШОРҒА ТЫҒЫЛҒАНДАР ТІЗІМІ. МИНИСТР ҚАППАРОВ ОТСТАВКАҒА КЕТЕ МЕ? http://www.qazaquni.kz/17012.html ) Ел салығынан жалтарған миллиондар солай шетел бюджетіне су тегін кетіп жатыр... Бірақ біздің Қаппаровқа түк болған жоқ... Ел «әй, су жұқпас екен ғой мынауың» деп таңғалды.
Қызылордада Байқоңырда протон құлап, гептил төгіліп, ел шулап жатқанда арнайы үкіметтік комиссия төрағасы болса да, бір айға дейін бармай, тағы да айқайдың астында қалды. Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың: « Ау, бұл Қаппаров қайда жүр?» деп, ел атынан іздеу салғаны Елбасыға дейін жетті... Бұдан соң шыдамаған ел зиялылары бас қосып, 108 адам қол қойған Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына жазылған Ашық хат барлық БАҚ-та жарияланды. ( ОФШОРҒА ТЫҒЫЛҒАН ҚАППАРОВ ОТСТАВКАҒА КЕТУІ КЕРЕК! ХАЛЫҚ пен САЛЫҚТАН ҚАШҚАН министр үкіметте қалайша отырады?!. http://www.qazaquni.kz/17580.html ). Әй, осы жолы суға кететін шығар деп жүргенде... су да жұқпай су жаңа Су министрі болып шыға келіп... тағы таңғалдырды. Яғни, Қоршаған орта және... су ресурстары министрі болып, Қаппаровтың қарқыны тіпті күшеймесе, бәсеңдеген жоқ...
Қандай министр болса да, осылардың бірі болса ғана, отставкаға баяғыда кетуі тиіс еді. Ал Қаппаровың қаперіне түк те келмей, жалғанды жалпағынан басуда...
Енді мынау Парламент алдында бірде бір сұраққа жауап бере алмай, қара терге түскен Қаппаровты көрген ел тағы да «бұл қалай министр болып жүр» деп шулады. Тіпті бір телеарна, ұмытпасам, «31» арна, «Қаппаров "дымбілмес пе?» деген тақырыппен берді хабарын...
Айтпақшы, таяуда ел онша байқай қоймаған тағы бір су саласына байланысты оқиға тез ұмытылып кетті... Ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы Көксарай су қоймасына қатысты су тасқыны. Арнаға жіберілген су қадағаланбай, Сырдың бойындағы қатқан мұзға толған қалың жынысты шұрайлы тоғай қалың жылқы мен түйелердің бейітіне айналды. Қалың мұздың астында қалған жылқылар мен түйелер... Бір жерден басы, бір жерден аяғы шығып, жайрап қалған қалың мал... Телеарналардағы бейнекөріністі көрсең, шошисың... («Оңтүстікте жылқы үйірлері мен түйелер жаппай қырылды» http://www.qazaquni.kz/21708.html). Екі-үш күн бұрынғы елді естен тандырған девалвациядан дем ала алмай отырған Байырқұм тұрғындарына бұл тіпті «жығылған үстіне жұдырық» болды. «Су саласындағылар не қарап отыр?» деген ел айқайына да ешкім жарытымды жауап берген жоқ. Өйткені Мәжілістегі Су министрі Қаппаровтың дым жауап бере алмағанындай, ол жерде де... жауап бере алатын бір адам табылмады... Су реттегіштің қадағаланбауынан болған су тасқынынынан келген апаттан су саласындағылардың біріне де «су жұқпай»... алдын-ала күннің қатты суытып, Сырдарияға қалың мұз қатып, су көтеріліп кететінін «көрегендікпен» болжап білмегені үшін... су саласына мүлде қатысы жоқ... ауыл әкімі «кінәлі» болып табылып, ақырында ешкім жауап берген жоқ... Иә, бізде су тасқынынан жылқы қырылмақ түгілі, Қызылағаштағыдай бір ауыл қырылып қалса да, ешкімнің мұртын балта шаппайды...
Сонымен, тармақтай таратсақ - суға кеткен жылқылар, суға кеткен тоғай, су тегін шетел асқан миллиондар... ақырында Мәжілісте мойынына су кеткен министр...
Бірақ, Су министрі Қаппаров бұл жолы да су жұқтырмай кетеді...
Қазыбек ИСА
www.qazaquni.kz