Михаил Козачков: САЛЫҚ САЯСАТЫНДАҒЫ МҮДДЕМІЗДІ КІМ ҚОРҒАП ЖҮР?
2024 ж. 27 ақпан
3487
0
Салық - әрбір қазақстандықты алаңдатып отырған мәселе. Бұл тақырыпты көп жазып, жіті қадағалап жүремін.
Былтыр үкімет 3 пайыздық жеңілдетілген салық салудың орнына ШОБ үшін 4 пайыз (жеке тұлғалармен операциялар үшін) және 8 пайыз (заңды тұлғалар үшін) бөлшек сауда салығын енгізді. Оның үстіне, өңірлерге бірінші мөлшерлемені 2-3%-ға дейін өз бетінше төмендетуге рұқсат етілді.
Бірақ, облыстар мен қалалардың барлығы дерлік бастапқыда үнсіз қалғандықтан, бизнеске түсетін салмақ арта түсті. Былтыр жыл бойы осы мәселе бойынша шағын және орта бизнестің мүддесі үшін «Ақ жол» партиясы мемлекеттік органдармен күресіп өткен еді.
Мен ақжолдықтар ел бойынша салық мөлшерлемесін 2 пайызға дейін төмендетуді талап еткен төрт (!) депутаттық сауалды көзім шалды.
Азат Перуашевтің командасы алғашқы мұндай сауалды 2023 жылдың сәуірінде Қаржы министрлігіне жолдаған еді.
Үкімет бұл жұмысты үйлестіруден бас тартып, бөлшек саудаға салынатын салық мөлшері облыстарда белгіленеді деп жауап берді.
Қаржы министрлігі мәселеден қашқасын, маусым айында ақжолдықтар барлық әкімдер менмәслихат төрағаларына сауал жолдады. Оның үстіне олар Мәжіліс мінберінен ғана емес, партияның барлық облыстар мен қалалардағы 200-ге жуық депутаты бар мәслихаттар арқылы да үндеу жасады.
Ал, жазда кей өңірлер бұған құлақ аса бастады – Қызылорда мен Қарағанды облыстарында бөлшек сауда салығын 2 пайызға, Астанада 3 пайызға дейін төмендетті.
Өзге өңірлер әлі де іркіліп тұрғандықтан, қараша айында ақжолдықтар тағы да сауал жолдап, бұл жолы Үкімет басшысының сырттай бақылап отырмай, барлық әкімдерге мәслихаттармен бірге бөлшек сауда салығындағы 2 пайызға дейін төмендетуді қарастыруды тікелей тапсыруын талап етті.
Ал 2024 жылдың қаңтарынан бастап бұл үрдіс ақыры қарқын алды: аймақтар мен қалалар мәслихат сессияларында бірінен соң бірі мәселені көтере бастады. Ақтөбеден, Петропавлдан, Шымкенттен, Рудныйдан, Ерейментаудан жағымды жаңалық ағыла бастады.
Ақпан айына қарай тоғыз өңір "Ақ жол" талабын қолдап шықты.
Қуанып, мақтануымыз керек сияқты боп көрінуі мүмкін. Бірақ ақпанның 21-і күні «Ақ жол» партиясы Парламентте тағы да басқа аймақтарды бизнесті қолдауға шақырып, салық қызметкерлері 4 пайыздық межені төмендетпей ұстап тұрған Алматының үнсіздігін ерекше атап өтті. Күні кеше кәсіпкерлер осыған байланысты әкімдік алдында митинг те өткізген.
Сонымен қатар, «Ақ жол» партиясы шағын бизнес үшін салық режимін неғұрлым либералды патенттік салық салумен толықтыруды ұсынды.
Қазір жалдамалы қызметкері жоқ, айналымы жылына 13 миллион теңгеден аспайтындар ғана патентпен жұмыс істей алады.
Депутат Ерлан Барлыбаевтың есептеуінше, мұндай талапта кәсіпкердің таза табысы елдегі орташа жалақы 260 мың болса да, айына бір адамға шамамен 60 мың теңгені ғана құрайды.
Сондықтан, патент сұранысқа ие емес.
Шағын бизнестің табысы ең болмағанда орташа жалақы деңгейінде болуы үшін (әйтпесе бұл бизнес емес, кәдімгі өмір үшін күрес) ақжолдықтар патенттік режим бойынша 3-4 қызметкерді жұмысқа алуға және жылына 100 миллион теңгеге дейін айналымға рұқсат беруді ұсынды.
Кәсіпкердің өзі қай салық режимінде жұмыс істеу ыңғайлы екенін өзі таңдауы керек: бөлшек салық бойынша немесе патент бойынша. Бөлшек сауда салығынан айырмашылығы (мұнда бухгалтер жалдап, үнемі есеп беру қажет), патент бизнеске қажетті соманы алдын ала төлеуге мүмкіндік береді, содан кейін ешқандай «бақылаушылардың» оны тексеріп, айыппұл салуға құқығы жоқ.
Бұл бастама шенеуніктер тарапынан бұдан да көп қарсылыққа тап болатыны анық. Бірақ экономиканы ырықтандыру бағдарламасын әзірлеу туралы Президенттің тапсырмасы бар екенін ұмытпайық. Кәсіпкерлер партиясының салықтарға қатысты ұстанымы осы бағдарламаға ең қолайлысы және ең болмағанда жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру арқылы нақты бизнес айналымын көлеңкеден шығаруға мүмкіндік береді.
Өйткені, тіпті ең кішкентай дүкенде, шаштаразда немесе СТО-да, әдетте, кәсіпкердің өзі ғана емес, оның отбасы да жұмыс істейді: біреу жұмыс жасайды, біреу тазалыққа жауап береді, біреу кассада тұрады.
Артықшылығы - патент шағын бизнесті шексіз тексеру мен бопсалаудан қорғайды.
Және салықтың өзін қарапайым әрі түсінікті етеді.
Михаил Козачков