Стати сот дауынан кімдер байыды немесе миллиондаған доллар орала ма?
2024 ж. 27 наурыз
4057
0
Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев Қазақстан Республикасының Әділет министрі А. Есқараевқа депутаттық сауал жолдап, атышулы Стати ісіне қатысты сұрақтар қойды.
***
Қазақстан 2010 жылдан бері молдова олигархтары Анатоль және Габриэль Статимен ұзақ уақыт бойы соттасып келе жатқаны мәлім.
Оған келісім-шарт талабы мен салық заңнамасы бұзылғандықтан, қазақстан тарабы оларға тиесілі «Толқыннефтегаз» ЖШС мен «Қазполмұнай» ЖШС компанияларының жер қойнауын пайдалану келісімшартын мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімі себеп болды.
«Толқын» және «Боранкөл» мұнай кен орындары «ҚазМұнайГаз» АҚ басқаруына берілді.
Стати компанияларының қызметі мемлекетімізге 140 миллиард теңгеден астам шығын келтірген деген болжам бар.
Ашық ақпарат көздерінде бұл компаниялардың нарықтық құны шамамен 500 миллион АҚШ долларын құрағанын хабарлануда.
Алайда, Стати өздерінің шығынын 4 миллиард долларға бағалап, Стокгольм арбитраждық сотына шағым түсіріп, 544 миллион долларды өндіріп алуға қол жеткізген.
Осы шешімнің негізінде жолы болмаған «инвесторлар» бірқатар елдерде Ұлттық банк пен Қазақстан Ұлттық қорына тиесілі жалпы сомасы 22 миллиард АҚШ долларынан астам активтерді, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» АҚ акцияларын бұғаттауға қол жеткізді.
2019 жылы Брюссель соты Ұлттық қордың шамамен 21,5 миллиард доллар активтеріне тыйым салудың күшін жойып, қалған қаражатты бұғаттауды тек ағылшын соттары ғана алып тастай алады деп шешті.
2023 жылы Нидерландының Жоғарғы соты Қашаған жобасының құны 4 миллиард долларға тең акцияларын бұғаттан босатты.
Сондай-ақ, Статидің қазақстандық активтер бар елдерге берген талабы бойынша Англия, Бельгия, Люксембург, Нидерланды және АҚШ соттары маңызды шешім қабылдады.
Алайда, Стокгольм арбитраждық сотының Қазақстанның Статиге 544 миллион доллар төлеуі туралы шешімі жойылған жоқ.
Осы орайда, кейбір БАҚ мәліметінше, Қазақстан бұл сот дауларына Стати талап етіп отырған қаржыдан екі есе көп шығын шығарған.
Сондай-ақ, осы дауларда Қазақстанның мүддесін қорғаған «Bolashak Consulting group» заң компаниясының тиімділігі ғана емес, қаржылық тазалығы да күмән тудырып жатыр. Оның қызметі кейбір мәліметке қарағанда салық төлеушілерімізге жылына 60 млн. долларға түсіп отырған.
Егер Статимен сот дауы 13 жылға созылғанын ескерсек, кейбір ақпараттар бойынша Ескі Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларымен байланысы бар делінетін аталмыш компания құрылтайшыларының қалтасына қаншама жүздеген миллион доллар кеткенін болжауға ғана болады.
Бұл жұмысты реттеп, қаржыландырып, үйлестіруді өзіңіз басқарып отырған ҚР Әділет министрлігі жүзеге асырады. Жақында Әділет министрлігі бұл компанияның қызметінен бас тартты деп хабарланды.
Дегенмен, көңілде кірбің қалып қойды.
Осыған байланысты, «Ақ жол» депутаттық фракциясы келесіні хабарлауды сұрайды:
1) Қазақстан шын мәнінде аталмыш іс бойынша нақты қанша қаржы жұмсады және бұл сома Стати талаптарымен қаншалықты қабысады?
2) Бұл соманың қаншасын "Болашақ" компаниясы алды және олардың артында нақты кім тұр?
3) Бұл компанияның әрекеті мемлекетке келген залал ретінде қарастырыла ма және заңсыз шығарылған активтерді қайтару аясында бұл қаражатты өндіру шарасы қолданыла ма?
4) Бұл іс аясында Қазақстан Республикасының қандай мүлкі әлі де бұғаттаулы күйде және бұл Қазақстанның жеке компаниялары мен ұлттық бизнесінің заңды мүддесіне әсер етпей ме?
5) Сіздің министрлік Қазақстанды, қажет болған жағдайда оның жеке кәсіпорындарын Статидің шағымдарынан қорғауды жалғастыруды көздеп отыр ма және алдағы уақытта мұндай жағдайды болдырмау үшін қандай шара қабылдануда?
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
А.Перуашев
Д.Еспаева
Қ.Иса
Е.Барлыбаев
А.Садықов
Е.Бейсенбаев