Қазақстан мен Қырғызстан арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе болмауы керек — Президент
2024 ж. 19 сәуір
3393
0
Жоғары мемлекетаралық кеңес қазақ-қырғыз қарым-қатынастарына ерекше серпін береді. Бұл туралы Ақордада Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың сапарына орай Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Бүгін біз көптен күткен маңызды басқосуға жиналдық. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуы осы кеңесті өткізуге ықпал еткені сөзсіз. Отырыс барысында қазақ-қырғыз ынтымақтастығының ең өзекті мәселелері қаралады. Біз Қырғызстан президентімен шағын құрамда келіссөз өткіздік. Қарым-қатынасты кеңейтуге бейілді екенімізді тағы да растадық. Садыр Нұрғожоұлы (Қырғызстан Президенті) екі ел арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе болмауы керектігін айтты. Мен бұл пікірмен толық келісемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы уақыт сынағынан өткен ықпалдастығымыздың келешегі зор екеніне кәміл сенетінін айтты.
«Бұл бағытта бір кісідей күш жұмылдыруымыз қажет. Осы орайда Жоғары мемлекетаралық кеңестің жұмысы қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын дамытуға ерекше серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ бұл қадам әріптестігімізді жаңа деңгейге көтереді деп есептеймін», — деді Қазақстан Президенті.